"Ғазиза" - лар туралы

Таяуда ғана "Серік" - тер туралы сөз қозғап едім. Енді кезек өзі атыма келген сияқты. Оған осы мерекелік күндері соғылған телефон қоңыраулары себепкер болды. Бірақ, ол туралы кейінірек

Есімімнің қойылу тарихы туралы мына жақта айтып кеткенмін. Оған оралмай-ақ қояйық.

Мектепте оқыған кезде, математикадан беретін Ғазиза есімді апай болған. Мінезі тік әрі қатал болатын. Ол жоғары сыныптағыларға сабақ беретін. Мектептегі ең тентек деген балалардың өзі сол апайдан қорқатын. Құдай сақтап, мен жоғары сыныпта физматқа ауысып кетіп, Ғазиза апайдың қаһарына ұшырамадым солай))

Ал физматта Ғазиз деген сыныптасым болған. Тегі "Т" әрпінен басталатын. Журналдағы тізім бойынша ол менің алдымда тұратын. Содан кей кезде мұғалімдер шатасып Ғазизді "Ғазиза" деп қалатын, сол кезде орнымнан мен тұратынмын. Кейін үйреніп, орнымыздан көтерілмес бұрын, "Апай, Ғазиз ба, әлде Ғазиза ма?!" деп сұрайтынбыз. Сосын екеуміздің мектептегі лақап атымыз "Газя" болатын. Газя десе, екеуміз бірдей қарайтынбыз.  

Енді осы жазбама себепкер болған телефон қоңырауларын айтайын. Менің арнада Ғазиза деген әріптес әпкем бар. Мен арнаға ауысқан кезде оның аяғы енді ауырлаған-ды. Өткен айда заңды түрде ресми демалысқа кетті. Шыны керек, Ғазиза әпкенің босануын бүкіл арна болып күтіп жүрміз. Мерзім бойынша, Ғазиза әпке осы мамыр айында босануы тиіс. Қазіргі таңда перзентханада бөпенің дүниеге келуін күтіп жатыр. Содан не керек, осы мерекелік демалыстарда бірінен соң бірі әріптестер хабарласады. Әңгіменің барлығы дерлік, төмендегідей өрбіді:

- Ғазиза, қалай жағдай?!

- Амансыз ба?! Жақсы, өзіңіз қалайсыз? Мереке құтты болсын!

- Рахмет! Не болды тыныштық па?!

- Хммм....Иә, тыныштық, барлығы ойдағыдай

- Не деп жатыр енді?

- Кім?

- Больницадағылар?

- Қай больницадағылар?

- Жатқан

- Ааааа?!

- Ой, Ғазиза, кешір, мен анау Ғазизаға хабарласамын деп, саған алып қойыппын. Кешір, айналайын.

Осы кезде менің есіме Ғазиза әпке түседі

- Хаххаха))) Ештеңе етпейді. Ғазиза әпкеге хабарлассаңыз, сәлем айтыңыз. Аман-есен қол-аяғын бауырына алсын!

- Жарайды, айтайын. Жақсы

- Жақсы, сау болыңыз!

 

Бұрындары аттас кісілердің оқиғасын естігенде ішім түйілгенше күліп едім, мінеки, өз басыма келді)))

Және де осы есімді көбісі дұрыс айтпайды. Дұрысы "ҒазизА", бірақ, көбі "ҒазИза" дейді. Жынға тиеді, бірақ құлақ бірте-бірте үйренді))



Бөлісу: