Ғаламтордағы махаббат
блог
Махаббат. Махаббат деген не? Оны әркім әрқалай түсінеді. Өмірде қанша адам болса, махаббат туралы сонша ой-пікір, түсінік бар. Махаббат – құдіретті күш. Неліктен? Оның құдіретті болуына не себеп? Меніңше, мұның басты себебі махаббаттың адамды өзгерте алатындығында. Махаббатың жауапты болса, әрине жақсы жаққа өзгересің. Сүйгенің үшін тырысатын боласың. Оның сенімен мақтанғандығын, сенің бар болмысыңа риза болғандығын қалайсың. Оның құдіреттілігі осы. Адамға энергия, күш-қуат береді. Жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сүйгеніңді ойлаған сайын езуге еріксіз күлкі ұялайды. Бұл рас қой? Менімен сіздер де келісетін шығарсыздар.
Кез-келген нәрсенің жағымсыз жағы да болады. Махаббат тек керемет әсер қалдырады деу де қателік. Махаббат барлығында бірдей жауапты бола бермейді. Қайтесің?! Жүрекке әмір жүрмейді. Кей адамдарды сен сүйесің, бірақ сені сүймейді...Жауапсыз махаббат. Қиналасың, күйесің, жылайсың, ашуланасың...Бір сөзбен айтқанда жағымсыз сезімдерге берілесің. Кей адамдар тіпті өз-өзіне қол жұмсап та жатады. Ия, бұл өте осал әрекет. Дегенмен, бұл да махаббаттың күші. Ол тағы да бір адамды өзгертті, оның өміріне жаңа серпін енгізді. Алайда, қанша жерден өліп-өшіп сүйсең де өз-өзіңе қол жұмсаудың қажеті жоқ. Бұл оған тұрмайды. Сен өзіңді өлтіргенмен, ештеңе де өзгермейді. Тек аяулы ата-анаң, бауыр етің бауырларың қиналады. Бары осы.
Махаббат үшін күресу керек. Қазіргі уақытта қыз үшін шынында да күресетін, жүрегін жаулап алу үшін барын салатын жігіттер жоқтың қасы. Қыздың жанына келіп сөйлеуге қорқады немесе қыздың сезімімен ойнайды. Қызбен таныса салу қазір өте оңай. ҒАЛАМТОР бар емес пе?! Ия, ия біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан жастармыз. Ғаламтор біздің өміріміздің бір бөлшегі. Оны жасырудың қажеті шамалы. Кез-келген мәліметті гуглға кіріп терсең болды. Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылады. Дәл осы ғаламтор арқылы жігіттің көпшілігі қыздарға сөз салып жатады. Бастапқыда ғаламтормен танысу, сол танысқан адамыңмен отбасын құру көзге үйреншіксіз көрініп, құлаққа жағымсыз естілуші еді. Ал қазіргі уақытта бұл қалыпты жағдай.
Ғаламтордағы махаббат. Әлеуметтік желі арқылы танысып, аралысып, кездесіп, бірін-бірі ұнатып, шаңырақ құрып жатқан отбасылар жеткілікті. Демек, ол белгілі бір отбасына өз пайдасын әкеліп жатыр. Оны қарапайым ғана мысалмен дәлелдей аламын. Өзімнің туған ағам ғаламтор арқылы бір қызбен танысты. Виртуалды өмірде екеуінің әңгімесі жарасып кездесуге бел буды. Ағам сол қыз үшін Шымкентке барды. Екеуі екі бөлек қаланыкі еді. Осыған қарамастан олар сөйлесуін тоқтатпады. Шынайы өмірде де бір-бірін ұнатса керек, сірә. Біраз уақыт өткен соң олар шаңырақ құрды. Қазір екеуі ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиелеп отыр. Отбасында еш түсініспеушілік, ұрыс-керіс болған емес. Бірін-бірі жақсы түсінеді. Бір сөзбен айтқанда бақытты отбасы.
Мен өз сөзімнің басында кез-келген нәрсенің жағымсыз жағы болатындығын да айтқан болатынмын. Дәл осы секілді жағдайлардың кері оқиғалары да болып жатады. Мәселен, біраз уақыт бұрын жаңалықтардын көрген оқиғам. Оқиға желісі былай: қыз жігітпен агент арқылы танысады. Екеуі бір-бірін көрмесе де қыз
Суретіңді жақын басам,
Көрем сосын жасырын...
Келер екен хатың қашан,
Виртуалды ғашығым,-секілді әдемі сөздерге басы айналып жігітке ғашық болады. Тіпті суреті өзінікі емес екеніне де күдіктенбейді. Біраз уақыт өткен соң жігіт қызды кездесуге шақырады. Кездесуге келгенде қыз жігіттің даусындағы өзгерісті байқайды. Себебі телефонмен сөйлескенде жігіттің даусы басқаша естілген болатын. Зерттеу нәтижесінде жігіттің қылмысы бар, сотталған екені анықталады. Осындай оқиғаларға қарап виртуалды махаббаттан да қорқақтайсың.
Massaget.kz сайтындағы деректерге сүйенсек тіпті кейбір ғаламтор арқылы танысқан ерлі-зайыптылар бір-бірімен шынайы өмірде сөйлеспейтін көрінеді. Олар екі бөлек бөлмеде отырып, бір-біріне хат жазып сөйлеседі. Адам сенгісіз, әрине. Бірақ бұл ғалымдар зерттеген дерек, нақты факт.
Бұл – өмір. Өмір болған соң түрлі оқиғалар кездеседі. Жеке өз басым, ғаламтордағы махаббатқа қарсымын. Мен өз махаббатымды шынайы өмірден кездестіргім келеді. Ғаламтордағы бейтаныс танымайтын адамның әдемі сөздеріне еріп босқа қиналғым келмейді. Мен шынайы махаббатты қалаймын. Пушкин Наталья Гончаровадан «ия» деген жауапты 2,5 жыл күткен. Гумилев суқаны сүймейтін неміс тіліндегі өлеңдерді Анна Ахматованы үйіне алып келу үшін тыңдайтын. Сүйген соң осылай шынайы сүйіп, ақыр аяғына дейін күресу керек. Ал қазір жігіттер вконтактемен «привет, сен маған ұнайсың» деген сөздерді жазады да, өмірде көргенде танымаған адамдай өтіп кетеді. Немесе ғаламторда «мачо» , ал өмірде мүлдем басқа. Оңай беріле салады. Кейбір жігіттер қыздардан қорықпайды. Өз ойын, сезімін жеңіл білдіре алады. Бірақ, бұл үнемі шынайы емес. Қыздың сезімімен ойнап-ойнап тастап кетеді. Мұндай жігіттерге, өз қарындастарыңыздың да бар екенін ұмытпаңыздар дегім келеді. Қыз деген – ана, Ана деп қана бағала оны бағала!
Ойымды, қорытындылай келе виртуалды махаббат шынайы махаббатқа ұласуы мүмкін дегім келеді. Ол менің, сенің басымыздан өтпеген шығар. Бірақ бұл оқиғаны бастан өткерген адамдар да жеткілікті. Сондықтан да ғаламтордағы махаббат бар немесе жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен сүйіктіңді өмірден кездестіргенге не жетсін?! Сіздерге шынайы өмірде Алатаудың шыңындағы ақ қардай таза пәк көңіл, сол шыңдардан сарқырай аққан кәусар бұлақтай мөлдір махаббат тілеймін.
Журналистика факультетінің студенті
Сапарбай Гүлбану