Гүлжан Исановамен шағын сұхбат :)
блог
Санаулы күндерден соң көптен күткен маңызды дода- Дзюдодан Әлем чемпионаты басталады. Қазірден тақым қысып, күн санаумен жүргенімді жасырмаймын. Сол себепті, Әлем чемпионатына +78кг салмақта ел намысын қорғайтын , Дзюдо және Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионы, дзюдошымыз Гүлжан Исановамен аз-маз әңгімелестім.
-Гүлжан апай, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!
- Рақмет!
-Біз сізді Азия чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы ретінде жақсы танимыз. Және әр жарысты жібермей көріп отыруға тырысамыз. Жалпы, татамиге шыққанда қобалжу жиі бола ма, әлде психологиялық жағынан жақсы дайындаласыз ба? Жалпы, қобалжуды қалай жеңесіз? Көп спортшылар осы жағынан ақсап қап жатады ғой.
- Қобалжу деген жалпы кез келген спортшыда болады, енді мен өз басым сондай қатты қобалжимын деп айта алмаймын. Дегенмен, осы спорт түрімен қанша жыл болды ғой айналысқаныма. Жалпы, қобалжу дегенді өз ойым қалыпты жағдай деп ойлаймын.
- Әлем чемпионатына дайындығыңыз қалай?
- Жақында ғана Щучинскта оқыту жаттығуында болдық, дайындығымыз жақсы өтті. Жалпы, Әлем чемпионатына 1 жыл көлемінде қаншама жарыстар, қаншама жаттығулар болды ғой. Осының бәрі біздің дайындығымыз. Қалғанын татамиде көреміз.
-Испанияда және Бурабайда өткен оқу-жаттығу жиындарында неге көбірек басымдық бердіңіздер? Қай жағынан көбірек дайындалдыңыздар?
-Испанияда өткен жаттығуымыз, халықаралық лагерь деп аталады, яғни ол жаққа шет елден көптеген спортшылар болды. Ол жақта көбінесе біз өз қарсыластарымызбен күрестік. Бурабайда өткен оқу жаттығуында жан-жақты өтті, күрестегі техника, тактика, физикалық жағынан да дайындалдық. Жан-жақты өтті деп ойлаймын.
- Осы Әлемдік додада немесе жалпы жарыстарда жүрген дзюдошылар туралы пікіріңіз қандай, және осыған дейін қарсылас болып келген басқа мемлекеттің спортшыларынан басты қарсылас ретінде қай елдің дзюдоистерін атар едіңіз?
-Жалпы әлемдік додада жүрген дзюдошылар туралы пікірім, осындай үлкен додаға қатысып жүргендіктен осал қарсылас жоқ деп ойлаймын. Дзюдо күресі өте дамып кеткен спорт түріне жатады ғой әлем бойынша. Кез келген мемлекеттің спортшылары мықты деп айтамын. Осындай үлкен жарысқа қатысатын спортшылар олар жәй келмейді, қаншама еңбекпен келеді. Дзюдо күресі жалпы «Непредсказуемая» дейді ғой. Сен кез келген мықтыны алып тастай аласың, немесе енді келген жас спортшыдан ұтылып қала аласың.
Өз салмағымдағы басты қарсыластарым Жапон, Қытай, Француз мемлекетінің спортшыларын айта аламын.
-Өзіңізден кейінгі орта буын, жастардан кімдерді айтасыз, ізбасарларыңыздан жарыстарда топ жарып жүргендерден кімдер бар? Шәкірттеріңіз десек те болатын шығар.
-Жалпы, мен өз басымды алсам шәкірттерім жоқ. Өйткені, мен өзім әлі күресіп жүрмін. Жас қыздар өсіп келе жатыр. Менің салмақ дәрежемде Жастар арасында Азия чемпионы Камила деген жас спортшы өсіп келеді. Мен оны ертең ересектер арасында да жақсы өнер көрсететін шығар ойлаймын, деп.
-Гүлжан апай, сөз соңында өзіңіздің жанкүйерлеріңізге, дзюдофандарға айтар лебізіңіз болса?
-Бұл өмірде ең басты еліміз аман, жеріміз тыныш болсын. Бізді қолдайтын бірінші Алла, кейін халқым ғой. Әрқашан да біздің тілеуімізді тілеп отыратын жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз. Рахмет сіздерге. Сіздердің үміттеріңізді ақтаймыз деген сенімдемін.
Үлкен рақмет. Байрақты бәсекелерде жеңісті күндеріңіз көп болсын! Ақ жол тілейміз!