Гонконгқа саяхат №1

Гонконгқа саяхат №1
жеке
блог

Достар, көптен Гонконгқа барған саяхат туралы жазу ойымда бар еді. Бірақ, қарбалас өмірден мүмкіндік болмады. Студенттерім де "қалай барып келдіңіздер?", "қандай қызықтар?" деген сұрақтарды көп қойды.  Сондықтан массагеттік оқырмандарға жалпы Гонконгтағы ғылыми тағылымдама туралы емес, көрген білгенімді жазайын.

Гонконг қандай қала? деген сұрақ туады ғой сіздерде. Гонконг – әлемдегі ең ірі қалалар қатарындағы үлкен мегополис. Қала 1997 жылға дейін бір жарым ғасырдай британ империясының отары болып келген екен. Бүгінде Қытайдың   екі арнайы әкімшілік аймақтарының бірі болып табылады. Әлемдегі он алтыншы бай қала.  Гонконг қала аумағы — 1,104 км², халқы 7 миллион болғандықтан әлемдегі ең халық тығыз орналасқан елді мекен.  Ең тығыз ауданында 1 км²-қа 95 000 адамнан келеді.

Иә, иә мұндай ақпараттарды естігенде басыңызды шайқамай қалмайтыныңыз анық.  Әлемдегі жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі болып табылатын Гонконг экономикасы еркін сауда мен төмен салықпен сипатталады. Ақшасы – Гонконг доллоры.  Әлемдегі сегізінші орындағы саудаласу валютасы болып табылады...  

Алматыдан алты жарым сағат ұшып, Гонконг әуежайына қондық. Әуежайдың үлкендігін айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемде туристер үшін арнайы әдемі салынғандығы ең қымбат  әуежай болып табылады екен және Гиннестер кітабына енген.

Түскеннен көптеген дамыған елдің ерекшеліктерін байқадық. Барлығы жылдам, кеден бақылау комитетінен, иммиграциялық полициядан да жылдам өттік. Жүрісті тездететін жолмен 10-15 минутта әуежайдың екінші жағына жеттік.

Түскен жерде AirAstana-ның жүктері келетін тұсты іздеп тауып алдық. Жүктерімізді алып қалаға шығатын жолды іздестіріп тұрғанымызда Гонконг университетінің оқытушысы Дин Кокс келе қалды. «Сендер  әл-Фараби университетінен келдіңіздер ме?» деп сұрады. Біз бірден оны таныдық. Онлайн арқылы талай сөйлескенбіз. Баратын уақытымызды да айтып қойғанбыз. Интернеттің пайдасы-ай, десеңші.  Маған: «Ұстаз Айкерім сіз бе?», «Студент пе деп қалсам» деді, солай алғаш рет біз оны жүзбе-жүз  көрдік.

Бірден қалаға дейін екі таксиге бөлініп отырдық. Таксиелері қызыл және көк болып бөлінеді екен. Біз қызыл таксиге отырдық. Неге олай бөлінетінін сұрдық. Қызыл таксилер Гонконгке оның аудандары болып саналатын Коулунға, сондай-ақ жаңа салынған Цюань Вань, Ша Тянь, Чён Гвань Оу  қалаларына барса, ал  көк таксилер Лантау және оның шағын аралдарына ғана барады. Қалаға дейін жарты сағаттай жүрдік. Дин Кокс әңгімешіл, оның үстіне біздің де сұрағымыз таусылмайды.

Он күн бойы сұрамаған сұрағымыз қалмаған шығар. (Ортадағы Дин Кокс)

Дин Кокс ортада

Кешкілік айналамен таныстық. Сабағымыз келесі күні басталатын болды.

«Сarpenter road park» - алғашқы барған жеріміз осы саябақ болды. Өйткені дәл қонақүй іргесінде тұр. Мұнда ит ертіп кіруге, велосипедпен кіруге рұқсат жоқ. (Суртте магистрант Жақсылық Қазымұрат, түсірген -автор)

Әлемдік спорт жарыстарында Қытай неліктен алғашқы орынды бермейтінін түсінгендей болдық.  Саябақ ішіндегі үлкен алаңда доп қуып, денесін шынықтырып жүрген жасты да кәріні де көруге болады.

Еңбекқор халық екендіктері көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ саябақта ескі қорған, мұражай, гүлдердің алуан түрлі бақтары бар екен.  

Бақтың айналасы биік үйлер.

Байқасаңыз 5 қабатында ағаш өсіп тұр.)) Жалпы Гонконгтағы 12 қабат немесе 35 метрден биік ғимараттар саны 8 мыңға жетеді.  Яғни әлемде біріші орынды иеленеді. 

Жолдары тар, көліктер тек бір бағытта қатынайды, бағыттары біздікіне қарама-қарсы. Әбден шатастық қай жағынан көлікке мінеміз деп.)) Тағы бір ерекшелігі аспалы биік жолдар көп.

Аялдамада адамдар өте көп емес, 15-20 аялдама қатар орналасқан. Әр аялдамаға белгілі бір автобустар ғана тоқтайды. Не деген тәртіп десеңізші!

Адамдары кішіпейіл автобус бағыттары туралы сұрақтарымызға бар ынтасымен жауап берді. Керісінше жер асты жолдарының айналасы да, метроның іші де ығы-жығы адам. 

Мысалы мынау Ман Кок деген метро станциясының айналасы. Бағдаршамнан өткен адамдар қарасы.

Жергілікті халық қытай тілімен қатар ағылшынды жетік біледі.  Сонымен қатар жер астындағы метрода адасып қалсаңыз немесе бағыттарды анықтай алмасаңыз арнайы тегін интернет қосылған компьютерлердің көмегіне жүгінуге болады.  

Жалпы айта берсе техниканың жетістігі, әлеуметтік қызметтің қалыпты жағдайлары туристерге жақсы көңіл-күй сыйлайды екен. Гонконг алғашқы күндері керемет көңіл-күй сыйлай алды. Үйренеріміз көп екен деген ой түйдім. 

PS: Келесі жазбаларымда  лазерлік шоу, Гонконгтағы тарихи мұражай, әлемдегі ең биік Виктория шыңы жайлы айтармын. Әзірге осы, достар!