Ғазиза Ұзақ: "Сиыр сауу, ұршық үйіру маған таңсық емес!"

Ғазиза Ұзақ: "Сиыр сауу, ұршық үйіру маған таңсық емес!"
жеке
блог

"Сырлы сұхбат алаңында" қонақта - Ғазиза Ұзақ!

Неге адамдар сені қатал деп ойлайды, кімді қорқытып ең?

Осы уақытқа дейін ешкімді де қорқытқан жоқ сияқтымын. Жалмауыз, мыстан кемпірлердің де еш туысы емес едім))))

Әзілсіз жауап берер болсам, неге екенін білмеймін, көбі дерлік мені қатал, сұсты адам деп біледі. Бәлкім, бар мәселе, менің тік мінезділігімде болар. Мен барды бар, жоқты жоқ деп бірден айтамын. Ұнаса «ұнады» ұнамаса, «ұнамады» деймін. Іштен тыну, екі жүзді болу, жағымпаздық-жасандылық білдіру менде атымен жоқ. Әр нәрсені тура айтып тастаймын. Қылтың-сылтыңды, тұрақсыздықты ұнатпаймын. Оны көпшілік жазбаларымнан байқаған болар. Сол себептен де «қатал» көрінетін шығармын. Сондай-ақ, жас болсам да, мен өмірдің ащы-тұщысын, ызғар-суығын көргенмін. Бірақ, меніңше, өткен күндерге еш өкпе артпай, өкініш білдірмей, ол жағдайлардан тек сабақ алу керек сияқты. Мүмкін, «қатал» болып көрінуімнің себебі де осы болар. Ал негізінде, менің мінезімнің қандай екенін, оның ішінде «қатал емес» екенімді мені оффлайн өмірде көрген-білген, сөйлескен, араласқан, бірге жүрген жандар жақсы біледі деген ойдамын.

 

Ғашық болған жігітіңіз жайында кішкене айтып бересіз бе (қандай адам, кім, мінезі)?

Охо, ғашық болған?! Кімге, қашан және қалай ғашық болыппын?! Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де осы уақытқа дейін бірде-бір жанға ғашық болып көрген емеспін. Бәлкім, жай ғана ұнату болған шығар?! Әлде, ол адамға жай ғана бауыр басқан шығармын?! Олай болса, сол жан жайлы айтайын (сұрақ иесі Қазынаның кімді меңзеп тұрғанын іштей сезіп отырмын). Оның кім екені ешкімге де қызық емес шығар. Себебі, сіздер түгілі ол адамды өзім де толық тани алмадым, өкінішке орай. Сол себептен оны түсіне алмаған да шығармын. Ол да мені түсінбеген болар. Мінезін де нақты айта алмаспын. Бір білерім, жүзінен жылулық мен мейірім нұры төгілген ақ көңіл жан. Ақыл-есі дұрыс, ой-санасы тура өзіміз сияқты қатардағы қарапайым азаматтардың бірі. Оған мен өмірдегі бар жақсылықты тілеймін. 

Қалай ерте тұрасың иии?!

Иии, солай ерте тұрамын. Сағат деген дүние бар. Ортасында екі тілі, біреуі қысқа, біреуі ұзын. Сосын шет жағында 1-ден 12-ге дейінгі сандар жазылған. Телефонда сандармен көрсетіледі. Ортасында қос нүкте әр секунд сайын шығып тұрады. Соны белгілі уақытқа қоясың. Сол уақыт жеткенде ол шырылдайды. Сонда оянасың. Оянған соң, дереу орныңнан тұрып, күлімдеп, жаңа күнді қарсы аласың)))) Бұл бір.

Екіншіден, дәл осылай ояну үшін, ерте жату керек. Иманыңды келтіріп, ұйықтар алдында дұға қылмастан бұрын ертеңгі күнді жоспарлау керек. Сол жоспар негізінде ертеңгі күнге өзіңді дайындайсың. Сосын дұға қылғанда жаратқаннан ертеңгі күніңнің сәтті болуын тілейсің) Солай! 

Сіз үшін әйел бақыты неде?

Дүниеге қыз бала болып туылғанның өзі бақыт емес пе?! Бүгінгі қыз бала ертең ел анасына айналады. Ақ босаға аттап, жар, келін, ана атанады. Бір әулеттің түтінінің түзу шығуына ықпал ететін әйел заты ертең ел тірегіне айналады. «Қыз жат жұрттық» дегендей, өз еліңді тауып, ақ босағаны аттап, ақ жаулықты келін атанып, еліңнің санын көбейтуден басқа бұл фәниде асқан бар ма екен?! Қалай ойлайсыздар, қыздар?! 

Қыз жігітке бірінші сезімін білдіру - ол сен үшін қалыпты ма, әлде дөрекі ме?

