Ғибратқа толы ғұмыр

Қаланың қым-қуыт күйбеңінен шаршағанда, қоңыртөбел тіршілігінен аспан айналып жерге түссе де айнымайтын ауылға кеткім келеді. Бүгін дәл солай еттім. Жұмысқа да ескертпестен, тынымсыз тірлікті, бітпейтін проблемаларды алып шаһардың еншісіне қалдырып, ауылға жүрер алғашқы таксиге мініп, туған жерге аттандым. Жолай соңғы рет елге қашан барғанымды еске түсіре алмай, әуреге түстім. Өзімнен ұялғаным рас. Бірақ бүгін алғаш рет уақыт жоқтығын сылтауратпағаным үшін өзіме риза болдым.

Тас жолға түсіп, машина зулап бара жатыр. Шыңылтыр аяз. Тіпті ауа райына да қарамай ауылға бара жатқанымды ерлік санап мәзбін. Айнала аппақ. Жаңа тартылған қаймағы мен ұйытқан айранын әжем осы жерге келіп төгіп алғандай. Әжем... Сағынышпен ілесе келген тамшы жас тым еркінсіп кетіпті. Қатыгез қалада кеудеде қатып қалып, жылдар бойы өксік болып қана жан ауыртса, кең далаға шыққанымды, борша езілген мінезімді байқады ма, көп күттірмеді. Бойлай барып шарфыма сіңіп,  тыншыды. Әжем демекші, аштық кез балалық шағына сәйкес келіп, бастауыш класқа келгенде соғыс басталып, оқудан қол үзіп қалған. Біздерше айтсақ, «су надан» кісі. «Тоғыз ұлдың артынан ерген қызды әкем соғысқа аттанғанша мойнынан түсірмеуші еді. Ағаларым шетінен сауатты, оларға кітаптарды әкем жарықтық қаладан алдыратын. Аштықтан өзектері үзілмегенде, ауылда отырмай, қалада бір қызметтің құлағынан ұстар едім ғой», - деп бала жүрегімді алқан-талқан ететін. Отыз күн оразасын қаза қылмай, намазға жығылып, жатса да, тұрса да, құдайынан заман тыныштығын, ел амандығын тілеп, «кісі қолына қаратпа, балалар алдында абыроймен кетейін» деп күбірлеп жүретін. Жақсы көретін немерелерін де «періштем» деп айналып-толғанатын.  «Ботақан, қозым, ақ патшам, мамығым, айналайын, жарығым» деген сөздерге құлағым үйренгендіктен бе, алғаш «періштем» дегені құлағыма қораш естіліп, бұртиғанымды көрген кейуана жаспен айғызданған бетімді жаулығының шетімен сүртіп: «Адам баласына қиянат жасамай, ала жібін аттамай өскен бала дәу азамат болады. Сендей көңілі пәк, жамандықтан ада баланы періште демегенде қалай атаймын?»- деп жұбатқаны есімде.

Кенет машинамыз трасса бойынан ұшып, жол жиегіне аударылып бара жатты. Көзімді тарс жұмып алдым. Қозғалуға қауқар жоқ. Бар болғаны «Құдай-ай» дегенім құлағымда жатталып қалыпты. Осыдан кейінгісі есіме түспеді. Әйтеуір, бұрылысы көп дәлізбен зулатып әкетіп барады. Жан-жағым аппақ. Манағы ақ қаймақты дала секілді. Ауылға жетпеген болуымыз керек деп топшыладым. Кірпік арасынан шағылысқан сәулелер сығалайды. Сол сәулелер арасындағы ақ халатты жан танысыма не туысыма ұқсамады. Жымиған қалпы «Періштеңіз бар екен» деді. Алыстағы бала күннен кейін естіп тұрған сөз әжемнің айналайынындай көрінді. Ол да осы медбикенің ақ халатындай әппақ кимешегін тастамайтын. Оқу бітіріп, қалаға аттанарда көлігіміз ұзап кеткенше қолын көлегейлеп, көзімен шығарып салған еді. Енді немересінің ауылға ат ізін салмайтынын сезді ме, қайдам? Кимешегі желмен самайға қарай сәл ысырылған тұсынан күміс шашы көрінді. «Әжем қартайыпты» деген мінездеме сол жерде дүниеге келген болатын.

     -   Атыңыз кім?

Тосылып қалдым.

-        Аты-жөніңіз кім? Картаңызды толтырып жатырмын, - деді абзал жан.

-        Мұхамедқали... Нурушев

-        Атыңыз ұзақтау екен

Үнсіз келістім. Ауылдан ешқайда аттап баспаған мен үлкен қалаға алғаш келгенімде осы аттың керісінен көресіні көрдім. Таяқ та жедім. Мазаққа да қалдым. Тима, Нурик, Саша секілді екі буынды атты еншілеген достарым менің атымды тез арада өзгерту керек деп шешті. «Әжем ырымдап қойыпты. Пайғамбардың есімі ғой» деп едім, күлкіге қалдым. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, оған да көндім. Махамбет, Мұқағали, Мәмбетәлі, Ермағанбет атты ауылдағы бауырларымның алдында өзімді сатқын сезінгенім рас, бірақ сол күннен бастап Мұхамедқали емес, Марс атандым. Қыздармен де солай танысатын болдым.

... Ауруханада күндер өтпей қойды. Сағаттың қос тіліне желім жабысқандай орнынан қозғалар емес. Анда-санда дәлізге шығатыным болмаса, гипстелген аяқ қозғалтпайды.

