ГМО? Тұтынатын тамағыңыздың құрамымен таныссыз ба?
блог
Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі - бірінші кезекте адамның лайықты өмір сүруіне қажетті сапалы өнімдерді пайдаланумен анықталады. Ғалымдардың болжауы бойынша алдағы елу жылда жер бетіндегі халықтың саны 12 миллиардқа жететін көрінеді. Ал осыншама халықтың басқа да қажеттіліктерін ойламағаннның өзінде, бір ғана ішіп – жеуге қаншама азық – түлік керек болады? Осы мәселенің алдын алу жолында ғалымдар суыққа және ыстыққа төзімді, құрт түспейтін, ауру түрлеріне шалдықпайтындай гендік жағынан өзгертілген, мол өнім беретін көкөніс пен жеміс түрлерін өсіруді қолға алған.
Қазақстан Республикасында азық-түлік және шикізат өнімдерінің қоры елімізді негізгі өнімдермен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сол себепті елімізге шетелдерден азық-түлік өнімдері жеткізіледі.
«Генетикалық модификацияланған объекті дегеніміз – гендік-инженерия биотехнологиясы көмегімен алынған өсімдіктер, мал және микроорганизмдерді генетикалық түрлендіру, ал олардан өңделген өнімдер – трансгендік тағамдық өнімдер немесе генетикалық модификацияланған көздер (ГМК) деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда, гендік модификацияланған тағамадар белгілі бір көкөністің немесе жемістің құрамындағы геніне басқа бір генді орналастыру, көбінесе бір – біріне қатысы жоқтай етіп таңдалған организмнің гені.
Осыған орай, құрамында ГМО бар өнімдер қауіпсіз бе деген мәселе туындайды. Бүгінгі күні ГМО қауіпсіздігі туралы ешкім жауап бере алмайды. Ғылымда өсімдіктер адамға және қоршаған ортаға қауіп туғызады деген мәліметтер бар – бөгде белок аллергия туғызып, улы, канцерогенді әсері бар деп есептейді.
Ал енді Генетикалық Модификацияланған тағамдардың адамдарға әкелген және әкелер пайдаларына тоқтала кетсек. Жыл сайын жарты миллион балалар А дәруменінің жетіспеушілішінен соқыр болса, осының жартысынан астамы бір ай көлемінде қайтыс болады екен. Осыған байланысты бірқатар зерттеушілер тобы құрамында бета-каротині бар күріш ойлап тапқан. Бета-каротин адам ағзасында А дәруменіне айналатын көмірсутек, сонымен қоса тағамға қызғылт сары түс беретін пигмент. Бұндай күрішті түсіне байланысты «алтын күріш» деп атаған. Ғалымдардың пікірінше, мұндай сары күріш адамдарды соқыр болып қалудан қорғап қана қоймай, болашақта халқының саны өсіп келе жатқан жер шарындағы миллиондаған адамдарды аштықтан сақтамақ.
Мінекей, айта берсек көптеген пайдалы генетикалық модификацияланған көкөніс, жеміс-жидек және тағамдар түрі ойлап табылып өндірілуде. Әрине, бұндай азық - түліктер адам ағзасына толықтай қауіпсіз деген мәліметті ешкім бере алмайды, алайда қауіпті деп те ешкім айта алмайды. Дегенмен ГМО-ның қыр – сыры зерттеліп болғанша әр адам өз денсаулығына өзі жауапты болып отыр. Кең-байтақ жері бар, суы бар, күні де жылы, мал өсіріп, егін егуге қолайлы жерде тұратын 16 миллион Қазақстан халқы жасанды тағамға зар болып отыр ма? Қытай көкөністері, әрине, арзан, бірақ денсаулық ақшадан қымбат!