Ғашық болуға жаралған қыз (болған оқиға ізімен)-4
жеке
блог
блог
СОҢЫ.БАСЫ ӨТКЕН САНДАРДА.
- Бәрі де сенің бойдақ емес екеніңді біледі ғой. Неге бұлай істейсің? Әлде, маған қиындық туғызғың келеді ме?
- Інжу, ғашық болудың ғажап екенін енді ғана ұққан мені аяшы!
Қыздың көңілі босап кетті:
- Білесің бе, Дәулет. Мен махаббатта мүлдем жолы болмаған адаммын ғой. Ғашық болудың ғажап екенін түсінем. Бірақ... Бірақ... тағдырдың маған жазғаны «бойдақ махаббат» емес, «үштік махаббат» болса керек. Оқушылық өмірімдегі де, студенттік ғұмырымдағы да, міне енді, қызметтік өмір жолымдағы да... Не деген сәтсіздігі басым пендемін?! Мүмкін сезімнің ұлылығы да сонда шығар. Сондықтан ғана аса қадірлі шығар мен үшін.
Сыр шертіскен екеудің әңгімесі шынында да көңіл толқытарлық еді. Осы күннен бастап қыз бен жігіттің сағынышты сырларға толы кездесулері жиілей берді. Артық қылықтарға бармай-ақ қос жүректің қауышуы қарапайым да жарасымды жалғасты.
Колледж әкімшілігі ұйымдастырған Жаңа жыл кеші сегізінші мөлтекаудандағы «Самұрық» ресторанында дүрілдеп өтті. Кешке келген оқытушылар мен қызметкерлердің қай-қайсысы да Дәулеттің жұбайын көруге асыққан.
Сәнді киінген аққұба, орта бойлы келіншек мінезінің шалалығымен жұртты өзіне қаратты. Жүкті де сияқты. Дәулетпен бір нәрсеге келіспей қалды ма, бір кезде жұлқынып сыртқа шығып кетті. Інжу келіншекті аяды ма, құлап мертігіп қалмасын деді ме, жүгіріп сыртқа бұ да шықты.
- Гүлзат, Гүлзат, тоқташы! Түн ортасында қайда барасың?
Адуын келіншек мұның айтқанын құлағына да ілмеді, такси тоқтатып жөнеле берді.
Жүгіре шыққан Дәулет жерге отыра кетті. Ал Інжу:
- Осының бәрі менің кесірім шығар. Отбасылы жанға ғашық болып... Бақытсыз жанұяны қолдан жасадық-ау деймін, - деді күрсініп. Ал суыққа бүрісіп отырған жігіт:
- Ол жанұя баяғыдан ақ бақытсыз болатын. Арманы менімен ажырасу шығар. Орындалады! – деді ширыға.
Інжу өзін қатты ыңғайсыз сезінді. Сөйтті де мазасы болмай кеш аяқталмастан үйге қайтып кетті. Бұл оқиғадан соң ол ұзақ уақыт суретші жігітпен тіпті хабарласқан жоқ. Меңтайдан ақыл сұрап еді, ол да осыны құптаған сияқты.
Жұмыста кездесіп хал сұрасқаны болмаса, Інжу басқа тақырыпта әңгіме қозғағысы кемейтінін байқатты. Жігіттің жабырқау жанары бұған инедей қадалады. Бірақ, амал не? Гүлзаттың құқығы басым, әрі заңды да.
Айлар өтіп жатты. Біздің кейіпкердің күнделігі қалыңдап, күннен-күнге сағыныш сырын шерте берді.
Мамыр айының мамыражай шуақты күні табиғат-ананы құлпыртып жібергендей. Дәулет аурухана палатасынан егіліп шықты. Жұбайының жанары тым солғын. Енді ше, қант диабеті дертіне шалдыққан жанды не деп жұбатарсың?! Баланы да жоғалтты. Тағдырына налыған Гүлзат күн өткен сайын шөгіп барады. Бұл дертке қайдан ғана шалдыққанын өзі де сезбеген. Бала табу енді мұның маңдайына жазылмаған екен. Дәрігерлер де жас келіншекке жәрдемдесе алмайтындарын ашық айтты.
Палатаға қайта кірген күйеуіне аянышты көзбен ұзақ қарап жатты да:
- Мен Алматыға әке-шешеме барам. Бізге ажырасудан басқа еш нәрсе де қалмаған сияқты. Сенің бағыңды байлап, мен де бақытты бола алмаспын. Артық кеткен жерлерім мен дөрекіліктерім үшін кешірім сұраймын. Тәңірім жазалаған мен сияқты бейшара адам бұл өмірде сірә да бақытты бола алмаса керек, - деп жылап жіберді.
Осы сәтте суретші жігіт келіншегін сұмдық аяп кетті. Қырық жанды әйел атаулының көрер азабы мен қиындығын жүрегімен сезінді. Келіншегінің бетін жуған жасты алақанымен сүртіп жатыр, сүртіп жатыр...
Інжудің Алматыда жүргеніне он бірінші күн. Өнер академиясына оқуға тапсырған. Шығармашылық қабілетінен үлкен үміт күтіп жүр. Ата-анасы да қыздарының бұл шешіміне қарсы болмады.
Әсем қаладағы өнер ордасы мұны құшақ жая қарсы алды. Емтиханның нәтижесін естіп, шаттана айқайлап, ұялы телефонымен Шымкенттегі Меңтайға қуанышын жеткізіп жатқаны сол еді, кенет артынан:
- Қарындас, сізді құттықтауға бола ма? – деген таныс дауысты естіді.
Қараса – сонау балалық дәуреннің бал күндерінің елесіндей болып, бір құшақ гүлін ұстаған «қала баласы» тұр...