Бүгін көптен күткен көктемнің алғашқы күні. Көңіл күй керемет болар барлықтарыңызда. Мен үшін бүгін күн ауыр болғанымен, кешкісін досыммен бассейнге барып, бір сергіп қайттым. Өзім сияқты аптасына 5 күн жұмыс жасайтын кеңселес әріптестерім жұма күнін ерекше күтетіні жасырын емес. Барлық жоспарды осы жұмаға туралай бастайды, әдетте. Бірақ, мұның барлығы күнделікті күйбең тіршіліктің қамы ғой.
Бүгін, мен өзіме жаңа әлемнің есігін қақтым. Оны сырттай танитынмын, мүмкін, есігін қағуыма өзі себепкер, бірақ түкпірде жатқан сезімнің оянуына түрткі болды бұл күн. Жаңа әлем қашанда жаңалығымен қызықты ғой, бірақ бүгін расымен де осы қызығы мәңгілік болса екен деген үміт басымдау болды. Батылсыздығым бар, мүмкін таңдау, мүмкін басқа себеп, очм, етекті жандарға тіпті ебім жоқ өзімнің. Алыстан сыйласамын көбінесе. Жүректегі сырдың құлпын ашуға тым асықпаймын. (мүмкін ерекше "лүп" еткізерін күтіп жүрген болармын). Өзімді ересек адамның қатарына жатқызсам да кейде баланың тірлігін жасаймын. Мәңгілік бала болып қалғым келгенін, келетінімді қалайша жасырайын. "Балалық бал шақ" деген бекер емес екен. Ол сәттің алыстаған сайын тәтті бола түсетіні енді түсіне түскендеймін. Мойнымды қанша бұрып қарамаймын десем де, бәрі-бәрі сонда қалды емес па?
Сырттай иемденетіндерден қашушы едім, бірақ өзімде сондай екенмін. Ол тек ғана менікі болса екен деп қоямын. Әзірге ештеңе басталмаса да, бастап қойған сияқтымын өзімше. Сол бір қызыққа толы жылдан бері "селт" еткізген жан осы болды ау. Осы аралықтан қанша жанмен таныстым, араластым, есте қалатын бірі жоқ. "Селт" етпедім. Осы бірақ, "сынып" қалдым. Жігіт аңғал келеді деген рас. Қанша жерден пысық, тілі өткір, әзілкеш, қу, батыл болсын қыздың қулығы мен құрығының алдында әлсіз, дәрменсіз. Былтыр блогқұрылтай болады деп ұйымдастыру шарасы аясында "ұйқы ашар", "селт еткізер" деген салттың бар екенін біліп едім. "Ұйқы ашарды" қыздар ұсынады екен, "селт еткізу" жігіттің мойнында. Ал, енді қарап тұрсам ол мені әлден-ақ "селт еткізіп" отыр. "Ұйқы ашарымен" таңқалдыратынынан күмәнданбай-ақ қойыңыздар. Дәл қәзір сағат 02-12 (01.03.2014ж) ол менің ұйқымды да ашып, тіпті ұйқымды ұрлап отыр. Өмір қызық дерсің. Өзі соңғы уақытта қызығушылығым өте аз. Бір қызықтың енді басталып келе жатқаны өзіме ұнап отыр. Уақыт бәріне емші ғой...