Бір жұлдыз ағып түскенше.
Біз саябаққа келгенде күннің беті қызарып,көктің батыс бөлігіне барынша еңкейіп,амалының жоқтығынан тəкаппар дүниені қатаңғылыққа аманаттап батып барады екен.Баяу соққан самал жел қаусаған жапырақтарды арылы-бері қара жерге домалатып,қоңыр күзді қошқыл күйге бөлеп тұр.Жапырақтарынан айрылған ағаш біткен сай сүйегі сырқыраған жетімектей,күздің сұмырай желінің ықпалынан сыбдыр-сыбдыр етеді.Сары бояуын жер əлемге шашып жатқан күздің осы бір көрінісі қанша суық десеңде,көзге əдемі болып көрінетін құбылыс.Біздер үлкен қайыңның түбіндегі орындықтардың біріне жайғаса бергенімізде шығыстан соққан сүмелек жел құйындатып,жер əлемді шаң қылып жіберді.-Япыр-ай,мына желдің екпінін-ай,-дедім.Жаныма еріп келген бойжеткен нəзік қолдарымен мүбəрəк жүзін жауып жатып:
-Көзіңізді абайлаңыз ағажан,мұндайда көзіңізге кірген шаң-тозаң аямасы анық,-деді.
Күлімдедім.Сəлден соң əлгі құйынды желмен жапырақтардың қойған спектакльі аяқталды.Айнала жым-жырт күйге енді.Мұнан соң жүзімді бойжеткенге бұрып:
-Гүлнəз,-дедім.Менің дауысымды ести сала:
-Ау,ағажан,-деді.
-Оны ұмыта алдың ба?
-.........(мұңды жүзін сұрланып,көзін төмендете берді)
-Мақұл.Қазбаламай қояйын.Ол əңгімеден гөрі арамыздағы тыныштық тартымдырақ шығар.Сүйкімсіз əңгіменің əуресіне түспей қоялық,-деп барып тоқтап қалдым.Ортамызда орнаған тыныштық атаулының ғұмыры ұзақ болмады.Гүлнəз иығыма басын төсеп жатып:
-Ағажан,-деді.
-О не?
-Мен оны ұмыта алмайтын сияқтымын.Мейлі,ол өзгенің сүйіктісі болсын,мейлі,ол өзгенің жары болсын.Мен оны тоқтамай сүйе бермекпін.
Ашуым келді.Осындай арудың риясыз сезіміне жауап болмағанына іштей налыдым.Жаным да ашып кетті.Тағдырдың қыз сезіміне жасаған үлкен қастандығы!Неткен əділетсіздік!
-Неге күрсіністер ішіне түсіп кете бересің,Гүлнəз?
-Қайтейін ағажан!Қыз сорлының тағдыры осы ғой.Жүрегі қанша əмір берсе де,сезімі табалдырық аттамай жатып сүрінеді.Қу жүректің ерлігі кімге керек?!Бірақ,осы бір сəтсіз сезімненде тəтті елес іздеп əуремін.
-Бұл күндеріңде ұмыт болады,Гүлнəз.
-Ағажан,аспанның асты тарылып кетсе де мен сүйе бермекпін.Жүрегімді махаббаты тербемеседе,аман сау жүргені сəл болсын жұбаныш.
-Қарындасым-ау,махаббаттың бал шəрбəтіна ессіз құлап кеткеніңді енді аңғарып отырмын.
Басын иығымнан алып жатып:
-Ағажаным-ау,мынау батқан күнменен бар қайғым батып кеткендей.Бір жеңілдеп қалдым.Сізге үлкен алғыс!Ішімдегі мұңым ақтарылып түскендей.Кеш болып кетті ағажан.Үйдегілер іздеп қалған болар.Мен қайтайын.
Орнымнан тұра бергенімде:
-Жо-жоқ ағажан,сіз отыра беріңіз.Үйім міне тұр ғой.Қазір біздерді көріп қате түсініп қалмасын.
Ал,ендеше сау болыңыз.
-Сау бол,Гүлнəз.
Гүлнəз теріс бұрылды да жүріп кетті.Алакеуім уақытта қорқып қалмасын деп артына ұзақ қарадым.Ол алыстаған сайын менің оған деген сезімім молая түсті.Қабырғасы сөгілген қайран махаббатым.Алғаш кездескенде-ақ "ағажан"деуің жүректі дір еткізіп еді.Содан бері бақандай үш ай өтіпті.Ал,мен əлі де сорлы сезімімді түншықтырып келемін.Өзің жайлы ойларымның өртіне күйіп жансам да,шыдас беруге уəде еткенмін.Санамда саған деген сағынышым сарғайып тұр.Осы бір жүректің қалауына жол ашпаған неткен қатыгезбін жəне əлсізбін.Көктен гүл жұлып,көмейіңе көмілген сезімдерімді ақтарсам сені жоғалтып алатын секілдімін.Мұнанша осылай "Ағажаның" болып жүргенім үлкен бақыт шығар.Сені ұмытуға тура келеді.Бірақ сағынбасқа шарам жоқ.Өмір деген осы да.Жауапсыз махаббат деген осы.Мүмкін..