ГҮЛНАЗҒА ХАТ

ГҮЛНАЗҒА ХАТ
жеке
блог
Алыстап кетті қашық жол мынау, 
Жылытар едім жейдемді беріп. 
Ес кетіп күнім ғашық болдым ау, 
Желіде түскен бейнеңді көріп. 
 
Балқиды бойым жадымда қалған, 
Әуендей әсем үніңе сенің. 
Көре алмай күнді жанымнан қалқам, 
Ғайып болуда күніге сенім. 
 
Сырымды іштей қорғап тым берік, 
Күтемін кейде асыға күнді. 
Жүрегіңе дәл жол тапқым келіп, 
Жазамын саған осы хатымды. 
 
Қоңырау соқсам жауап бермейсің, 
Ұмытам деме бәрін жаз шыға.
Хат жазсам кейде "аулақ бол" дейсің, 
Күнім-ау өзі, хәлің жақсы ма? 
 
Көңілсіз әуен таңдап отырып, 
Тыңдаймын дағы күрсінем әнге. 
Келер деп күтіп, таңыңды атырып, 
Сағынып қалқам, жүрсің бе әлде? 
 
Сезімді бұрын жаным ұқпапты, 
Сырымды ішке түйіп көрмеппін. 
Өзгені бұлай сағынып қатты, 
Сені сүйгендей сүйіп көрмеппін. 
 
Жымисаң қарап, таң күліп еді, 
Білмеймін құшақ жая ма бөтен? 
Сезімім шіркін мәңгілік еді, 
Мүмкіндік берші, аялап өтем. 
 
Дулат Әбдікәрім 15.12.2014