Ғашықтық - мейірім екен...

Ғашықтық – мейірім екен...

Көзімді жұмсам да сенің бейнең кетер емес. Құлағымда үнің. Сен мен үшін алыстағы сағым секілдісің... Жанымдасың, бірақ, сол сағымдай елессің. Теңіздей терең, тас құдықтай тұнықсың. Сол теңізбен қанша жүзсем де, сен жағадасың, ал мен болсам, жағаға жетер емеспін.

Неге, шіркін-ау мен жел болмадым?! Сенің жаныңда самал желдей бірге болып, аялар едім. Неге құс болмадым? Сенімен бірге болу үшін қанатымды талмай қағар едім. Неге күн емеспін? Сәулелеріммен тәтті ұйқыңнан оятар едім. Неге тым құрығанда ауа емеспін? Мені көрмесең де, білмесең де, құшағыңа алмасаң да әркез менімен тыныс алып, менсіз өмір сүре алмас ең.

Менің өмірімнің барлығы сенімен байланысты. Әр күнім сені ойлаумен өтуде. Өңімде де, түсімде де, қиялымда да сенсің. Жүзімде күлкі, жүрегімде мұң...Иә, мен мұңаямын. Өйткені сені іздеймін. Жаныңа барсам да, тіл қатсам да, жүрегімдегі нәзік сезім туралы сыр шерте алмаймын. Тек ақ қағазбен сырласамын, өзіңе арнап жыр жазамын. Осылай ғана мен өзімді жұбатамын. Бірақ мен бақыттымын! Ғашық болғаным үшін. Білесің бе, менің не армандайтынымды? Жоқ, әрине білмейсің. Мүмкін білгің келмейтін де шығар...

Егер сенің жүрегіңнің дүрсілі мен деп соқса, мендегі жүрек те сен деп соғар еді. Сенің мөлдіреген көдеріңде маған деген махаббат болса, менің де көзімнен мейірім төгілер еді. Сенің әр қадамың маған қарай ұмтылса, менің де әрбір жүріп өткен жолымнан саған деген адалдықтың ізі сайрап жатар еді. Бірақ...бірақ бұл жолдар тек шын ғашықтарға тиесілі. Ал біз болсақ бірін-бірі сүйген ғашықтар емеспіз. Мен сені ұнатамын. Ал сенің жүрегіңде кім бары бір Аллаһқа ғана мәлім. Мен үшін үлкен құпия. Ол құпияны мен мәңгілік білмей өтетін шығармын, кім білсін? Беймәлім ғашықтық әлеміндегі үлкен сырды шешу менің қолымнан келмейді. Бәлкім, бізді тағдыр жолықтырды ма? Әлде мендегі бұл сезім өткінші жауын секілді өте шыға ма? Махаббат сезіміне мас болу сендегі ешбір кемшілікті көрсетпейді. Тәңір көзіңді көруге жаратса да, өзгелерді тіпті, көрмек түгілі, елемейсің де.

Қолыма қағаз бен қалам алсам, тек сенің есімің жазыла береді. Ғашықтық бақыт пен қуанышқа толы емес қой. Ғашықтық та – қайғы. Жүрегіме қаламмен емес, қанмен жазылған есіміңді қалай өшіремін? Кімді кіналаймын, махаббатқа мас болған өзімді ме, әлде ғашықтық деген сезімді ме? Білмеймін. Бір білерім, менің жүрегімде тек мейірім ғана бар, мейірім. Ғашықтықтың да жұбанышы тек мейірім ғана секілді...



Бөлісу: