Ғалымдар: «Адам миының эволюциясының нәтижесі шизофренияға алып келген»
блог
Осло университетінің норвегиялық сарапшылары шизофрения адам миының эволюциясының салдары болып табылатындығы туралы қорытындыға келді. Ауру ұрпақтан-ұрпаққа адам дамуы және айналасындағы әлем туралы білім алу арқылы беріледі екен.
Бүгінгі күнге дейін ғылым адамзаттың ең алғаш қашан шизофрениямен ауырғанын білмеді. Biological Psychiatry журналы осы тақырып бойынша зерттеу жүргізді. Адамдар тіл үйрену дағдыларымен, сондай-ақ жаңа нәрселерді меңгеру қабілеті мен ұмтылыстарының кеңеюінің себебінен бұл ауру дамуға ұшыраған дейді .
Ғалымдар тіпті табиғи іріктеу бұл аурудан құтылуға көмектесті деп атап өтті.
Зерттеу барысында ғалымдар Homo sapiens генетикалық кодын және оның ең жақын туыстары - неандертальды салыстырды. Сарапшы-ғалымдардың айтуынша, Шизофрения неандертальдарда ешқашан болған жоқ, бұл ауру тек саналы адаммен бірге пайда болып, дамыған.
Айта кетейік, шизофрения – созылмалы психикалық ауру. Оның пайда болу себебі әлі толық зерттелмеген, дегенмен шизофрения әртүрлі жағдайдың, түрлі аурулардың адам психикасына әсер етуіне байланысты пайда болады деген ұғым бар. Ауру кейде ұзақ, кейде ұстамалы түрде тез өтеді. Шизофрения негізінде жоғары жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан болады. Шизофрения кезінде сандырақ, галлюцинация, еліру, мелшиіп қозғалмай қатып қалу сияқты психикалық өзгерістер аурудың үдеуіне қарай күшейе түседі. Ауру күшейген кезде науқас сөйлеспейді, оның ой-сезімі, түсінігі өзгереді, сөйлеген сөзі, айтқан пікірі басқаларға түсініксіз болады. Шизофренияның белгілері кейде өте тез айқын білінсе, кейде өте баяу бірнеше жылдан кейін байқалуы мүмкін.