Ғылым тарихы және Томас Кун
блог
ҒЫЛЫМ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ТОМАС КУН
Ғылым өзінің даму тарихындағы көптеген ірі-ірі кезеңдерді басынан өткерді. Осы уақытқа дейін болған тарихи оқиғалар, небір ашылулар ғылымның қалыптасып, дамуына зор ықпал жасады. Әр түрлі бағыттар мен оның өкілдері ғылым тарихы мен философиясына қатысты анықтамалар беріп, өзекті мәселелерді қамтуға жол ашты. Ғылым тарихы мен философиясының кезеңдерін анықтау барысында көптеген ғалымдар неше түрлі ұстанымдарын ұсынып, сол бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ғылымның дамуы туралы көзқарастар да әр қилы жіктемелерге бөлінеді. Солардың ішінде ең көп негізге алынатын экстерналистік және интерналистік қағидалар. Аталған екі қағида ғылым дамуының негізгі қозғаушы күштерін анықтауға тырысты. Экстерналистік көзқарас бойынша ғылым сыртқы факторлар арқылы дамып, қоғамның ең алдымен материалдық-техникалық өндіріс қажеттерін, экономикалық және әлеуметтік өмір мұқтаждарын өтеу деп түсіндірілді. Ал интерналистік түсінігі керісінше дамудың ең негізгі қозғаушы күші ішкі заңдылықтарға негізделеді деген қағиданы ұстанды. Яғни, ғылым өзінің ішкі қажеттіліктері мен проблемаларын зерттеу кезінде дами түседі. Осы көзқарастар жөнінде К.Поппер, Т.Кун, П.Фейерабенд секілді ғалымдар өздерінің көзқарастарын ұсынып, еңбектер жарыққа шығарды.
Ғылым дамуының негізгі бағыттары, тәсілдері туралы арнайы ғылыми еңбек жазып, жан-жақты қарастырған тұлға – Томас Кун. Томас Кун американ тарихшысы және философы. Оның «Ғылыми революцияларының құрылымы» деп аталатын еңбегі ғылым тарихында ең көп негізге алынатын еңбек ретінде бағаланды. Сондай-ақ, оны көбінесе ХХ ғасырдағы ғылым тарихындағы ең ықпалды философтардың бірі ретінде қарастырады.
Томас Кунның «Ғылыми революциялар құрылымы» атты еңбегі он үш бөлімнен тұрады. Кітапта көрсетілген бөлімдердің атауын көрсете кететін болсақ:
І. Кіріспе. Тарихтың рөлі
II. Қалыпты ғылымға қарай
III. Қалыпты ғылымның табиғаты
IV. Қалыпты ғылым басқатырғыштар шешімі ретінде.
V. Парадигмалардың басымдығы
VІ. Аномалия және ғылыми жаңалықтардың пайда болуы
VІІ. Дағдарыс және жаңа ғылыми теориялардың пайда болуы
VIII. Дағдарысқа қарсы әрекет
IX. Ғылыми революцияның табиғаты мен қажеттілігі
X. Революция дүниетанымның өзгеруі ретінде
XI. Революциялардың айырмашылығы
XII. Революциялардың шешімі
XIII. Революциялар әкелетін прогресс
Көрсетілген әр бөлімде автор ғылымның дамуына ерекше әсер ететін бірнеше факторларды жүйелеп, олардың бір-бірінен айыруға мүмкіндік беретін ерекшеліктерін ашуға ұмтылады. Кіріспе бөлімнен бастап соңғы тарауға дейін ғылымның даму жолын, басшылыққа алу қажет қағидалар талданып, көпшілікке ұсынылады.
Аталған зерттеу жұмысында Т.Кун ғылым дамуының жаңа моделін ұсынып, оның ішінде ең алдымен қалыпты ғылымды атап көрсеткен.
Кун моделінің негізгі элементтері төрт ұғымнан құралады:
1. «ғылыми парадигма»
2. «ғылыми қауымдастық»
3. «қалыпты ғылым»
4. «ғылыми революция».
Жүйені құрайтын осы ұғымдардың өзара байланысы ғылымның жұмыс істеуі мен дамуының Кун моделінің негізін құрайды.
