Ғасырдан да ұзақ күн - әдебиеттің бейнесі(Байқауға!)

Ғасырдан да ұзақ күн - әдебиеттің бейнесі(Байқауға!)
жеке
блог
Сәлеметсіздер ме, қадірлеуге лайықты массагеттіктер!
Иә, "Мақсатыңа массагетпен бірге жет" байқауының үшінші аптасы да басталып кетті. Блогтарды үзбей оқып отырып, барлық қатысушылардың білгірлігі мен талпынысын айқын байқағандаймын! Қай-қайсысының болса да, жеңіске деген сенімі, жүзеге асыруды талап ететін мақсаттары бар. Ендігі кезек - орындау. Байқаудың маңызы да осыда. Бәріне тек сәттілік серік болғай!
 
Кітап оқу - менің мақатарымның тізбегінде алдыңғы қатарда(мұны екінші блогымда жазғанмын). Мен өзіме мақсат етіп әдебиеттің асылдарының бірі болып табылатын "Ғасырдан да ұзақ күн" романын бекіттім. Авторы - "Адамзаттың Айтматовы". 
 
Атына қызыққандықтан да болар, арнайы іздеп кітапханаға табан тіредім. Кітапхананы  "тыныштық құрсауында орналасқан,  қазыналар жасырылған әлем" деп сипаттасам артық емес. Әр қадамың анық естілетіндей тыныштық, айналаңда мұқабасы көз сүйсінтерлік кітаптар тізіліп тұр...жауһары ішінде.
Іздеп жүріп, мұқабасы қатты, "Атамұра" баспасында басылған Шыңғыс Айтматовтың кітабын көзім шалды. Дереу қолыма алып қарадым, дәл өзі. Ең алғашқы бетіне автордың бейнесі басылған екен, одан кейін тақырып пен эпиграф жазылған да, роман басталып кеткен...
 
Роман түлкінің темір жол бойындағы тіршілігін сипаттаудан басталады. Ұланғайыр Сарыөзектің Боранды разъезінде қырық жылдан астам уақыт еңбек еткен Қазанғаптың өлімімен роман толықтай өрбиді. Сол кісінің өлер алдындағы аманаты өзін Ана Бейітке жерлеу еді… 
Романда тіршілігі қызу қайнап жатқан әлдебір бірнеше кеңістіктер бейнеленеді: Боранды бекеті, Сарыөзек, ел, мифологиялық кеңістік және Жер планетасы мен оның төңірегіндегі ғарыш. Осы кеңістіктердің тоғысында жазушы қаламынан бас кейіпкер Боранды Едігенің образы туады. 
 
Сол Едіге түрлі кедергіге қарамай досының ақырғы аманатын орындауға таң атпай сапар шегеді. 
Жол бойы Борандының Едігесі үлкен сынақтан өтеді, ол - өзінің бар өмірін, өткенін еске алып, баға беру болатын..
Едігенің өткені оқырманның қызығушылығын оятатындай қызықты да шынайы.
Едіге дүниежүзілік соғыстың жан шарпыған сұрапыл отын кешті, контузия алды, туылғанын көрмей жатып ұлынан айырылды, барар жер басар тауы қалмаған шақта Қазанғапты кездестірді. Қазанғаппен иық тіресе отырып сұрапыл  соғыстан кейінгі жылдардың жоқшылығын көрді.
 
Едігенің әйелі Үкібаланың тапқырлығы, көрегендігі  романда әлде неше рет жазылған. 
 
Боранды Бекеттегі тағдыры қиын тағы бір кейіпкер - Әбутәліп.
Болгарияда тұтқында болған Әбутәліп Құттыбаевтің соғыстан кейін «шет елде тұқында болған» деген қате түсініктің әсерінен жұмысқа орналаса алмай шөл даладағы Сарыөзекке келуі… 
 
