Ғылыми таным
Ақыл парасат, сана-сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі — өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын зерттейді. Басқаша айтқанда, таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білім кеңейіп, тереңдей түсіп жүйелі, шынайы білімге айналады. Ендеше, танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп бір қайыруға болады.
Таным — объективті әлемнің құбылыстары мен заңдылықтары туралы білуді мақсат еткен процестер жиынтығы. Таным — гносеологияның, таным теориясының негізгі пәні болып табылады. Ал, шетелдік ғалымдар ғылыми танымды зерттейтін ғылым саласын эпистемология деп атайды.
Соның ішінде, ғылыми таным — бұл шындық туралы шынайы білімді өндіруге, нақты фактілерді жалпылауға негізделген объективті заңдылықтарды ашуға бағытталған таным түрі мен деңгейі. Ол қарапайым білімнен, яғни адамдардың қарапайым өмірімен байланысты қабылдайтын стихиялық білімнен жоғары болады. Ғылыми танымның ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ:
Біріншіден, оның негізгі міндеті — шындықтың, болмыстың объективті заңдылықтарын — табиғи, әлеуметтік және ойлауды ашу, табу және түсіндіру.
Екіншіден, ғылыми танымның тікелей мақсаты және ең жоғарғы құндылығы — объекттивті ақиқат, және осы объекттивті ақиқатқа рационалды амал-тәсілдер мен әдістермен жету.
Үшіншіден, танымның басқа түрлеріне қарағанда ғылыми таным едәуір дәрежеде іс жүзеге, яғни практикада жүзеге асырылуға бағытталған.
Төртіншіден, ғылыми танымда ғылыми терминдерді, символдарды, схемаларды қолданудың дәлдігімен сипатталатын арнайы тілдің болуы.
Бесіншіден, ғылыми таным — бұл күрделі процесс, яғни үнемі дамып отыратын ұғымдар, теориялар, гипотезалар, заңдылықтар жүйесіне ұласатын және оны құрайтын білімді өндіретін күрделі процесі.
Алтыншыдан, ғылыми танымға қатаң дәлелділік, алынған нәтижелердің негізділігі, тұжырымдардың растығы ғана тән болып қоймай, сондай-ақ гипотезалар, болжамдар, тұспалдаудың орын алуы заңды.
Жетіншіден, ғылыми таным арнайы білім құралдарын қажет етеді және соларға жүгінеді: ғылыми жабдықтар, өлшеу құралдары, аспаптар.
Сегізіншіден, ғылыми таным үдерістілігімен сипатталады. Ол өзінің даму процесінде өзара тығыз байланысты екі негізгі кезеңнен өтеді: эмпирикалық және теориялық.
Тоғызыншыдан, ғылыми таным аумағы болмыстың түрлі құбылыстары жайлы тексеруге мүмкін болатын және жүйеленген деректерді қамтиды.
Ғылыми таным формаларына: ғылыми факт, ғылыми проблема, ғылыми гипотеза, дәлелдеу, ғылыми теория, парадигма, әлемнің біртұтас ғылыми картинасы сынды түсініктер жатады.
Танымның субъектісі деп жеке адамдарды, таптар мен әлеуметтік топтарды, кең мағынада алғанда, тұтас тарихи қоғамды, табиғатты, қоғамдық қатынастарды айтуға болады. Сонда–ақ, субъект өз болмысын, өзінің ішкі дүниесін таным объектісі ретінде қарай алады. Басқаша айтқанда, таным объектісі дегеніміз материалдық және рухани дүниенің қоғаммен практикалық және теориялық тұрғыдан қарым–қатынасқа түсетін, нақты тарихи іс-әрекет барысында субъекті игерген бөлігі.
Таным объектілері адамның практикалық қызметімен тығыз байланысты және әрқашан соған тәуелді болады. Таным процесінің негізінде адамның объективті дүниеге тигізетін белсенді әсері жатады. Себебі таным адамның объективті құбылыстарымен байланысына, оларға тигізетін әсеріне және оларды өзгертугіне байланысты дамып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, таным дүниенің белсенді әрі нысаналы бейнеленуі деп қарастыруға болады. Қоғамдық практика таным процесінің қозғаушы күші болып табылады. Ол өмір сүру, іс-әрекет жасау барысында адамдардың алдына үнемі шешуін талап ететін проблемалармен міндеттер қойып отырады.