Бұл еңбекте «Қалыпты ғылым» мен «ғылыми революцияға» бір-біріне қарама-қарсы қойылады. «Қалыпты ғылым» дегеніміз - бір парадигма шеңберіндегі ғылыми білімнің өсуі. Парадигма, Кун моделінің орталық тұжырымдамасы заңдылықтарды, мәселелерді қою мен шешуді әдеттегі ғылым шеңберінде белгілейді. Ғылыми революция - бұл парадигманың ауысуы және сәйкесінше бір «қалыпты ғылымнан» екіншісіне ауысу болып табылады. Бұл ауысу «парадигма - қауымдастық» ұғымдарының жұбын қолдану арқылы сипатталады, мұнда «парадигма» ұғымының екінші жағы - белгілі ғылыми қоғамдастық біріктіретін белгілі бір мазмұн орталығы ретінде көрсетілген.
Кунның пікірінше, қалыпты ғылым шеңберіндегі ғалымдар «өрісті кеңейту және парадигманы қолдану дәлдігін арттыру» және «күтпеген жаңалықтарды іздеумен айналыспайды». Сол қалыптасқан шеңберде ғана жұмыстар жүргізіліп, жоғары нәтижеге жету ықтималдығы төмен ретінде көрсетіледі.
Кез-келген ғылымның тарихын қарастыру кезінде Т.Кун фазаларды немесе қалыптасқан кезеңдерді анықтайды. Олар:
· парадигмаға дейінгі
· қалыпты ғылым
· ғылыми революция.
Парадигмаға дейінгі кезеңге біз көптеген қарама-қайшы мектептерді және олардың көпшілігі сол немесе басқа теорияны ұстанған мектептерді жатқызуымызға болады. Ғылымның тарихына, ондағы орын алған кезеңдерге мән беріп қарайтын болсақ, осындай пікір қарама-қайшылығы жиі орын алған мектептер мен солардың негізін салушы тұлғалар өте көп. Табиғаттың болмысын зерттеу үшінде бір мектеп бір әдісті негіз етіп алса, екінші бір тобы оған қарама-қарсы бөлек тәсілді игеруге тырысады. Дегенмен осындай текетірес кезінде болмыстың, ғылымның мәнін жан-жағынан қарастырып, жүйелі түрде зерттеуге мүмкіндік ала аламыз.
Белгілі бір парадигма бойынша жұмыс жүзеге асқан кезде, небір жаңа ізденістер пайда болады. Осыдан бастап қалыпты кезең революциялық кезеңге өтіп, өзгеріске ұшырайды. Т.Кунның аталған кітабында қалыпты ғылым шеңберінде зерттеу жүргізіп отырған ғалымдар бұрыңғы қалыптасқан парадигманы, әдісті сол күйінде басшылыққа алып, дәстүрлі форматта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ал революция кезінде сол уақытқа дейінгі қалыптасқан пікірлер, орын алған әдістер басшылыққа алынбай, жаңаша көзқарас, жаңаша әдіс бойынша жұмыс жүреді. Негізі кез-келген ғылым саласы өзінің даму сатысында бұрыннан қалыптасқан ережелер мен қағидаларды басшылыққа алғаны дұрыс деп ойлаймыз. Себебі сол парадигманы зерттеу кезінде жаңа әдістерді пайдаланып, түрлендіріп, жаңаша сипат беру арқылы аяғына жеткіземіз. Сол себепті де қалыпты ғылым мен революцияны бір-біріне қарама-қайшылықта емес, тығыз қарым-қатынас үстінде қарастыру қажет.
Қорыта келетін болсақ, Т.Кун теориялары ғылыми дамудың негізін, ондағы салалардың бір-бірімен қарама-қайшылығын анықтауға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін ғылым саласы эволюциялық және революциялық жолмен бірнеше даму сатысын басынан өткерді. Соның арқасында қалыптасқан әр түрлі теориялар мен гипотезалар ғылым тарихын, мәнін жете түсініп білуімізге жол ашты. Сол себепті Томас Кунның «ғылыми революциялар құрылымы» еңбегі ғылым философиясын, ондағы ерекшеліктерді түсініп, білуімізге зор ықпал жасайды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Тұрғынбаев Ә.Х., Кенжебаев С.Ж., Есімханов Т. Ғылым тарихы мен философиясы: - Алматы: «Білім» баспасы, 2006. 288 бет
2. http://www.psylib.ukrweb.net/books/kunts01/index.htm
Мағазбеков Нұр
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1 курс магистранты
Жанатаев Данат
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры