Ғасырдан да ұзақ күн

Ғасырдан да ұзақ күн
жеке
блог

Қуанышқа толы бір күн, қызықсыз өткен ғасырдан мың есе артық екен да э (с) Хамитолла Жәмшітұлы. Әуесқой философ.

- Араларыңызға көптен бері бас сұқпай кеткеніме алдын ала кешірім өтінемін. Өкінішке орай, мұның бәріне уақыттың аздығы мен ыстық жаз күні, өмірдік шолақ мазмұны кінәлі болып жатыр. Өмірімде көп нәрсе өзгерді, қайтара алмайтын күндер....

- Стоп! Жылауық философияңды жинастырып тұршы а?!

- Былай болса қалай? ...Сағат түнгі 3:18. Осы түн...

- Стоооп, стоооп! Жүдә, оқып жатқан адамдар сағат білмейді, иә? Басқа бірдеңе керек еу! Энергия, эмоция, экономика, тфуй мен де қуыватырмын. Сағат түнгі 3:20 болып қалыпты ғой...

- Жарайды. Онда бұл, бүкіл блог тарихында жазылған ең нашар пост болады!

Бүгін қай пері ұрып, ұйқы безімнің жұмысын белгісіз құбылаға бұрып кеткені белгісіз, ерте тұрып кеттім, ощм адам сенгісіз :) Сағатқа қараймын, 9:00! Қалайша, ойыбааай қалайша бұл? Мен 7:03 те ұйықтадым емес пе? Ооо, құдай-ау, бұл қай жақсылығым үшін берген сыйың еді?! Жоооқ, сене алмаймын. Тағы ұйықтап көрейінші а! Мүмкін, уақытша сезім болар? Жооқ, ұйқым келер емес!

Офиске келдім. Компьютеріне тұла бойымен еніп кеткен, екі жігіт отыр.

- Жарты сағаттан соң оятыңдаршы, - деп екінші бөлмедегі орынның біріне жата кеттім:

"Мәәә, ана логотипті үлкейте салу керек еді..."

Ощм мына посттың қалғанын таңертең жазамын:)

Бір күн өтіп кетті:) Енді жалғастырайын, иә:)

Иә, сомен не істедім? Жарайды, естен шығып кетті. Басқа бірдеңе айта отырсам, иә? Жарайды:) Соңғы кездері ауылды сағынып жүргендіктен туған үйім туралы жиі ойланып жүрмін. Бірге еске алайықшы, достар!

5:00 Әдетте күн шығып жатқан болады. Ол кезде мен үйдің аааарғы жағындағы төбеде қойларды түнетемін. Маманың алыстан айғайлаған"тұр-әйінен" оянасың. "Бесте тұрууу? Ууужыс" деп жатқан көңілі блонд бикештерге айтайын: Біздің жайлауда одан артық ұйықтау мүмкін де емес:) Не деватқан едім? Ааа, ия, сөйтіп әуелі қойларды жатағындағы сеткі қорадан шығарамын да суат жаққа бағыттап жіберемін. Қораның жанындағы жатқан кереуетімдегі жеңіл көрпелерді қағып (албасты лақтар, түнде қомалақтатып кетеді), жинап, сүйеп қойған "Ласточка" деген жасыл велосипедіме мініп үйге қарай тартамын. Үйге келген соң, жуыну-шайыну, тамақ дайын болғанша үйдің артындағы көлеңкеде көкемнің бірен-саран әдеби кітаптары мен газеттерін ақтару. Бұл аралықта, мамам үйдің алдындағы қорадан сиырларды сауып екі шелегін арқалап шығып келе жатқан болады.

7:00 Тамақ дайын. Дастарханға жақындайсың:) Жайлауда бір жақсы жері, таңертең қаласаң да, қаламасаң да тамақ ішесің. Қалада таңертең жеңіл тамақ қана қабылдайтын асқазаның әдірең қалып, бейне бір қасқырға айналады. Мен сүт іше алмаймын. Соным үшін жас кезімде үйден талай ұрыс та естігенмін. Себебі, аузым қайнаған судан күйген кезде басқа ештеңе іше алмай, тек қана сүт ішетін едім. Күйік кеткен бойда сүт ішуге тәбетім мүлдем қашып кетті. Жарайды, бұл неыптему:) Ощм, кешегі күннен қалған етің бар ма, қазың бар ма қоймай құдығыңа тастай бересің:) Қарын тойған соң, атты ерттеп отарды суатқа (мал суаратын жер) апаруға дайындаламын.

