Ғылыми этиканың мәселелері

   Біздің заманымызда ғылым өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Күн сайын ғылымның әр саласынан әртүрлі технологиялар мен жаңа құралдар, күнделікті тұрмысқа керекті заттар шығарылуда. Ғылымның ашып жатқан жаңалықтары адамдардың өмірін жеңілдетуге арналған неше түрлі нысандарды ойлап табуда. Ғылымның дамуы адамзаттың өмірі мен тіршілігінің өзгеруіне өте қатты әсер етті деп айтсақ, қателеспейміз.

   Алайда, ғылыми жаңалықтардың барлығы дерлік адамның өміріне пайдалы ма? Ғылым дамыған сайын адамның жұмыс істеу құлшынысы төмендеп, еріншектікке алып келе жатқан жоқ па? Ғалымдар ғылыми жаңалықтарды ашқанда қандай этика нормаларын сақтаулары керек?

   Этика  адамгершіліктің әртүрлі қоғамдық құбылыстардағы сан алуан түрі мен нормалары туралы ілімдер жүйесі екендігі мәлім. Ал ғылым этикасы дегеніміз - кәсіби этиканың бөлімдерінің бірі. Оның міндеті - ғылыми қызметтің адамгершілік принциптерін дамыту.

   Бүгінде «ғылыми этика» ұғымы екі аспектіні қамтиды: сыртқы және ішкі. Сыртқы аспект ғалымдардың қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты, қоғам мен ғылым арасындағы қарым-қатынасты анықтайды. Ал ішкі аспект ғылыми әлемдегі ішкі қарым-қатынасты реттейді. Ғылымның ішкі этикалық мәселелері өте әртүрлі. Оларға мыналар жатады:

·                  Оқыту;

·                  Консалтинг, ғылыми көмек;

·                  Жетістіктер мен жаңалықтарды танымал ету;

·                  Сараптама және шолу;

·                  Плагиат және авторлық құқық туралы сұрақтарды шешу;

·                  Ғылыми қызметтің мониторингі;

·                  Теріс нәтижелерді талдау, оларды жариялау бойынша сұрақтарды шешу.

   Ғалым ғылыми зерттеулермен табысты айналысу үшін ғылыми этика қағидаларын сақтауы тиіс. Ғылымда идеал ретінде ақиқат алдында барлық зерттеушілер, егер сөз ғылыми дәлелдер туралы болса, ешқандай бұрынғы еңбегі назарға алынбайды деген қағида жарияланған. Зерттеу нәтижелерін баяндаудағы ғылыми адалдықтың талабы ғылыми этиканың маңызды принципі болып табылады. Ғалым қателесуі мүмкін, бірақ нәтижелерді жоюға құқығы жоқ, ол жасалған жаңалықты қайталай алады, бірақ плагиатпен айналысуға құқығы жоқ. Сілтемелер ғылыми монографиялар мен мақалаларды рәсімдеудің міндетті шарты ретінде қандай да бір идеялар мен ғылыми мәтіндердің авторын тіркеуге және ғылымда белгілі және жаңа нәтижелердің нақты селекциясын қамтамасыз етуге арналған.

   Ғылыми этика - бұл тек әкімшілік ережелер ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметте ғалымдар ұстанатын және ғылымның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін моральдық принциптердің жиынтығы.

   Ғалымның қоғамдағы рөлі өте маңызды екені сөзсіз. Ғылыми зерттеулермен айналысатын барлық адамдар өз қызметінің нәтижелері үшін, өздерінің адамгершілік қасиеттері үшін моральдық және әлеуметтік жауапкершілікті көтеруге міндетті. Ғылыми қызмет конъюнктураға ұшырамаған болуы керек.

   Ғылыми этиканың нормалары бойынша, барлық нәтижелердің дәлелдері өте адал, тексерілген, жасандылыққа және басқа да алдау әдістеріне жол берілмеген болуы керек. Ғалым өзінің ішкі сезімдері мен эмоцияларына ерік бермей, тек фактілермен жұмыс жасауға ұмтылғаны дұрыс.

   Қорытындылай келсек, ғылым этикасы қандай да бір жолмен іздеу бостандығын шектемейді. Ғылымда зерттеуге тыйым салынған жерлер жоқ. Дегенмен, ғалымдар адамзаттың өміріне жауапты болғандықтан, өздерінің жаңалықтарының нақтылығын, дәлдігін бақылап, оларды қолдану үшін жауапты болуы керек.

Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің филология факультетінің

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының

1-курс магистранты Дәулетбекова Балнұр

 



Бөлісу: