Ғаламтордағы тіл тазалығы: сөздіктердегі аударма сапасы

Ғаламтордағы тіл тазалығы: сөздіктердегі аударма сапасы
жеке
блог

ҚазНетте қазақ тілді ресурстар саны жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай күн санап өсіп келеді. Көптілділікті талап ететін ақпараттық ғасыр сананың бәсекеге қабілетті болуы үшін кез келген жағдайды жасауға тырысады десек артық айтқанымыз емес.

Бүгінгі әңгімем ғаламтор бетіндегі қазақ тілді сөздіктер жайында болмақ. Көптің қажеттілігін өтеп жатқан sozdik.kz, soylem.kz, lugat.kz т.б.сайттар бар. 

Сол сөздіктердің сапасы қандай? Қазақ тілін қойыртпақтап, түсініксіз сөздермен шұбарлап жатқан жоқ па? Осы сұрақтардың жауабын іздеу үшін сөздік сайттарын шарладық.

Сөздік.кз.- Көптің үдесінен шығып, ел ықыласына бөленіп жүрген бірден-бір сөздік сайты. Дегенмен, кейбір сөздердің аудармасынан қарның ашып, бармағыңды тістейсің. Алысқа шаппай, дабдырау деген сөзді алайық. Қазақта дабдырау деген сөз бар ма еді? Абдырау деген сөз бар, ал дабдырау деген не қойыртпақ? Мүмкін, дабыра деген сөзді дабдыра қылған шығар? Басқасын қайдам, өзім бұл сөзді қабылдай алмадым. 

Сөйлем.кз не дейді екен? Оның бар екенін есту ғана қуаныш ұялатпаса, аударма сапасы көңіл көншітпейтінін мойындау керек. Орысшасын емес, қазақшасын екі шұқып, бір қарағанымызда, бір-бірімен байланыспайтын сөздер тізбегін ғана оқу мүмкін болды.

Лұғат.кз. Қазақша-орысша, қазақша-ағылшынша, қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, қазақ тілінің синонимдер сөздігі қолданушылар үшін қызмет ететін сайт аудармаларының сапасы көңіл қуантты. Артықшылығы - қазақ тілінен тікелей ағылшыншаға және керісінше аудару мүмкіндігі, сондай-ақ ғаламтор бетіне бірінші рет қазақ тілінің синонимдер сөздігі мен түсіндірме сөздігін шығаруы. Ұлтым деген сайдың тасындай өрімдей төрт жігіт іске қосып отырған бұл жобаның ғаламтор түбіне жұтылып кетпей, өз таңбасымен ел игілігіне жарайтынына кәміл сенеміз. Кейбір қажетті сөздердің табылмауы - сайттың бірден-бір кемшілігі. Әйтсе де, қазақ тілін шұбарлайтын дабдыра сияқты "авторлық сөздердің" болғанынан, болмағаны жақсы ма деймін. 

Хош, біздің мақсат - көңілдерге кірбің салып, еселі еңбектерді жоққа шығару емес. Сайт жасау үшін қанша қажыр мен маңдай тердің қажет екенін беске білемін. Ана тілдің тазалығын сақтау кезек күттіретін мәселе емес екенін ескерсек, сөздік сайттары осы мәселеге атүсті қарамаса екен деген тілек біздікі...

 

Көрнекі сурет art.gazeta.kz