Гүлжанның ізімен...

Жақында оқытушымыз Төлен Әбдіктің «Оң қолын» оқыңдар деп тапсырма  берген еді. Тәп-тәуір дүние,оқығанда терең ойға батасың.Авторға алғысым шексіз.Бәлкім, бұрын да бұл кітапты  оқыған боларсыз. Бірақ,сонда да түртіп қойған жерлерімді сіздермен бөліскім келді.

 ...Олардың ешкімге ешқандай зияны жоқ. Егер дүниедегі бар зиянкестікті тексерер болсақ, солардың  бәрін  жындылар емес, сау адамдар жасаған ғой.

***

... Біз тәні ауыратындарға  аяушылық білдіріп,  оларды жақсы көре  түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде кө­кейі­мізде әйтеуір өзіміздің аман екенімізге шүкіршілік  білді­ре­тін  қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз - ақыл-естен айы­рыл­ғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз.

***

... Қорқынышты дейсіз бе? Қорқыныш деген не тәйірі. Жақсы көру жетіспейді. Жақсы көру арқылы бәрін жеңуге болады.

***

Дүниедегі ең қиын зат жалғыздық қой. Төңірегіңде іштегі қайғың мен қуанышыңды өзіңмен бөлісе алатын жан серік адамдар барда тірліктің де, өлімнің де  бір мағынасы болуы хақ. Бұдан рас, өлімнің салмағы жеңілдеп кетпейді. Өлім қашан да қорқынышты. Бірақ сенің  өлімнен қашып, тіршілікке ынтығуыңның өзі сол тіршіліктің мағынасы барын  дәлелдейді. Ал жер бетінде бүкіл тіршілік атаулы 
жойылып, әлемде жалғыз қалған бір сәтіңді елестетіп көрші. Мұндайда өлім  қорқынышты емес, керісінше, тірлігің  қорқынышты болмақ.

***

... Кеменің діңгегі қирап, рулі сынған, желкені жыртылған. Көкжиекке батып бара жатқан күнмен бірге кеме де теңізге батып барады. Жұрттың бәрі жанталасып, өлім дұғасын оқуда. Әркім өзінің жақын  көретін  адамдарымен құшақтасып, қоштасып жатыр. Тек бір адам ғана өлімнен қорқуды да, қашуды да ойламайды. Ол тек: "Шіркін, осындай өлер сәтте құшақтасып қоштасатын адамның болғаны қандай бақыт", - дейді ішінен  күбірлеп. (Алма өзімен бірге менің де таңқалғанымды тілеп, бетіме қарады.) Қараңызшы, өлім аузында тұрған ең бақытсыз жандар да енді біреу үшін соншалық бақытты болып көрінеді. Өйткені олардың өлер сәтте қоштасатын жақындары бар. Сіз мені түсініп тұрсыз ба?..

 

Айтып беруге келмейтін, ең бір құпия, беймәлім әсер - сұлулық әсері. Біз өзіміздің бүкіл моралімізді адамның тән сұлулығынан жан сұлулығын жоғары қоюға негіздесек те, өмірде сол тән сұлулығымен бетпе-бет келіп қалған кезде өзіміздің әлгі қағидамызды қалай бұзып кеткенімізді білмей қаламыз. Өз еркімізбен ақылы аз болса да сұлу әйелдерге үйленуге дайынбыз, бірақ ақылға бай, көріксіз әйелдерге жолағымыз келмейді. Санамызды жабайы инстинкт секілді бір әуей күш жеңіп кетеді. Біз ең осал жерінен қолға түсіп, тырп ете алмай қалған аңға ұқсаймыз. Ендеше сұлулықтың әлі де зерттелмеген немесе біле тұрып, айтқымыз келмейтін бір сырлары болуы мүмкін...

***

Маған мынау өзім күнде көріп, көзқашты болған күнделікті тіршілік  аяқ астынан өзгеріп кеткен секілді немесе осы тіршілікке өзім тұңғыш тап болып тұрған тәріздімін. Бірақ мен өмірге мән беретін, сән беретін біздің  өзіміздің  жеке бақытымыз екенін,  бізге  сырттан  ешқандай сәуле  келмейтінін, тіршілікке, маңайға сәуле төгіп, жылу шашатын адамдардың  өздері екенін кейінірек түсіндім. Өзімнің  ішкі жан-дүнием әдемі сәулелер шығара бастап еді, мені қоршаған бүкіл қауым, орта, тіршілік құлпырып сала берді.

***

Меңгерушіге әсер ету үшін, осы сөзді айтуын айтсам да, бойымның әлденеге дір ете қалғанын, әлгі сөзді бекер айтқанымды түсіндім. Кейде адам тағдырына кездейсоқ, қапияда санаңнан тыс   айтылған сөздердің  әміршілік ететіні бар ғой.

***

Өмірдегі сәттілік өте сирек нәрсе. Ол жұрттың бәріне бірдей жете бермейді. Бірақ ең үлкен жалғыз сәттіліктен кейін, қалған сәтсіздіктің бәріне де төзуге болады. Қиыншылықты жеңудің ең бір үлкен құралы - төзім. Төзе білсең, барлық азап атаулының  жүзі мұқалып, майырылып, өтпей қалады. Мәселен, біреу мойныңа 10 кг тас байлап  қойса, 20 кг тас байланбағанына шүкіршілік қылып, жаңағы күйіңді бақытты халге айналдырып жіберуге болар ма еді. Әрине, болады. Сондықтан қазір  қандай  ауыр жағдайдан да әлгі жолмен құтылып кетуге болады. Ол үшін  тек тіршілік керек. Тірлік керек...

 



Бөлісу: