(БАСЫ ӨТКЕН САНДА)
...Араға аз ғана уақыт салып ол ауылды сағына бастады. Жусанның иісі мен бидай масағына толы дала төсі мен тау баурайының толастамайтын желін аңсады. Аңсады да ауылға тартты. Махаббаты қалған мекенде Інжу жаңа бір сезімнің туатынын тіпті де сезбеді.
Анасы мұны құшақ жая қарсы алды. Әкесі қырманда екен. Кішкентай інісінің маңдайынан құшырлана иіскеді де, бөлмесіне кіріп кетті. Біраздан соң сыныптастары Інжудің ауылға келгенін естіп үйге бас сұғып жатты. Араларында қала баласы көрінбейді. Қыдырып кетсе керек. Мейлі, аман болсын. Іштей осылай деген Інжу оның көзден ғана емес, көңілден де кете бастағанын алғаш рет аңғарды. Аңғарды да таң қалды.
Ауыл адамдарының әдетіне айналған кешқұрымғы малды өрістен күтіп алу үрдісі бұл күні де өз нақышынан жаңылған жоқ. Сусап келген қозыларға су әкелейін деп құдық басына барған қыздың назары көрші аулада жеңгесімен әзілдесе отын жарып жатқан қараторы, келбетті жігітке ауды. Жігіт те ағашты қолына қысып ұстаған күйі Інжуге қадала қараған.
Көп ұзамай пысық жігіт жеңгесін жүгіртіп үлгерді. Қалаға кетуге жиналып жатқан Інжуді таныс келіншек әңгімеге тартты. Жігіттің аты Бекзат екен. Қолқалап қоймаған соң қыз қаладағы мекен-жайын жазып қалдырды.
Күздің қоңырқай келбетіне аздап болса да сән кіргізіп тұрған ағаштар бірте-бірте жалаңаштана берді. Жер бетіне әппақ қар түсті.
Жатақхана мен институт арасындағы қара жол қос жүректі қауыштыратынын құпия ұстап мүлгіп жатыр. Інжу құрбысымен қар лақтырысып еркелей ойнап келе жатқан.
Кенет аялдама жанынан өте бере «Сол!» деген бір ғана сөзді дауыстай қайталады. Түкке түсінбеген Меңтай құрбысына: «Жүрсеңші, неғып тұрсың?» деп наздана айқайлап жіберді. Ал Інжудің жүрегі алқымына тығылды. Не болғанын енді ұққан құрбысы тез-тез аяңдап алға озған қыздың бетіне үңіле қарады.
- Ол кім еді?
Қойылған сұраққа жауап берудің орнына қолымен аялдамада тұрған жігітті меңзеді. Сөйтті де сыбырлап қана «Бекзат» деді.
- Келбетті екен, - деп жадырай күлген Меңтай құрбысының қойнына қарды сүңгітіп жіберді. Денесі тітіркеніп кеткен қыз мұздай қарды алып үлгерем дегенше денесінің жылуынан қар еріп сала берді. Ойнап-күліп қос құрбы жатақханаға да жетті.
Інжу түні бойы көз ілмеді. Күнделігін қолына алғысы келді, бірақ жарықты жағуға тәтті ұйқы құшағында тербетіліп жатқан құрбыларынан ыңғайсызданды.
«Аздап толған ба қалай? Күзде арық және ұзын жігіт еді ғой. Өзіне осынысы әдемі-ақ жарасып тұр. Бекзат десе Бекзат-ау!».
Ойы онға бөлінген қыз осылайша тағы да ғашық бола бастады. Бірақ, бұл қала баласына деген балалық махаббат сияқты емес, бойжеткеннің жарасымды ынтызарлығы еді.
Таң атты да, «қыздар, сабаққа бармаймыз ба?» деген ащы дауыстан оянған құрбылар кереуеттегі жастықтарынан бастарын жұлып-жұлып алысты. Сағат сегіз болып қалыпты. Дегенмен асығу керек. Қыз-қырқынның жиналуы белгілі ғой, ас ішуге қимаған санаулы минуттарын айнаға қарауға кетіреді. Биік өкшелерімен жолда тайғанақтап біраз жүретіні тағы бар.
Бірінші сабақ педагогикадан лекция екен. Асыға кірген алтауына оқытушы жақтырмай қарады. Өздері бұл лекторды қатты сыйлайтын. Күмәнді көзқарастың себебін тез түсінді де, қыздар орындарына барып отырды. Үлкен аудитория студентке толы. Інжу барлық лекцияда соңғысынан санағанда екінші қатарда отырады. Бұл жолы да дәстүрлі орнына жайғасты. Терезеге қарады. Дала әппақ. Кешегі кездесуге куә болған аялдама, әне, ап-айқын көрінеді. Адамдар суыққа бүрісіп автобусты тосып тұр. Кенет таныс сұлба жалт етті де, автобустың есігіне жармасты. Інжу орнынан қалай көтерілгенін де байқамады. «Сізге не болды?» деген дауыстан есін жиып үлгерді. Салима Қыстаубайқызы бұған күлімсіреп қарап тұр. Қаталдығы мен биязылығы бойына қатар жарасқан оқытушының студенттерге осы бір жымиысы ерекше ұнайтын. Киімді де сәнді киеді. Сірә, өзіне ерекше күтім жасайтын болса керек.
