ГИДРО пері

ГИДРО пері
жеке
блог

 

Тау мен тас, өсімдік пен  топырақ, көл мен теңіз, су мен тамшы, адам  мен жануар - табиғаттың  төл туындысы. Аталмыш жаратылыстың өзіндік сыры мен тарихы бар, әрқайсысы тіршілік берген тылсым күшке ие. Ғасырлар бойы сырын ашпаған, тіпті құпиясын шертіп білуге қарсылық танытатын әлемнің ғаламаттары жетерлік. Рас та, құпия ешқашан сыртқа шықпайды, сол арқылы  оның  сыры кез-келгенді қызықтырады.

Бала кезден «түнде суға барма», «ай жарықта суға шомылма» дегендерді көп естуші едім. Оның үстіне табиғаттың тылсым күштері туралы газеттерден көп оқып, олардың сырына қанық бола түскен сайын, «су перісі» туралы ой маза бермейтін. Соның салдарынан болар, рас-өтірігіне көз жеткізбей жатып-ақ, күн батқан соң есік алдындағы құдыққа жақындамайтынмын, жерде жатқан кішігірім көлшік суға да үңіліп көрген емеспін. Ескі ауыздан естігенім бойынша, су патшасы Сүлеймен-дағы, одан бөлек судың перісі болады. Оның сұлулығы қараған жанды соқыр етеді, немесе ақыл-естен айырып, жындандырып жіберетін көрінеді. Кешке қарай, ымырт ауған апақ-сапақ уақыт, өзі жан баласының физиологиялық ахуалына қатты әсер ететін кез ғой. Діни сенім бойынша жын-шайтанның сейілге шығатын уақыты. Мұндай кезде ұйықтауға, сыпыруға, кір жууға болмайды.

Туыс әпкем бірде «су перісін» көргендігін айтқанда таңданыспен сұраған едім.

Естуінше, ауыл маңындағы қырдың ар жағында, сайда кішігірім көл бар екен.  Сол көлдің тылсымы маңайдағыларды шошытқан көрінеді, күн сайын көл жағасында бір бейне отырады екен. Ел оны «су перісі» деп маңына жоламапты, тағы, жасы кіші балаларға  ескертіп ол жаққа бармауын қадағалайды екен. Осындай «күлкілі» әңгімелерге жыны келетін алаңғасар әпкемнің сол жаққа көңілі ауыпты да тұрыпты. Нар тәуекел етіп әлгі «сұлуды» көрмекке бекінген ғой. Қорқыныштан гөрі қызығушылық сезімі басым ер мінез қыз, көлшікке етене жақындай барыпты. Расында, көл жағасында бетін әрі қаратып, шашын жерге тастап отырған бейнені көрген. Кішкене қадам қалғанда жүрегінің дүрсілдегенін айтқан болатын. Қанша қорықпайын десе де әлгінің зияны тиіп кетеме деп те сескенген екен. «Шешінген судан тайынбас» дегендей артқа қайтқанды намыс көріп,  бейтаныс бейнеге жақындай түседі. Қол жетім қалған кезде суға «кумп» берген болмыстан әпкем шошынып та қалған. Біраз күтіп, «әлгінің» судан шықпай кеткендігінен жөніне қайтыпты. Сонау жол жүріп,  артына қарағанда әлгінің беті бері қарап отырғанын көреді. Алыс болғасын жүзін дұрыс көре алмай, әрі көруге ниеті де болмай қаша жөнелген екен.

Су перісінің адамға зияны жоқ, тек оны шақырып алмау керек. Шақырғанда қалай, ай қатты сәуле түсіріп тұрғанда сумен шағылысады. Сол кезде су айнасына бет бұрып жүзіңді көруіңе болмайды, сенің жүзіңді өзінен көрген су иесі сенімен байланысқа түседі. Көзге көрінбесе де телепатиялық түрде миыңа сіңеді. Одан кейінгі кезекте адамның тірі қалуы мұң. Көп жағдайда адамдар жынданып кетіп жатады. Өте қауіпті құбылыс. Сондай-ақ су перісі тек көлде немесе үлкен өзенде жүреді деген сөз емес, олар кез-келген тамшыдан шыға алады екен. Егер, әрине, сіз онымен жоғарыдағыдай байланысқа түскен болсаңыз, қыр соңыңыздан қалмай, кез-келген судан бейнесі көріне береді екен.

Осыған қатысты тағы бір оқиға.

Әлі жас, бір жігіт ағасы  бірден көз жұмған. Оның себебін іздеген туыстары соңғы кездері өзіне құлыпталып алған жігіт қатты өзгеріпті, адамның ойына келмейтін қияли әңгімелерді айта бастаған. Екі сөзінің бірінде «су перісін көрдім, сұлу екен» дегенді айтатын көрінеді. Әйелі басында мән бермей, кейінгі кезде, тіпті, көшеде кішігірім шалшық көрсе қарап тұрып қалатын күйеуін ойлап, қатты алаңдапты. Молдаларға апарғанында, әлдебір белгісіз жынның соңына түсіп жүргенін айтқан екен. Қатты ауырып, адам көргісіз келбетке енген жігіттің мазасы қашып, сандырақтай бастаған. Діни, амал-шараларын жасағанмен де, аман алып қала алмаған, соңында білгір деген молда кісінің қойған «диагнозы», су перісі ғашық болған екен. Әлгі жігіт те оның сұлулығына көз тойдырмаса керек, ақыр соңы өмірімен қош айтысыпты.

         Егер, араларыңызда сұлу жігіттеріңіз болса, байқаңыздар, ГИДРО перінің құрсауына түсіп, арбауына алданып өмірлеріңізбен есеп айырысып жүрмеңіздер)))) адам боп туылғасын, сұлу ма ұсқынсыз ба, жақсы ма жаман ба, ұзын ба аласа ма, әйтеуір өз жаратылысымызбен ғұмыр кешкенге жетпейді ғой.

                                                                                   сурет: http://rusalka-biser-3.woman-vishivka.ru/