Банк таңдағаным туралы
Өзіме керек картаның түрін анықтап алған соң сол картаны шығаратын банкіні таңдауға кірістім. Алдымен өзім жарнамалардан білетін банктердің тізімін жасап, олар туралы қосымша мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің сайтынан (www.afn.kz) қарап алдым. Жақсы сайт, бірақ терең сараптама жасау үшін экономика мен қаржы жағынан сауатты болуың керек екен.
Тізім бойынша банкілердің сайттарына кіріп, төлем карталары туралы беттерін оқып, бағалары мен шарттарын өзіме түртіп алдым. Ең басты назар аударғаным мына жәйттар болды:
- картаны шығару мен бір жылғы сүйемелдеуі үшін алынатын сыйақы;
- карта шотына ақша салғандағы алынатын сыйақы;
- картадан ғаламторда ақша жұмсалғанда алынатын сыйақы;
- интернет-банкинг, яғни үйде отырып-ақ карт-шотымды тексеру мүмкіндігі;
- банк бөлімшесінің үйіме жақындығы (бұған ерекше көңіл бөлдім).
Осы ізденістерімнің нәтижесінде мына төмендегідей мәліметтерді жинап алдым. Алғашында тізімімде тоғыз банк болатын, бірақ Kaspi bank (www.kaspibank.kz) пен Еуразиялық банк (www.eurasian-bank.kz) қазіргі кезде виртуалды карталарды шығармайтын көрінеді, әйтеуір сайттарында ол туралы еш мәлімет жоқ. Сондықтан оларды виртуалды карталарға арналған тізімімнен алып тастауға мәжбүр болдым. Бірақ қалған жеті банкі де таңдау жасауға жеткілікті деп ойлаймын. Банкілерді алфавит бойынша тізіп қойдым.
Альянс Банкі
www.alb.kz
Карта түрі: VISA Virtuon
Бір жылдық құны: 1500 тенге
Ақша салу: тегін
Ақша жұмсау: тегін
Интернет-банкингі: www.alb24.kz
Алшақтығы: Жаяу 3-4 минут
АТФБанк
www.atfbank.kz
Карта түрі: VISA Virtuon
Бір жылдық құны: 750 тенге (екі жылға ашылады, яғни 1500 тенге)
Ақша салу: 0,5%
Ақша жұмсау: тегін
Ескертпе: Мұндағы мәліметтерді банкінің сайтынан таба алмайсыз, телефон шалып анықтаған едім.
Интернет-банкингі: www.atf24.kz
Алшақтығы: Алты аялдама
Банк ЦентрКредит
www.bcc.kz
Карта түрі: VISA Virtuon
Бір жылдық құны: 1000 тенге (екінші жылы тегін)
Ақша салу: 0,5%
Ақша жұмсау: тегін
Интернет-банкингі: my.bcc.kz
Алшақтығы: Жаяу 8-10 минут
БТА Банкі
www.bta.kz
Карта түрі: VISA Virtuon
Бір жылдық құны: 1600 тенге
Ақша салу: тегін (300 мың теңгеге дейін)
Ақша жұмсау: тегін
Интернет-банкингі: www.btanetwork.kz
Алшақтығы: Үш аялдама
Сбербанк
www.sberbank.kz
Карта түрі: VISA Virtuon
Бір жылдық құны: 1500 тенге
Ақша салу: тегін
Ақша жұмсау: тегін
Интернет-банкингі: www.homebank.kz
Алшақтығы: Бес аялдама
Қазақстан Халық Банкі
www.halykbank.kz
Карта түрі: VISA Virtuon
Бір жылдық құны: 1300 тенге
Ақша салу (бір күн ішінде): тегін
Ақша салу (POS-терминал, 15 минут): 0,5%, бірақ 600 тенгеден кем емес
Ақша жұмсау: 0,3%, бірақ 1 500 тенгеден кем, 20 000 теңгеден артық емес
Ескертпе: Банкіге телефон шалғанымда тек 0,3% ғана деді, бірақ қайсысы дұрыс екенін білмей отырмын. Егер сайттағы сыйақылар кестесі бойынша 1500 теңге қосып төлеу керек болса бұл өте тиімсіз.