-        Ағай, Құдай бәрін көріп тұрады дейді ғой, сол рас па?

Селт ете қалдым. Мына қыздың қайдан шыға қалғанын білмей таңмын.  Қарсы алдымда 6-7 жастағы күлімкөз қыз бала тұр. Қара шашын қақ жара екіге өріп алыпты. Өзі өрсе керек, босаңсып кеткені көрініп тұр.

-        Көп білетін адамға ұқсайсыз ғой, әшки киіп алыпсыз.

Дәлізден шыққан балалар дауысын естігенмін. Солардың бірі деп топшыладым. Әп-сәтте не дерімді білмей, уақытты созуға тырысып:

-        Оны неге сұрадың?

-        Жоқ, әуелі айтыңызшы, - деді қадалып.

Кішкене қыздың Құдайды аузына алғаны мені шынымен таңғалдырды. Әп-сәтте аузыма сөз де түспеді. Палатадағы көршілерім «Не дер екен?» деп көздерімен жеп барады. Көзілдірікті қайдан кидімге қалдым. Кенет әжемнің айтқандары есіме түсе кеткені.

-        Рас, бәрін де көріп-біліп тұрады, бір жапырақ жерге түссе де, Жаратушы оны да біледі,- дедім көсемсіп.

Ащы тер бұрқ ете түсті. ҰБТ тапсырғанда да бұлай қиналғаным есімде жоқ. Әйтеуір, белгілеп, уақыт оздырып шықтық қой ауылдағы ата-анаға сеніп.

Қыздың көзі жайнап кетті, мені шынымен көп білетін адамға балады ма:

-        Рас па, ағай? Мен білгенмін, расымен де мен білгенмін Құдайдың көретінін, жақсы болды ғой, анам енді жыламайтын болды

-        Анаң неге жылайды?

-        Әкем жұмыс таба алмай жүр. Анам күні бойы базарда тұрады. Үйде тамақ алатын ақшамыз бітіп қалғанда, көрші Марат ағайдан қарызға ақша алғанбыз. Енді соны бере алмай жүрміз, - деді мұңайып.

-        Ағай күнде келеді. Айқайлап әкеммен ұрысты. Анама балаларды баға алмайтынын бар, неге туасың шұбыртып деп ақырды. Анам қатты жылады. Қарызымды өсімімен бересіңдер деп жарды ұрғылап кетті.

-        Әкең не деді?

-         Құдай бәрің де көріп тұр, - деді.

«Балалы үйде ұрлық жатпас» деген осы шығар да. Періштедей аңғал көңіл-ай. «Бәріне қала кінәлі» деген жаттанды ой оралды. Ауылдан алыстатып, жүрегімізді қатайтты. Адамгершілік деген сөз санамыздан өшіп қалмаса игі еді...

-        Құдай қай жерде тұрады?

-        Алла тағала уақыт, кеңістік, өлшемдерге мұқтаж емес. Ол ұғымдарды, құбылыстар мен заттарды, заңдылықтарды жаратқан. Ал Өзі жаратылыстарға, заңдылықтарға бағынбайды. Ол ондай жаратылыстық қасиеттерден пәк. Дүниедегі нәрселердің барлығы белгілі бір кеңістікте мекен, орын алып орналасқан. Олардың асты мен үсті, алды мен арты, оңы мен солы бар. Жаны барлардың жүретін тіректері, яғни аяқтары, сезетін мүшелері, ұстайтын қолдары болады. Ал Алла Тағала ондай сипаттардан ада, - дедім қуанып. Санамда осы сөздердің жатталғанына таңмын. «Әй, асыл әжем-ай, ақпақұлақ немереңнің құлағына құйып тастапсың-ау»,- дедім ішімнен ризашылықпен.

Менің жауаптарымнан кейін балақан мені данышпан санады ма, «ааааааааа» деп ішегін тарта түсінгенсіп, басын изеді. 

-        Атың  кім?

-        Әмина.

-        Әдемі екен.

-        Пайғамбардың анасының аты.

-        ...

Менің әжем секілді оның да атын әжесі ырымдап қойса керек. «Жақсы азамат болады» деген әже үмітін ақтай алмадым деген өкініш тұрды өзегімде. Басым айналып, төсегіме отыра кеттім. Табан астындағы жер шыр айналуда. Шайқалып жатырмын. Керемет. Бәрінен ада балалық шаққа қайта оралыппын. Ақ кимешекті әжемнің арқасында тербелудемін. Иіліп-бүгілгеніне қарамай, мойнынан тарс құшақтап, сүліктей жабысып алыппын. Әжем мені елер емес. Қайта құлағыма құйылып, жүректе жатталсын дей ме, даусын шығарып, әр сөзін шегелеп аяқтайды.

Қаладан таба алмаған қайырымдылықты, кітапханадан оқып-білмеген имандылық туралы түсініктерді екі кластық білімі бар әжемнен үйренгенім үшін өзімді бақытты жанға баладым.

Көркем мінезді, шыншыл, жомарт, жұмсақ, кішіпейіл, дана, кешірімді, парасатты, ғибратты ғұмыр кешкен Пайғамбар есімін немересіне қойып, ертеңінен үлкен үміт күткен әжеме мың алғыс!  Адасқан азаматтың алдына қаршадай қарындасты кездестірген тағдырға мың алғыс!

 

P.R. Жаратушы есімі жанымыз қиналғанда, балтырымыз сыздап, ауру батқан шақтарда ғана емес, жүрегімізде мәңгілік  орын алса деген тілек біздікі

 



Бөлісу: