Группаммен қоштасу

Группаммен қоштасу
жеке
блог

 

Группамен қоштасу

Біз отыз едік...

Әбдіраштың Жарасқаны


Отыз едік қой біз-дағы,

Еркелеп келіп, табалдырықты аттаған.

Сырларын іште сақтаған.

Группаға бөліп тастаған кезде алты ұлмыз,

Қыздар едіңдер қаптаған.

 

Көрмедік әлі өмірдің анық күресін,

Дайындық әсте жасадық.

Төрт жыл бойы Қайсардың тыңдап «Ілесін»

Лекциялардан босадық.

 

Қайран да менің ҚТӘМ,

Қоштасар сәттің туатынында сезген ек.

Өмірдің өзін сүріп кетерміз байқамай,

Уақыттың өзімен бірге дөңгелеп.

 

Қыздар едіңдер қаптаған,

Әрбірің жыр боп санама тұнған әлемдер.

Біз баламыз деп, біз аламыз деп жүргенде

Боп апты көбі әйелдер.

 

Төрт пенен беске бітіріптік қой, ой, Алла-ай,

Балл сұрап жүріп жалынып.

Айналып соғып келер ме екенбіз кей шақта

«Данышпан» дейтін Өмағаңдарды сағынып.

 

Қайран да менің группам,

Республикаға кетесің тардай шашылып.

Алматымда қаламын, сосын қалады

Райханға деген махаббатым да басылып.

 

Төрт жылымызға куәгер болған жандардың

Көреміз өмір шабысын.

Ашылсын деймін бағы шын!

Келіп тұрайық есту үшін ағайдың

«Қарақтарым-ау» деп қарап тұратын дауысын.

 

Қылжақ сөзімнен, мылжың сөзімнен бір кезде

Кеткен едіңдер жалығып.

Шыныменде жүрейік енді болатын

Елу жылдықтарда жолығып.

 

Қайранда менің, группам,

Екіден кейін қосылмай кеткен басымыз.

Он жеті менен он сегіз болып келген ек,

Кетіп барамыз жиырмадан асып жасымыз.

 

Эдвайзер еді Ләйлә Асқар,

Айғайын естіп, естімегендей алдадық.

Көңілін тауып, бір сәтке болсын көтеріп,

Қоштасып сосын, қолын да қысып қалмадық.

 

 

«Қызыл көйлектер», келеді талай ақындар.

Сабаққа келмей жатақта айлап жататын.

Ақын болсаңдар дүрілдеп өлең оқыңдар,

Айыздар қанып, рахатқа жандар бататын.

 

Бізден кейін бітіретін талай түлектер

«Бұл әннің айтсын жалғасын»

 Асылбек қарт рас айтыпты-ау, біз де айттық:

«Қайтеміз енді, Құдайым басқа салғасын»