Қайырлы күн, Массагет оқырмандары!
Бөлме гүлін өсіру - бір ғанибет! Бірден көтеріңкі көңіл - күй сонымен қоса жайдары мінез сыйлайды. Оның үстіне бөлме гүлдерінің үйге жылулық сыйлайтын қасиеті де жоқ емес. Естеріңізде болса, тамырын отырғызған да әлі кішкентай еді.
Енді міне, Айзере гүлімнің қалай өсіп жатқанына назар аударыңыздар!
Қандай керемет десеңізші!
Қандай гүл деп таңырқап, қарап отырған шыгарсыздар, сірә?! Ендеше, өсірген гүлім жайлы қысқаша мәлімет бере кетейін. Ол- тропикалық аймақта өсетін бұл гүл аса талғампаз, әрі күтімді қажет етеді. Гүлдің жақсы өсуі үшін жарық, ылғалды ауа және бөлме температурасы бірқалыпты, яғни жылы болу керек. Гүл солтүстік немесе күншығыс беткейге қараған терезенің алдына қойылады. Спатифиллумді тікелей күн көзінің түсуінен сақтау қажет. Әйтпесе, жапырақтары сарғайып, солып қалады. Көктем, жаз айларында мол суғаруды қажет етеді. Судың 12 сағат тұндырылған және бөлме температурасымен бірдей болғаны ләзім. Сондай-ақ, гүлді жылы сумен бүркіп тұруға да рұқсат етіледі. Дегенмен, бүршік жарып тұрса, оған су тимес үшін шүберекпен жауып қойған жөн.
Күнде таңертең гүлдермен амандасып, оған су құйғанда, әрқайсысымен сөйлесіп, күндеріне сәттілік тілеймін. Гүл өсірумен айналысқаныма көп болмаса да, содан бері, сырлас серігіме айналған гүлдерім көп. Гүлдің жаманы болмайды, тек оны жақсы қарап, баптаса болғаны. Мысалы, фиалка, фикус, драцена, мильтониопсис, петуния, пеларгония, т.б сол сияқты гүлдердің бірнеше түрі болады. Олардың атаулары бір болғанымен, ашатын гүлдері мен жапырақтарында өзінше ерекшеліктері байқалып тұрады.
Сіздер де, гүл өсіріп, сырлас дос табыңыздар. Кез-келген үйге кіргенде жұпар исі аңқыған гүлдер жайқалып тұрса, қандай керемет!