Әлбетте, кез келген қазақтың қызы инабаттылық танытып, өзі емес, алдымен, алғашқы қадамды ер-азаматтан күтеді. Ал ер-азамат оны ұқпаса я сезім білдіруге асықпаса, өзі қадам жасауға мәжбүр болады. Менің ойымша, онда тұрған ештеңе жоқ. Дөрекілік деп айтуға болмас. Ол үшін оны ешкім айыптап, жазаламайтын шығар. Бірақ, қазіргі таңда ол қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Бұл дұрыс емес, менің ойымша. 

"Қашан үйленесің?" деген сұрақ жиі қойыла ма, не деп жауап бересіз?

Жоқ, маған бұл сұрақ мүлдем қойылмайды.  Маған «қашан тұрмысқа шығасың?», «тойыңа қашан барамыз?!», «Қызыл өрік» хит болып тұрғанда тойыңа барып алайық та» дейтін сұрақ-пікірлер жиірек қойылады. Бір ғана жауабым бар: «Әйтеуір, бір суббота тойыма келерсіздер. Ол кезде «Сары қарбыз» деген әнге билейсіздер» деймін) 

Кейде адам өзімен-өзі тілдесетін, сырласатын кезі болады. Сондай сәттерде қандай сауалды өзіңізге жиі қоясыз?

Шынымды айтсам, сол өзімен-өзім қалатын сәттер тым аз болады. Себебі, мен көпшілік ортаны жақсы көремін, жалғыздықты жаным сүймейді. Мен үйде жалғыз қалсам, тамақ ішпей қоямын, құрбыларды, тіпті, көршінің кішкентай балаларын шақырып аламын. Жалғыз қалуға тырыспаймын. Бірақ, жалғыз қалатын сәттерді күтпестен өзіме «Мен қандай іс атқардым?», «Ертеңгі күнім (келешегім) қандай болады?», «Не істеп жүрмін?», «Не істеуім керек?» т.с.с. сұрақтарды жиі қоямын.  

Журналистиканың пайдасы мен зияны неде?

«Таяқтың екі ұшы бар» деген бар. Дүниедегі кез келген нәрсенің оң мен терісі, ақ пен қарасы, тәттісі мен тұщысы болады. Журналистика да солай. Бірақ, оның пайдасы мен зияны туралы дәл қазір дөп басым ештеңе айта алмаймын. Бұл сұраққа шамамен 60 жылдан кейін жауап берейін, жақсы ма?! Ол кезде, иншаллаһ, мен бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен салиқалы қарт апа боламын деген ойдамын. «Ойхой, біздің заманда» деп әңгімемді бастап, бұл сұраққа тұщымды жауап қайтарармын. Ал әзірге менің үйренгенімнен үйренерім көп. Бұл саланың өзіңе беймәлім қыр-сырын күнделікті біліп жатасың. Ол сонысымен қызық әрі қиын. Әсіресе, телевизия саласында күнде өзгерістер болып жатады. Күнде өзгерістер, күнде ізденістер.

 

Сынды қабылдай аласыз ба?

Орынды айтылған сын болса, әлбетте, қабылдаймын. Ал кейде бір мәселені айтып келе жатып, ол мәселеге еш қатысы жоқ дүниелерді я жеке басыңа қатысты дүние қозғалса, кешірерсіз, оны қабылдай алмайды екенмін. Кейбіреулер, «сын айтамын» деп, сенің үйіңдегі жағдайды я жеп отырған тамағыңның кімнің пісіргені туралы, жеке басыңа қатысты өзге дүниелер туралы сөз қозғап қуып кетеді. Мұнысы «сын айттым» дейтін шығар. Білмеймін және түсінбеймін. 

Ең сүйікті тағамың?

Анамның алтын қолынан шыққан кез келген ас. Үйдің тамағына бәрібір еш тағам жетпейді (жоғарыда атап өткендей, кейбір «сын айтқыштар» мұны да «сын» деп айтып қалады) 

Егер болашақ жарың ауылдық жерден болса, ауылға барып тұруға, ауыл тіршілігіне араласуға келісер ме едің?

Менің білуімше, «Ауылда тұруға болмайды» деген заң жоқ. Ол туралы ешбір құжатта, заңнамалық актілерде көрсетілмеген. Сондықтан да, ауыл-аймақтан қашпаған жөн. Өзім ауылға жиі барамын, бармай қалсам, қатты сағынамын. Қалада өскен мені ел-жұрт «ерке», «ақ саусақ» дейтін болар. Бірақ, мен қалада туып-өссем де, ауылдың тыныс-тіршілігін бес саусағымдай білемін. Маған сиыр сауу, ұршық иіру, май шайқау, ішек-қарын тазалау, от жағу, отын жару, су тасу және одан басқа тіршілік еш таңсық емес. Кейбір ауылдан шыққан қыздардың қолынан келмейтін дүние менің қолымнан келеді деп толық айта аламын. Себебі, мұның барлығын мен көріп өскенмін, қарт кісілердің көзін көргенмін. Басыңа түссе, ауылда тұруға болады. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Тек әлеуметтік жағдайың ауылға тұруға мүмкіндік берсе болғаны.  