Таным теориясы адамзаттық философия тарихын, мәдениет пен ғылым тарихын, техника мен практика жетістіктерін философиялық жағынан қорытуының нәтижесі. Сонымен бірге ол қазіргі ғылыми–техникалық революция және жаңаша ойлау жетістіктеріне сәйкес одан әрі тез қарқынмен дамуда.
Ақиқат — танымның негізгі мақсаты. Өйткені таным процесіндегі субъектінің белсенділігіне байланысты қалыптасқан жаңа білім зерттеліп отырған объектіге сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі мүмкін. Осыған орай ғылым мен философияда ақиқат проблемасы алға тартылады.
Ғылыми революция
Ғылыми революция, XVI-XVII ғасырларда болған ғылыми ойдың түбегейлі өзгеруі. Ғылыми революция кезінде нәтижесінде пайда болған табиғатқа деген жаңа көзқарас шамамен 2000 жылға жуық ғылымда үстемдік еткен грек көзқарасын алмастырды. Ғылым философиядан да, техникадан да ерекшеленетін тәуелсіз пәнге айналды және утилитарлық, яғни қолданбалылық мақсаттарға ие болды. Осы кезеңнің аяғында осы уақытқа дейін еуропалық өркениеттің орталығы ретінде танылып келген ғылым христиан дінін алмастырды деп айту артық емес. Қайта өрлеу дәуірі Ренессанс мен реформацияның біте қайнасуынан ғылымға деген жаңа көзқарас пайда болды, бұл жаңа көзқарас келесі өзгерістерді алып келді: абстрактілі пайымдауға қарай таза ақыл-ойды қайта мән беру; табиғатқа сандық көзқарасты сапаға ауыстыру; табиғатқа организм ретінде емес, машина ретінде қарау; нақты бір белгілі теориялар аясында тұжырымдалған кейбір шектеулі сұрақтарға белгілі бір жауап алуға мүмкіндік беретін эксперименталды ғылыми әдісті дамыту сынды көзқарастар алға шықты.
Ғылыми революциядан туындаған ақпараттың өсіп келе жатқан ағымы ескі институттар мен тәжірибелерге үлкен ауыртпалық әкелді. Енді ғылыми нәтижелерді аз адамдар ғана сатып ала алатын қымбат кітапқа жариялау жеткіліксіз болды; ақпарат кең және тез таралуға мұқтаж боды. Нақты ғылымдар (натур) философтар өздерінің мәліметтеріне сенімді болуы керек еді, сондықтан олар өздерінің ашып жатқан дүниелеріне тәуелсіз және сыни растауды талап етті. Осы мақсаттарға жету үшін жаңа құралдар жасалды. Италияда XVII ғасырдың басында басталып, ғылыми революцияның зенитін белгілейтін екі ұлы ұлттық ғылыми қоғаммен аяқталған ғылыми қоғамдар пайда болды: 1662 жылы корольдік Хартия құрған Лондон Корольдік нақты білімді жетілдіру қоғамы және 1666 жылы құрылған Париж ғылым академиясы. Осы тектес және әлемдегі басқа ұқсас қоғамдарда натур философтар жаңа ашылулар мен ескі теорияларды зерттеу, талқылау және сынға алу үшін жиналуға мүмкіндік алды. Осы пікірталастардың берік негізін қамтамасыз ету үшін қоғамдар ғылыми мақалалар жариялай бастады. Жекелеген жаргондар мен түсініксіз тілде немесе тіпті анаграммалар арқылы жаңа жаңалықтарды жасырудың ескі тәжірибесі біртіндеп жалпыға түсінікті идеалға жол ашты. Тәжірибелер мен ашылуларды басқа да ғалымдардың, зерттеушілердің қайталауға, қайта қарауға мүмкін болатындай үшін есеп берудің жаңа канондары жасалды. Бұл тілдің жаңа дәлдігін және эксперименттік немесе бақылау әдістерімен бөлісуге дайын болуды талап етті. Басқалардың нәтижелерді қайталай алмауы түпнұсқа есептер мен баяндамаларға деген үлкен күмән тудырды. Осылайша табиғат құпияларына оны жаппай тану, игеру үшін құралдар жасала басталды.
Сонымен, ғылыми революция абстрактілі ойлауға, сандық ойлауға, табиғаттың қалай жұмыс істейтінін түсінуге, табиғатқа машина ретінде қарауға және эксперименттік ғылыми әдісті дамытуға баса назар аударумен сипатталды.
1-курс магистранты
Базылханова Айгүл
Профессор, доцент
Жанатаев Данат Жанатайұлы