Интернет-банкингі: www.myhalyk.kz
Алшақтығы: Үш аялдама
Қазкоммерцбанк (КАЗКОМ)
www.kkb.kz
Карта түрі: MasterCard Standard Virtual
Міндетті шарты: Банкте карт-шотың болуы және www.homebank.kz-те тіркелуің қажет. Виртуалды картаны негізгі карт-шотқа тіркеп ашуға болады. Шот валютасы теңге болса да шетелдік Интернет-дүкендермен есеп айырысқанда конвертация жасалады (сыйақысы 0,2 %).
Бір жылдық құны: 1580 тенге
Ақша салу: тегін
Ақша жұмсау: 0,5%
Интернет-банкингі: www.homebank.kz
Алшақтығы: Жаяу 5-6 минут
Ал енді таңдауға да болады.
Қазкоммерцбанкте карт-шотым жоқ болғандықтан тізімімнен шығардым, ақша жұмсағандағы 0,5% сыйақы мен теңгеден долларға конвертация жасағандағы 0,2% ұнамады. Сөз жоқ, www.homebank.kz қаржы порталы өте ыңғайлы, талай мүмкіндіктері бар. Банк бөлімшесі үйіме де жақын. Бұрыннан шотым болғанда басымды қатырмай 2-3 минут ішінде виртуалды картаны аша салар едім.
Келесісі Қазақстан Халық Банкі болды, өйткені тарифтерін дұрыстап ұға алмадым. Ұққан күннің өзінде «салған ақшам қашан түседі екен» деп күні бойы күтіп жүргім келмейді. Сосын 5-10 долларлық зат алып, үстінен қосымша 1500 теңге төлеу ақылға симайды. Бөлімшесі үйімнен алыстау, әрі онда қашан барсаң адам лықа толы болады. Еліміздің ең сенімді банкілерінің бірі болса да тізімімнен шығардым.
БТА Банкіні шығарғаруымның себебі - үйімнен алыстау. Әрі бір жылдық құны да ең қымбат. Әрине, сол бір-екі жүз теңгеде тұрған ештеңе жоқ, бірақ мұны банкінің маркетинг саясаты осалдығының шағын бір көрінісі ме деп қалдым.
Сосын АТФБанк пен ЦентрКредит кетті. Карталарының құны ең арзан екені рас, бірақ шотыңа ақша салғандағы 0,5% бәрін бүлдіріп тұр.
Сбербанк пен Альянс Банкінің шарттары бірдей, бірақ біріншісі алыс болғандықтан тізімімнен кетті. Яғни, таңдағаным Альянс Банкі болып шықты. Үйіме жақын – жолдан өте салсам болғаны. Бұл бөлімше түскі үзіліссіз кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді, демалыс күндері де ақша қабылдай береді. Бұл мен үшін өте ыңғайлы. Алым-салым кезінде «үстінен қанша ақша қосуым керек еді?» деп басымды қатырып жатпаймын. Ал міндеттерін қалай орындайтындығын, клиентерімен қарым-қатынастарын қалай түзетін уақыт өте кере жатармыз. Бірақ өзім көрген оншақты Virtuon-дардың ішіндегі дизайны ең ұсқынсызы Альянстікі екені рас.
Осыдан біраз жыл бұрын сансыз баға жетпес өнер туындылары сақтаулы тұрған Луврдың әкімшілігі: «Егер Луврда өрт басталып, тек бір суретті құтқаруға мүмкіндігіңіз болса, қай суретті алып шығар едіңіз?» деген сұрақ қойып, конкурс жариялапты. Сондағы мыңдаған жауаптардың арасынан жеңіп шыққаны «Есікке ең жақын тұрғанын» болыпты.
Сонымен картаны таңдадым, банкіні белгіледім. Келесі қадамым - банкіге бару.
Осы және басқа жазбаларымда келтірілген сауда белгілері өз иелерінің меншігі болып табылады. Заң бойынша осылайша жазуым керек екен. Қызық заң. Неге екені "Мысықтың мысық болуы оның мысықтығын пысықтайды" дегім келіп кетті.
Жалғасы: Төлем картасын ашу
Алдыңғысы: Төлем картасын таңдау