Егер есім таңдау мүмкіндігі болса, өзіңе қандай ат таңдап алар едің?

Әкемнің азан шақырып қойған атын өзгертуге еш хақым жоқ деп ойлаймын. Өз атым өзіме ұнайды. Менің есіміме қызыққан екі кісі өз қыздарына «Ғазиза» деп ат берген. Аттас сіңлілерді жиі көріп, араласып тұрамын. Бұл есім араб тілінен шыққан. «Әл-Ғазиз» сөзі «ең сұлу, ең қымбат, ең асыл» деген мағына береді. «Алланың 99 есімі» деген кітапта «Әл-Ғазиз» 8-есім болып жазылған. Жақында «мерей» деген мағынасы бар екенін білдім. Осындай мағына беретін есімді ауыстыруға дәтім бармайды.

 

Жұбайыңыз өзіңіз ұнатқан мамандықты тастап, тек үй шаруашылығымен айналысасың десе, не істейсіз?

Ата-анаң саған жақсы тәрбие беріп, жоғары білім алуға мүмкіндік берген соң, оның жемісін көрген жөн деп ойлаймын. Әлбетте, үлкен өмірге қадам басқан сәтте мансап аса маңызды рөл атқарады. «Тауына қарай аңы, заманына қарай адамы» дегендей, бүгінде әйел заты баласын үйге қалдырып, жолдасымен бірге жұмыс істеп жатыр. Заман талабы деп ойлаймын. Себебі, бір баланың өзі бағып-қағу оңай дүние емес. Ертең босаға аттап, орамал таққан жағдайда мен де жұмысымыды істеп, үйімнің берекесін кіргізуге тырысатын боламын («Әйелдің қырық жаны бар» екенін естен шығармаңыз). Ал егер, жолдасым маған осындай талап қойып жатса, оның өзінде жанұямыз қиналмайтындай бар жағдайды жасап берсе, әрине, мен баламды құшақтап, үйімнің ырысын қашырмай, ошақ отының жылулығын сақтап үйде отыруға қарсылық білдірмес едім. Оның үстіне мен мансап қуған адам емеспін. Мен үшін үй, жанұя бірінші орында. Кезінде менің анам да отбасын мамандығынан жоғары қойған. Ата-анам өзара шешімге келіп, әкем біздің жағдайымызды жасап, анам біздің тәрбиемізбен айналысып, өзін отбасына арнады. Мұны көріп өскен маған бұл жағдай таңсық емес. 

Жалпы айына жеке басыңызға қанша қаржы жұмсайсыз (егер құпия болмаса)?

Жастайымнан жұмыс істеген мен ақшаның қадірін білемін. Оны жөнсіз, бей-берекет құртатын жан емеспін. Өзіме керектіні, әу бастан-ақ, есептеп, реттеп қоямын. Оның үстіне негізгі мамандығым экономист-қаржыгер болған соң, ақшаны қалай ұстаудың жөнін білемін. Жол ақысы, телефон бірлігі, азық-түлік, т.б. тұрақты шығындар бар. Шынымды айтсам, оны есептеп, дәл айта алмаймын. Аз десем, «артық» болар, көп десем, «күпірлік» болар. Бір айтарым, менің қаржым өзіме де, өзгеге де жеткілікті.

 

Сөмкеңізден ылғи да табылатын үш нәрсе?

Күшті сұрақ екен. Менің сөмкемде тек өзіме қажетті дүниелер бар. Керексіз нәрселерге менің сөмкемде орын жоқ. Ал ылғи табылатын дүниелердің ішінде келесілер бар:

  1. Әмиян. Оның ішінде құжаттар, банк карталары, керекті көлемдегі қаржы, өзімнің визиткаларым.
  2. Хард диск.
  3. Үйдің және кабинетімнің кілттері

Сұхбат соңында!

Барлық сұрақтарға толыққанды жауап бердім деген ойдамын. Барынша ашылып, тұщымды жауап беруге тырысып бақтым. Сұрақ қойған әрбіріңізге көп рахмет айтамын. Берген жауаптарым көңілдеріңізден шығады деген сенімдемін. Сіздермен болған мен Ғазиза Ұзақ! Жақсылықта жүздескенше!

Біз де Ғазизаға тұшымды жауаптары үшін алғыс білдіреміз! Сұхбат соңында назарларыңызға Ғазиза түскен бейнебаянды ұсынамыз:


                                                    

                                             Суреттер сұхбат берушінің жеке мұрағатынан және on.kz сайтынан алынды.