Бұл туындыда ерекше әсер қалдыратын - мифологиялық әлем.
Ел ауызында сақталып келген "Найман-Ана" мен
«Раймалы-ағаның Әбділханға айтқаны» деген аңыз қамтылған.
Алғашқысында Сарыөзек даласына бас салған жуан-жуан тайпасының тұтқындарын адам төзгісіз азаптауы, ақыл есінен айыру мақсатында басына түйенің көн терісін қаптап, "мәңгүрт" күйге түсіруі ашық бейнеленген. Соғыстың ауыртпалығына қарамай, мәңгүрт ұлын құтқару үшін жаудың даласына аяқ басқан ананың қиындығы, баласына деген махаббатын оқығанда жүректі елжіретері анық...
Екінші аңызда: Жас кезінде той-думаннан көз ашпаған алпауыт ақын Раймалы аға қартайған шағында үйінен шыға бермесе керек, күндердің бір күнінде жұрт өтінген соң, бой жазу мақсатымен бір тойға түседі. Киіз үйде отырғанда сол бөлмеге 19 жасар ақын қыз Раймалы ағаға сөз айтып, екеуі қосыла тойды жандандырады. Жасы алпысқа келіп жас қызға ғашық болған ақын ағасы сол күні ертеніңе жәрменкеде жас қызбен кездесуге сөз байласады. Раймалы ағаның інісі және соның туыстары бұл бассыздыққа наразы болады. Әулетіміздің атына кір келтірді деп олардың кездесуін болдырмай, ақынның домбырасын қиратып, Сарыала атты асыл түйесін бауыздайды да, дәрмені қалмай, туған інісінен осынша азап көрген ақынды ақ қайыңға таңып кетеді.
 Туындыда оқиғаның соңы "Сонда ақын ән бастады сөнбейтін, өзі өлсе де, мәңгі-бақи, заман-заман өлмейтін:
 Қаратаудан көш қайтқанда,
Қолымды шеш, Әбілхан.
Көкшетаудан көш қайтқанда,
Арқанды кес, Әбілхан..." деп басталатын өлеңмен аяқталады.
 
Романда  фантастикалық элементтер де орын алған, олар: Едігенің түлкіні көз жұмған Қазанғаптың рухы қонған жануар деп пайымдауы, ғарыштағы орбиталық станцияда орын алатын оқиғалар, Найман Ана, түйелер туралы аңыздар. Осылардың үшеуін сәйкесінше осы шақ, келер шақ және өткен шақ деп бөлуге болады. 
Айтматов осы негізгі үш элементтер арқылы өз туындысында уақыт пен кеңістікті астасырып, романның бүкіл желісін тудырады.
 
Осындай үш шақ түрлері романның соңғы жолдарында тоғысады. «...Дүние әлем жалын боп қирап, аспан төңкеріліп төбеге түскендей болды... Қарапайым ғана тірі жандар – адам, түйе, ит үшеуі есінен танып, аулаққа безіп барады. Үрейден есі шыққан бейшаралар алапат жалынның жарығына аяусыз жанып бара жатқандай қараңғыдан қайта-қайта жарқ-жұрқ етіп көрініп, бір-бірінен айырылып қалудан қорқып, бірге зытып барады...» 
 
Туындының шешімі - аманаттың орындалмауы.
 
 Ана-Бейіттің тыйым салынған зонаның ішінде қалып кетуі. Амалы таусылған бір топ ерлердің Қазанғаптың мүрдесін Құмдышап төбесіне жерлеп келуі, сол оқиғандан кейін, Едігенің Сарыөзек даласы жөнінде ойланып, басшылыққа шағым түсірмек ниетте жабық зонаға беттеп, мардымды жауап ала алмай елге өкінішпен қайтар жолда "Құрсау" операциясы бойынша аспанға көтерілген ракета әсерінен болған құбылысқа куә болуы.
 
Оқиға Едігенің қыздарының Борандыға келуімен, осы кезде Едігенің өз мақсатын орындау үшін жоғарғы жаққа шағымдануға кетуімен аяқталады. 
 
Осы бір ғажайып туынды үшін мен ең биік баға беретін едім. Оқуға жеңіл, айтар ойы мол. Барлық кітап сүйер қауымға романды оқуға кеңес беремін!
 
Ал сіздер, массагеттіктер, маған қандай кітап ұсынасыздар?