10:00 Бетті ақ шаршымен байлап (өйткені күн өте ыстық, 30 минут бетпердесіз жүрсең болды, африкалық кім, сен кім құдай біледі), атқа әуп деп мініп, қойлар беттеген тоғайға қарай тартасың да жөнелесің. Айтқандай, дорбада радио мен кітап. Ауылда болғандар білетін шығар, егер қой егіндікке түсіп кетсе, одан ауыр күнә жоқ:) Сол үшін жылдамдатып барып, малдың бағытын "Құйған" деген жақтағы суатқа беттетемін. Суатқа дейін 10 шақырым, ал таңертеңгі аш қойлар, тез жүреді деп ойлаудың өзі тіптен, біртүрлі нәрсе. Отар асықпай жайылуда. Радио қосып көресің, пышылдап біраз толқындарды таппай әуреленесің. Бір кезде: "А'ло ФМда күндүзги хангомалар..." Уһһһ, қызық болмай кетті, мынау радио. Қоржыннан әкенің кітабын шығарамын. Атты байлаймын да, өзім жыңғылдың көлеңкесіне жата кетемін. Иә, тоғайларда жылан, шаян, бұзаубас сынды зиянкес жәндіктерді жиі кездестіресің. Бірақ, қорқынышты емес:) Сонымен, кітап оқу басталады. Кітап сюжеті көз алдыңнан өтіп жатады, өтіп жатады. Бірааз жерге жеткен кезде тоқтайсың да, қойларға назар салып қоямын. Қарасам, ұзаққа кетіп үлгерген болады. Жайылып тұрған аттың жүгенін қайта аузына салып, жолға түсесің.

12:30 Суатқа жеттім. Бұл суатқа осы жайлаудың барлығы келеді. Бейне бір базарда тұрған сияқты боласың. Ауыл адамдары ақкөңіл ғой. Мән жайыңды сұрап, аз да болса білгендерін айтып, әйтеуір жақсы әсер қалдыруға тырысады. Осы арада Келестің мұздай суына күмп бересің. Арғы жағалаудан келіп, су ішіп жатқан сиырларды сүңгіп барып, шошытудан асқан адреналин бар ма екен өмірде:) Сөйтіп жатқанда інімде келіп қалады. Ол сиырларды суаруға әкеледі. Бір тағы да біраз шомылып болған соң, қайтудың жөніне кірісеміз. Күн ысып жатады. Соған қарамай қойлар мен сиырларды жол бойымен айдап, үй жақтағы жарға әкелеміз. Өйткені, күн ыстығынан паналайтын жер сол ғана.

14:00 Үйге келіп, маманың дәмммді тамағын сіміріп алып, ұйқыға кетеміз.

17:00 Күн ыстығы басыла бастағанда асықпай үйден шығамыз. Жертөледен қарбыз немесе қауын алып, оны да асап жібереміз де, үйдің айналасындағы майда шаруалармен айналыса бастаймын. Яки, ініммен бірге тракторға отырып, "Бәркер" деген тегістіктен шөп жинаймыз.

20:00 Үйге келіп, кешкі асты ішеміз. Отбасы ортасында әзілдесіп, күлісіп тамақтанудың өзі бір ләззат:) Көкеммен әртүрлі қоғамдық және танымдық бағыттардағы әңгіме өрбиді. Көкем мектеп бітірмеген кісі. Бірақ, тарих, география, әдебиет деген сияқты әлеуметтік пәндерді кез-келген университет оқытушысынан жақсы біледі. Баяғыда мектептен жазға оқуға әкелген оқулықтарымыздың барлығын жаз бойы көкем оқып бітіретін еді:) Әңгіме біткен соң, тауықтарды қонақжайларына жайғастырамын да үйге кіремін.

22:00 Бұл сағат біздің отбасының ең эмоушнал момэнттерінен бірі. Неге? Өйткені, сериааааааал:) Аккумуляторға қосылатын кішкентай, аз қуатты теледидарымыз бар. Сериал басталғанда барлығымыз соған терміле қаламыз. Бір жылдары үйге қытайдан күн көзінен қуат алып, энергия тарататын аппарат әкелгеніміз бар еді. Сол аман болғыр аппаратпен аккумуляторды күнімен қуаттап, түнде теледидар көреміз:) Иә, иә! Жайлауда электр жарығы қайдан болсын?!;) Тіпті, ұялы операторлардың аясы да жоқ. Осылайша, сериалды бітіріп, (айтқандай, бізде Қазақстандық арналар жөнді ұстамайды) өз жұмыстарымызға көшеміз. (Осы орайда біздің отбасы Жумонг сериалын Қазақстандағы көрсетілімінен бір жыл алдын көріп қойғанын айта кетсем:)) Бұл уақытта отар өзі айналып жайылып, түнейтін жерлеріне келген болады. Мен әдеттегідей жасыл "Қарлығашыма" мінем де, кереует жаққа тартып кетемін. Қойларды сеткі қораға қамап, көрпелерді қағып жіберіп, қараңғы түнмен бір терең ойлар мен армандардың құшағына кете барамын. Аспандағы жұлдыздарға қарап, айдың бұлттар арасымен білінер білінбес жылжуын көзіммен бақылап, ұшқан жұлдыздарға тілегімді жолдап, ұйқыға да кетемін...

23:59 Еее, дүниеее, неткен кең едің. Бізді қоя берші, өмірде талай жақсылар бар. Соларды сақта! Ертең жаңа күн, жаңа оқиғалар мен жаңа әсерлер...