Раушан гүлінің әрбір түсі терең мағынаны білдіретінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Олай болса, көктемнің шуақты күндері жақындаған сәтте серілерге кеңес бере кетейік: Ақ раушандар – әдеміліктің, тазалықтың белгісі. Сүйгеніне ақ раушан сыйлау –оның әлемдегі ең сұлу жан екенін білдірудің, пейілінің ақтығын сездірудің және сезімінің тазалығы мен адалдығын ұғындырудың амалы. Көбіне ақ раушандарды үйлену тойында сыйлап жатады. Қызыл раушан –раушандардың ханшайымы әрі ең танымалы болып табылады. Ол жалындаған махаббат пен құштарлықты танытады. Қызыл раушандардың сан түрлі мағынасы бар. Ол романтикалық қарым-қатынасты, батыл әрекеттер мен ерекше тосын дүниелерді құптаушыларға таптырмас сыйлық. Раушандардың алқызыл түсі –мәдениеттілік пен ұяңдықты ұғындырады. Алқызыл түсті раушандар алғыстың немесе ризашылықтың белгісі. Кейде осындай раушанды сыйлаушы адамның әуесқой екендігінде білдіреді. Сары раушандар –қамқорлық пен бауырмалдықтың ұғымы. Негізінен сары түс күш-қуат пен еркіндіктің белгісі. Раушандардың бұл түрін құттықтаулар мен белгілі бір жетістікке жеткен адамдардың құрметіне сыйлайды. Және сары раушан сыйлаудың тағы бір мағынасы –өткенді ұмытып, бәрін жаңадан бастау деген сөз. Жасыл раушан –молшылықтың, байлықтың символы. Жасыл раушан сыйлаушы адамдар өмірге құштар жандар және бәріне оң көзбен қарап, алдағы күннен тек жақсылық күтушілер. Бұл түс махаббатты,сезімді білдірмегенімен, аздаған қызғаныштың бар екендігін көрсетеді. Қара түсті раушандар –қайғылы жағдайды білдіреді. Әрине қараның аты қара, бірақ кейде қара түсті раушан сыйлаушы адамның сол гүлді сыйлаған адамға байланып қалғандығының дәлелі болып табылады. Раушандардың көк түсі –жұмбақ сезімді білдіреді. Және көк түсті раушан- гүл сыйлаушы адамның ерекше тұлға екендігінің дәлелі.Тағы бір айта кететін жайт, гүлдердің тек түсі ғана емес, олардың әртүрлі формалары да ерекше мағыналарды білдіреді. Мысалы, әлі толық ашылмаған гүлдер –алғашқы пәк махабаттың куәсі, қызыл,алқызыл түсті жайқалған гүлдер –сұлулық пен жастықтың белгісі.
Есте сақтаңыздар! Бір тамырмен жалғасқан немесе бір лентаға байланған екі ерекше раушан –кездесуге шақыруды немесе тұрмыс шығуға деген ұсынысты білдіреді.