Ғашық болуға жаралған қыз (болған оқиға ізімен)

Ғашық болуға жаралған қыз (болған оқиға ізімен)
жеке
блог

 

Қаршадайынан қара қыз қиялшыл болды. Жылт еткен тіршіліктен ләззат алатын нәзік жаны айналадағы адам атаулыға тіпті мейірімді еді. Бәлкім, содан шығар, тез ғашық болып қалатын.
Мектепте оқып жүргенде қаладан келген аққұба балаға көзі бірден түсті. Ауылға үйренбеген қала баласының қылығы түгіл, киімі де сәнді-тін. Інжуге ұнағаны да сол. Кіршіксіз тазалықты сүйетін оқушы қыз қала баласымен тез тіл табысып кетті. Екеуінде де сөзбен емес, көзбен ұғысатын қасиет басым шықты. Бір сыныпта оқитындары өз алдына бір бөлек, бос уақыттарында да ұшырасып қалуы жиілей берді.
Уақыт өте келе бозбала мен бойжеткен арадағы достықтың махаббатқа ұласып кеткенін сезбей де қалды. Бірінсіз бірі қатыспайтын мектептегі би кештерінің соңы ұзақ сырласуларға ұласатын. Әсіресе, Інжудің есінен нөсердің астында ақтарыла айтылған махаббат әңгімесі әсте шыққан емес. Жүректің пернесін дөп басқан жігіттің «сүйем» деген сөзін Інжу де жауапсыз қалдырмады.
Өкініштісі, елжірей, көзіне жас ала еске алатын ғашықтықтың ғұмыры тым қысқа болып, қол ұстасқан қос ғашық түсініксіз тарқасып кете барды...
Інжу онжылдықты бітірген соң құжаттарын Шымкенттегі жоғарғы оқу орындарының біріне тапсырды. Сәтсіздіктің көп себептерінің бірі айрылысу болды ма, әйтеуір қыз студент атанбады. Көпшіліктің айтуымен «Көмек» деп аталатын оқу орталығына барып ағылшын тілінен дәріс алды. Сертификат сумкада қалды да, қызға қызметін жасай қоймады. Түсініксіз түйткілдермен ойша алысып жүргенде жыл да сырғып өте шықты.
Құжаттарын қайта тапсырғаны да дұрыс болған, әп-сәтте студент атанды. Жатақханаға жайғасам деп тіпті де ойламаған Інжу студенттік өмірдің қайнаған ортасына қалай тап болғанын сезбей де қалды. Қызық былай басталды.
Бірде сабақтан ерте шыққандықтан қыздардың бірі жатақханаға шақырды. Бөлмелерін жинастырып қойыпты. Автобустан ауылдан сәлемдеме күтіп алуға кетті деп отырған құрбылары артына-тартына, ұзын қапты ішке сүйрей кірді. Сөйтті де, қауын-қарбыз салынған қоржынын жатақханаға қалай жеткізгенін майын тамыза әңгімелеп жатыр. Әзіл-күлкісі жарасқан қыздардың ортасы Інжуді қатты қызықтырды. Шешімін үйдегі жеңгесіне айтқан еді, ол аздап ренжігендей болды. Бірақ қайнаған қым-қуыт студенттік өмірден қайын сіңлісін арашалай алмайтынын сезіп, басын изей берді.
Қала баласы туралы ойлар Інжуді оңайлықпен еркіне жібере қоймаған-тын. Дегенмен, жаңа таныстар, ертеңгі достар ескінің бәрін көмескілендіріп жіберді. Қыздар да өзі секілді қиялға аса бай екен. Бірі өлең жазса, енді бірі ән салады. Үшіншісі – суретші. Бөлме толы кітаптар. Рухани құлдырап жүрген Інжуге бұл таптырмайтын орта болып шықты...
ЖАЛГАСЫ БАР...