....Ғашық екенімді білмеппін...

....Ғашық екенімді білмеппін...
жеке
блог

*** ...адамдарға сенбеймін. Мүлдем. Себебі де бар. Қашан, қай кезде, не себептен "адамдарға сену" деген тіркестің мен үшін құны болмай қалғаны есімде! Есімде! Бәрі де есімде! Сол жанның сол өтірігімен өмір сүріп жүргендігін ойласам,  жалпы... Құрсыншы! Қалған көңіл қалды ғой. Мейлі! Тек адамдарға деген сенімімді ұрлап алғаны үшін мен ол жанға қатты өкпелімін...

Н.ғ.: ... мен де жәй ғана өмір сүргім келген еді ғой... адамдарға сеніп...

*** "Мен қателік жасадым ба, Мақа-ау?"... деді әкем өткенде ауырғанында. Жүрек түбінен үздіге шыққан үні кәрілік жеткен, пілтелі шамдай ғана жылт-жылт еткен қос жанарындағы мөлдір жаспен бірге іркілуге шақ қалды... Әжім басқан жүзінің әжімдерін санасам да, санына жетпесімді аңғардым. Аяп кеттім... Алдымда әкем емес, көптен жәбір көрген, әбден қиналған, соққының астында қалған, бәрінен қорқатын кіп-кішкентай "үлкен" адам отырғандай болдым. Қатты-қатты құшақтап, көз жасын сүртіп, "Әкетай-ау, енді ешкімге Сізді ренжітуге жол бермеймін!" - дегім келді... Бар асылым өзіңізсіз ғой, Жан Әкешім!...

Н.ғ.: ...әкем де анашымды сағыныпты-ау... мен де...

*** Аспаннан нұр жауып жатыр! Неткен әдемі еді! Құдды бір аспаннан "Армандарың орындалады түбі, адамдар! Сендердің мұңаюларыңа жол болсын! Көрсоқыр болғаннан саусыңдар ма?! Дүние кіршіксіз ғой!  Көңілдерің де сондай болуы керек! Сонда бәрі де жақсы болады! Тек сендер жүректеріңмен сырласуды тоқтатпаңдар! Армандарың да біз сияқты мамық, әрі аппақ, ұстатпайтындай "ерігіш" екені рас. Бірақ бізді көргенде бір сәтке қуанышқа, өзіңе мәлім емес шаттыққа бөленетіндерің рас қой?! Армандарың да орындалады! Орындалғанда осыған ұқсас сезімге бөленесіңдер! Тек күту керек! Біз қыстан басқа мезгілде жаумаймыз ғой... Армандарың да өз "мезгілін" күтуде... "... дегендей аппақ қар жауа берді, жауа берді... Кірпіктеріммен тосып алып, жынды адамша өзімнен өзім жымиып, күліп, қуанып тұрған мен жылы жүзіме тиіп, еріп жатқан қармен араласқан көз жасымды тыя алмадым... Езуде мұңды күлкі, жанарда қар араласқан жас, жүректе алып-ұшқан сезім... Еһ, бір басыма мұншама бақыт тым көп емес пе екен?!

Н.ғ.: ... осындай кереметті көре алатын көз бергеніне Аллаға мың шүкір... Сезімді сезіне алар жүрек жайлы сөз өз алдына басқа әңгіме... Қысқа мұнша ғашық екенімді білмеппін...

Сурет google.kz сайтынан алынды.