Міне, жарқырап жаңа жыл келіп, айнала қызылды-жасылды шамдармен көмкеріліп, әр отбасында шат-шадыман қуанышты күндер жалғасып жатыр. Бүгін де осы таңғажайып мерекемен қатар дүние есігін ашқан Ғазиза Ұзақтың отбасында ерекше мәз-мейрам болып, ақ дастархан басында ізгі тілектер шаңырақты шаттыққа бөлегені анық. Менің білуімше, Газек ата-анасының, ағаларының бір тал гүлі, ерке қарындастары. Демек, іңгәләған бөпе қыздың даусын естігенде ата-ананың жүрегі жарылуға шақ қалған болар. Алматының әппақ қызы бүгін әппақ қарға оранған 24-жаңа жылын қарсы алып, 24 жасқа қадам басып отыр. Қымбатты Ғазиза, өзіңе деген әппақ ниетім мен шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алғайсың. Бүгінгі туған күнің құтты болсын!
Өзіңмен таныстырған сол күндерге шексіз ризамын. Осы таныстығымыз үзілмей, достығымыз ұласа берсе деген үлкен тілегім бар. Бұл күн - сен үшін, жаныңа медет болған достарың үшін, тілеуіңді тілеген отбасың мен бауырларың үшін есте қалар қызықты күн болып, әркез жымиып еске алып отыратын тосын сыйларға толы шуақты күн болсын. Құрметті Ғазиза, Алланың берген қүш-қайраты мен ақыл-парасаты алдағы күндері биік-биік шыңдарды бағындыруға саған толығымен жететініне күмәнім жоқ. Өйткені сенің қолыңнан көп нәрсе келеді. Көп жерлерде айналаңдағыларды таңғалдырасың, тамсандырасың, тәнті қыласың. Сенің бойыңдағы батылдық, өжеттілік маған да, басқаларға да берілсе деп тілеймін, Жаратқаннан. Жақсыдан үйренуге тартынбай, үлгі алатын жерлерімді де түйіп отырамын санаға өзіңнен. Сендей парасатты адамдар жүрсе екен деп те ойлаймын жанымда. Ай десе аузы, күн десе көзі бар, білімі мен білігі ұштасып, мейірімділігі мен қамқорлығы да адамгершілігімен ұласып, өнерлі де өрелі қайран қалатын қазақтың қызы болса, ол өзіңсің - Газек. Шын сөзім.
Сымбатты Ғазиза, алдағы күндер өзіңе тек жақсылығымен, қуанышымен келсін жаным. Алла Тағала сені бар бақытқа лайық етіп жаратқан және алдағы уақытта да бақытты етеді деп сенемін. Алға қойған мақсат-мүдделеріңе қол жеткізіп, арманнан арманға жете бер. Жұлдызың жарық болып, мәңгі биікте жарқырап тұрғай. Еңбегің жемісті де жеңісті болып, тілің қуатты, өмірің шуақты болсын. Ақ адал достарың көбейіп, арқа сүйер азаматыңды жолықтыруды да тілеймін. Еркелетіп, әрбір жетістігіңе қуанып отыратын ата-анаң аман болсын. Мен саған барлық жақсылықты тілеймін!