- А, а, ешнәрсе, ешнәрсе, - деді де Інжу сасқанынан дәптерді парақтай берді.
Таныс сұлба дегені қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Айдарбек ағай екен. Автобустан қайта түсті де ағай институтқа беттеді. «Уһ» деп демін алған ғашық қыз құрбысына қарап еріксіз жымиды. Бәрін бақылап отырған Меңтай: «Бұл туралы дастан жазбасам болмас, сірә», - деп сыбырлай тіл қатты. Ал Інжу «әзілі ме шыны ма» дегендей өлеңқұмар құрбысына сынай көз тастады. Жоқ, ол әзілдеп отырған жоқ екен. Салмақты сыңай танытты. Кенет үзілістің болғанын білдіріп қоңырау үні барынша шырылдады.
Суретші құрбысы Динара бұған тақап келіп:
- Інжу, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббаты саған да жұғысты болып жүрмесін, абайла! - деді әзілдей күліп. Осы бір құрбысының жігіттерге жағымды назды үні Інжуге де ұнайтын. Әттең, мұның да өз жүрегінің қалауы бар. Әйтпесе, жеңге қылсам деген арманы да жоқ емес.
Староста Арайлым деканаттан шықты да, топты аудиторияға шақырды. Айтатыны бар екен.
- Қыздар, Жаңа жыл келе жатыр. Дайындалу керек. Бізге бөлінген аудитория қабырғаларын әшекейлеуіміз керек. Суретшілерге жұмыс бар. Концерттік бағдарлама да қажет.
Інжу тағы да ой үстінде. «Осы Арайлым да Алматқа ғашық қой. Жүзіне қарасаң, бақытты сияқты. Бірақ екеуінің арасында аздап түсінбеушіліктер болып жүрген жоқ па?! Осынша күш пен жігерді қайдан алады екен? Оқуы да тиянақты, қоғамдық жұмыс десе ішкен асын жерге қояды. Ал мен ше? Аялдамада кездескен әлдебір бейнеге бола лекцияда да өзімді дұрыс ұстай алмаймын. Қой, болмас. Ойымды бір жерге жинақтайын».
- Інжу, сенің қандай пікірің бар? – деп тақылдай Арайлым мұның қасына келді.
Дұрыс, дұрыс, қарсы емеспіз, - дегеннен басқа сөз таппай, бұл басын изей берді.
Жаңа жылдың басталуына бірнеше күн қалды. Қыздар ерекше дайындық үстінде. Бөлмеде бірі сурет салып, екіншісі өлең жазып жатыр. Ал Жанар билеп жүр. Есікті тықылдатқан дыбыстан жұмыстарын тоқтатқан қыздар «ашық» деп дауыстады. Ішке ақ сары қыз басын сұқты да:
- Мұнда Інжу деген қыз тұрады ма? – деп сұрады.
- Иә, иә. Қыздар жамыраса жауап қатты. Інжу кереуеттен басын көтеріп еді, ақ сары қыз:
- Сіз бе? Сізді төменде бір жігіт шақырып жатыр, есімін айтпады, - деді.
Қыздар бір-біріне аңтарыла қарады. Інжу орнынан тұра бергені сол еді, Меңтай:
- Өзін құпия ұстаған ол кім болды екен? – деп Інжуге ұрлана қарады.
Інжу иығын қисайтқаннан басқа тіл қатпады да, сыртқа шығып кетті. Жүрегі дүрсілдеп барады. Баспалдақтармен төмен қарай жүгіргісі де келді, бірақ құпия жігіттің сол екеніне сенімсіз болғандықтан аяғын салғырт басып келеді.
Ыржия қараған Бекзаттың көзінен жүзін тайдыра берген Інжу сырғанап барып жерге топ етті.
- Еш жеріңіз ауырған жоқ па? – деп бәйек болған Бекзат қызды қолтықтай орнынан тұрғызды. Інжу ұялғанынан қызарып кетті.
Үнсіздікті Бекзаттың өзі бұзды.
- Адресіңізді жоғалтып алдым. Осында жақын қарындасым тұрады. Сол арқылы тапқаным ғой. Сыртыңыздан көргенде қуанышым қойныма симады. Алғашқыда сенбедім. Бірақ төмендегі тұрғындардың тізімі арасынан атыңызды оқып, сенгендей болдым. Қарындасым да көмектесті. Ауданыңызды біліп берді. Сөйтіп өзіңізбен кездесуді Тәңірім бүгінге жазыпты.
Інжу Бекзат сөйлеген сайын сөйлей түссе екен деп іштей тілеп отыр. Күлгенде бетінде пайда болатын шұңқыры жігіттің сүйкімді келбетіне сұлулық қосып тұр. Даусы да жағымды. Еркелік бар ма, қалай.
- Сіздің ертеңгі жоспарларыңызды білсем бола ма?
Інжудің ойы бөлініп кетті. Жауап беру керек.
- Түскі тамақтан соң кітапханада боламын. Кешқұрым қолым босайтын шығар.
- Ендеше, ертең сағат кешкі жетіде сізді осы шыршаның астында күтемін.
- Жарайды.
Қыз күлімсірей қолын созды. Қоштасқысы келмейді. Жігіт те қолын ұзақ қысып тұрды да, көзін жұмып қоштасқан белгі берді...
ЖАЛГАСЫ БАР...