Гаремдегі мың бір түн
блог
Хюррем падишаһ - 1494-1566 уақыт аралығында өмір сүрген Ұлы Осман империясының оныншы сұлтаны I Сүлеймен патшаның ең сүйікті жары болған. Шын есімі –Анастасия Гавриловна Лисовская. Тегі украин, рогатиндік дін қызметкері Гавриил Лисовскийдің қызы болған. Кей деректерде Александра деп аталады. Ал батыс елдеріне Роксолана деген есіммен белгілі. Жалпы Хюррем патшайым туралы мәлімет жоқтың қасы.
Аңызға сүйенсек, Александра шамамен 1522 жылдары 16 жасқа толған шағында жас Степан есімді жауынгермен көңіл жарастырып некелеспекші болыпты. Некелесу тойында жас Анастасияға бейтаныс бір сәуегей кемпір келіп, алдағы өмірі туралы болжамын айтады. Оның күйеуі өзі сүйген Степан емес жатжерлік жан болатынын және бүкіл ғұмыры ұланғайыр алып империя сарайында өтетін айтады. Сәуегейдің әңгімесінен шошып кеткен Анастасия теңіз жағалай жүгіре жөнеледі.
Қырым татарларының Рогатинге кезекті шабулынан тұтқынға түскен қыз, құл базарға әкелініп сол кездегі Маниса провинциясын басқарып отырған 25 жасар шахзада Сүлейменге сыйға тартылады. Қазіргі Хюррем есімі сол гаремге келген шағында берілген. Парсы тілінде «аяулы» мағынасын береді екен. Гарем ішіндегі соншама қыз-қырқынның ішінен патшаның көңіліне түсу оңай іс болмаған. (Гарем құпиялары жайлы алдағы жазбаларымда жаза жатармын)
Ал сондай қиындықтарға қарамастан көп күңдердің қатарында болған Хюррем аз уақыттың ішінде императордың жүрегін жаулап алады. Тарихи дереккөздерде Осман империясы тарихында Сүлеймен сұлтанмен заңды некеге отырған жалғыз әрі соңғы әйел осы Хюррем падишаһ болған. Империяның ережесі бойынша тақ мұрагеріне тек қана алғашқы әйелдерінен туған балалары ғана иелік ететінін ескерсек, патшаның Хюрремге дейін шахзада Мұстафаның анасы Махидевран есімді әйелі болған. Ал Хюррем мұндай дәрежеге қалай жеткен?
Негізінен Махидевран Хюрремге дейін сұлттанның сүйіктілерінің бірі болғандықтан, бақталаса алатындай жөні болған. Ол кезекті қырқысында Хюрремді сұлтаннан қызғанып, шашын жұлып, көйлегін жыртып, бет-аузынан дымын қалдырмапты. Сол жағдайды пайдаланып, сұлтанның қабылдауына сол түрімен барады. Мұны көріп қатты ашуланған сұлтан, Хюрремді "сүйікті күңі" деп жариялайды.
Хюррем өзінің туған ұлдарының бірін тақ мұрагері болғанын қалайды, және сол жолда бар күшін салып күреседі.
Сарайдан алыстату үшін Махидевраннан туған Мұстафа 18 жасқа толғанда, сол жағдайды Хюррем пайдаланып қалады. Заң бойынша кәмелетке толған бала әкесі басқарған провинцияда тәжірибе жинау керектігін алға тартып, оларды сарайдан алыстатады.
Сұлтанның анасы Валиде сұлтан Хавса Хатун 1534 дүниеден өткеннен соң, гаремдегі бар билікті Хюррем өзінің қолына алады. Хюррем өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу, өте сауатты болған. Шетелдік елшілерді қабылдап, олардың хаттарына жауап жазып отырған. Сұлтаннан 5 ұл мен 1 қыз сүйген. Тарихи деректерге сүйенсек, өз заманында Стамбулда оның басшылығымен ең көп моншалар мен мешіт-медреселер салынған.