Гаремдегі мың бір түн

Хюррем падишаһ - 1494-1566 уақыт аралығында өмір сүрген Ұлы Осман империясының оныншы сұлтаны I Сүлеймен патшаның ең сүйікті жары болған. Шын есімі –Анастасия Гавриловна Лисовская. Тегі украин, рогатиндік дін қызметкері Гавриил Лисовскийдің қызы болған. Кей деректерде Александра деп аталады. Ал батыс елдеріне Роксолана деген есіммен белгілі. Жалпы Хюррем патшайым туралы мәлімет жоқтың қасы.

Аңызға сүйенсек, Александра шамамен 1522 жылдары 16 жасқа толған шағында жас Степан есімді жауынгермен көңіл жарастырып некелеспекші болыпты. Некелесу тойында жас Анастасияға бейтаныс бір сәуегей кемпір келіп, алдағы өмірі туралы болжамын айтады. Оның күйеуі өзі сүйген Степан емес жатжерлік жан болатынын және бүкіл ғұмыры ұланғайыр алып империя сарайында өтетін айтады. Сәуегейдің әңгімесінен шошып кеткен Анастасия теңіз жағалай жүгіре жөнеледі.

Қырым татарларының Рогатинге кезекті шабулынан тұтқынға түскен қыз, құл базарға әкелініп сол кездегі Маниса провинциясын басқарып отырған 25 жасар шахзада Сүлейменге сыйға тартылады. Қазіргі Хюррем есімі сол гаремге келген шағында берілген.  Парсы тілінде «аяулы» мағынасын береді екен. Гарем ішіндегі соншама қыз-қырқынның ішінен патшаның көңіліне түсу оңай іс болмаған. (Гарем құпиялары жайлы алдағы жазбаларымда жаза жатармын)

Ал сондай қиындықтарға қарамастан көп күңдердің қатарында болған Хюррем  аз уақыттың ішінде императордың жүрегін жаулап алады. Тарихи дереккөздерде Осман империясы тарихында Сүлеймен сұлтанмен заңды некеге отырған жалғыз әрі соңғы әйел осы Хюррем падишаһ болған.  Империяның ережесі бойынша тақ мұрагеріне тек қана алғашқы әйелдерінен туған балалары ғана иелік ететінін ескерсек, патшаның Хюрремге дейін шахзада Мұстафаның анасы Махидевран есімді әйелі болған. Ал Хюррем мұндай дәрежеге қалай жеткен?

 Негізінен Махидевран Хюрремге дейін сұлттанның сүйіктілерінің бірі болғандықтан, бақталаса алатындай жөні болған. Ол кезекті қырқысында Хюрремді сұлтаннан қызғанып, шашын жұлып, көйлегін жыртып, бет-аузынан дымын қалдырмапты. Сол жағдайды пайдаланып, сұлтанның қабылдауына сол түрімен барады. Мұны көріп қатты ашуланған сұлтан, Хюрремді "сүйікті күңі" деп жариялайды.

Хюррем өзінің туған ұлдарының бірін тақ мұрагері болғанын қалайды, және сол жолда бар күшін салып күреседі.

Сарайдан алыстату үшін Махидевраннан туған Мұстафа 18 жасқа толғанда, сол жағдайды Хюррем пайдаланып қалады. Заң бойынша кәмелетке толған бала әкесі басқарған провинцияда тәжірибе жинау керектігін алға тартып, оларды сарайдан алыстатады.

Сұлтанның анасы Валиде сұлтан Хавса Хатун 1534 дүниеден өткеннен соң, гаремдегі бар билікті Хюррем өзінің қолына алады. Хюррем өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу, өте сауатты болған. Шетелдік елшілерді қабылдап, олардың хаттарына жауап жазып отырған.  Сұлтаннан 5 ұл мен 1 қыз сүйген. Тарихи деректерге сүйенсек, өз заманында Стамбулда оның басшылығымен ең көп моншалар мен мешіт-медреселер салынған.

Жалпы тарихи тұлға сұлтан Сүлеймен туралы жазылған шығармалар мен түсірілген фильмдер, театр қойылымдары көп. Біздің елде телеэфирде жүріп жатқан «Сулейман Великолепный» сериалы соның бір нұсқасы. Осы сериалға байланысты былтыр  Стамбулдағы сапарымда байқаған бір жағдай, жергілікті халық бұл сериалды қош көрмейді. Сериалдағы көп оқиғалар бұрмаланған, түрік халқының ұлы билеушісі сұлтан Сүлейменді бір әйелдің ығынан шыға алмайтын қатынқұмар етіп көрсеткен деп есептейді. Әрине, ол да дұрыс шығар. Әлем патшалықтарынан хабардар болып отырған сұлтанның өз гареміндегі жағдайлардан бейхабар болуы қисынға да келмейді. Оның үстіне жергілікті халықтың айтуынша, сериал батыстық стилге лайық түсірілген. Империя кезінде ислам діні кең етек алғандықтан әйелдердің төсін ашып, әуретті жерлерін көрсетіп жүруі мүмкін емес дейді. Мұны жазуға не түрткі болды? Қаланың әрбір мекемесінен бастап тасына дейін көне тарихтың құпиясына толы. Билеуші мен сұлтандардың есімдері көптеп кездеседі. Біз тұрған ауданның атауы Хасеки Хюррем Сұлтан еді. Бұл Хюррем сұлтанның қызы Михримах басқарған әйгілі қор болған. Жалпы Стамбулда қазіргі күні Хюррем сұлтан атындағы хаммам (монша) мен мешіттер бар. Моншалары туралы бастан кешкен қызықты бір оқиғаны келесі жазбамда баяндайтын боламын.   :)   P.S: Стамбулдағы сапар барысында жаңалықтардан осы сериалдың сценариін жазған Мерал Окай деген әйел алты ай бойы обыр ауруымен ауырып көз жұмғаны туралы телеарналар жарыса көрсетіп жатты. Ел аузына сүйенсек, ол әйелді осы сериалды жазғаны үшін қарғыс атқан-мыс.   Сұлтан Сүлеймен сериалда Хюррем сұлтанға изумрудтан жасалған сақина сыйлайды ғой. : ) Сол сақина ол жақта да тренд болып жатыр екен. Жартылай мешіт, жартылай шіркеу Ая Софияның ішін аралап жүріп, құрбым сондай жүзікті сатып алды. Бір қызығы оның тағдыры да Хюрремге сәл ұқсас  еді.    


Бөлісу: