Ғашық бола тұрайыншы... бүгінше ғана...

 Бүгін ғашықтар күні екенін бүгін ғана мойындап тұрмын (осыған дейін маған еш қатысы жоқ деп ойлаушы ем), сол туралы жазайыншы, Массагеттіктерім... Жәй ғана...

*** Мен Сізді ұнатып қалдым, "Жолаушым". Бірақ мен оған лайықты емеспін, сірә... Тағы да қашуым керек пе өз сезімімнен, өз қалауымнан, өз жүрегімнен... Тағы да ма? Ал, қаштым онда... Сүйіп қалмай тұрғанда...

*** Онымен бірге жарты күн ғана жүрдім. Тек бір шаруалармен. Бір іс ортақ болды. Бірінші рет, бәлкім, соңғы рет. Сол бір жарты күннің әсері әлі бар, әлі сезіліп тұр...

*** Әншейін шопыр мен жолаушы болып барып-қайтып ек сол кезде. Қызық. Жүрегімнің сонша алып-ұшқаны несі екен...

*** "Ғашық болу" деген  әлі де бар екен. Сол сөздің енді маған еш қатысы жоқ деп ойлаушы ем. Табиғатымнан адам екенімді ұмыта беремін...

*** Менің көп сөйлеп, оның көп сөйлемейтінінің, менің тәттілер, ал, оның жеміс-жидек алып жүретінінің өзі екеуміздің екітүрлі екендігімізді білдіріп тұрса да, ортақ бірнәрсе іздей бердім...

*** Оны "жоқ адамнан" қызғандым...

*** Оның мені танымайтынындай, мен де оны танымаймын. Бірақ жүрегім танып тұрғандай болды оны...

*** Жол жүруді жақсы көретімін бұрыннан. Бірақ сол бір күні жол бітпесе екен, өмірімнің бәрі жолда өтсе екен, шопыр-Ол болып... деп тіледім. Бірақ жол қысқа болды.

*** Көктем келіпті ғой, Достар!!! Неге маған айтпағансыздар?

*** Осыған дейін оны түсімде көргенімде, мұнысы несі, өмірі жолымыз түйіспес адамды көргенім несі, деп таңданып едім...

*** Анардың пікірлері менің пессимист екенімді есіме түсіре беруші еді... Анар, мен жақсылыққа сенгім келіп тұр бұл жолы! Баянды болуын шын тілеп тұрмын, баянсыз болатынын білсем де... Соңғы тіркесті қалай өшірсем болады?

*** Иә, білемін, ертең-ақ ұмыт болып, көктемнің келгенін сезбей қаламын қайтадан. Бірақ бүгін бір күн ғана көктемді сезіне тұрайыншы?... Бүгінше ғана ғашық бола тұрайыншы...

*** Жүрегімнің төріне шығып, айғайлағым келіп тұрғанын қарашы!

*** Менің өмірімнің де шопырына айналыңызшы... дегім келді... бірақ кім білсін, қандай Жан екенін... дегенмен құзға емес, өрге апаратын шопырдай көрінді...

*** Тауды жақсы көретіндігімізді ұқсастық деп тауып, қуанып кеттім. Титтей болса да...

*** Ұнатуға болмайтын адамды ұнаттым. Кінәлі-өзім.

*** Жүрегіммен сол күннің бітпеуін тілегеніммен, ақылым: "тез бітсін, әйтпесе көп естелік жинап аласың" - деді...

*** Менің ғашық болуға һәм сүюге хақым жоқ! 

*** Кешіріңіз, бірақ Сіз маған ұнап қалдыңыз...

Н.ғ. ... деп ағымнан жарылдым саған, Массагет. Айтпашы ешкімге, жарай ма? Рахмет!



Бөлісу: