Ғаламтор саудасы: Сөз басы

Ғаламтор саудасы: Сөз басы
жеке
блог

Сөз басы

Шетелдік интернет-дүкендер мен аукциондардан зат алу қаншалақты тиімді екенін бәрі біледі. Талайлары біліп қана қоймай, керегін алып та жатады. Таныстарымның "Америкадан джинсы-шалбар алғыздым", "Германиядан Мерседесіме бөлшек алдым", "Қытайдан келген ұялы телефонымды почтадан алып кетуім керек" дегендерін естігенде, кәдімгідей елең ете қалатыным бар. "Ғаламтордан зат алуды үйреніп алсам ғой" деп армандаушы едім.

Өзіміздің қазақстандық интернет-дүкендерден тауар алуды баяғыда-ақ меңгеріп алғам, оп-оңай шаруа - тапсырыс жасап, алғаныңды үйіңе әкеліп берген курьерге ақшасын қолма-қол төлеп, қағазына "алдым" деп қол қойып бересең болғаны. Бір-екі күннің, тіпті бірнеше сағаттың ісі. Ыңғайлы екені сөзсіз, әрі заттың бағасы кәдімгі дүкендерден аздап болса да арзанырақ. Осылайша "Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деп, жергілікті дүкендермен шектеліп жүрдім. Шетелдің дүкендеріне шығуға жүрексіндім бе екен, еріндім бе екен, әйтеуір оларға жоламайтынмын. Жалқаулығым басымырақ болса керек деймін, қазақпын ғой.eBay.com аукционы

Бірақ осыдан бір апта бұрын шетелден зат алуды үйренуге әбден бел будым. Мұныма себеп болған нәрсені кейінгі бір жолы айта жатармын. Тәуекел деп, аты дүрілдеп тұрған атақты eBay аукционының адресін теріп, Enter-ді бастым.

Бұл сайтқа бұрын да кіріп көргем, бірақ "бәрі ағылшыншынша екен" деп, бірден шығып кеткенім бар. Бұл жолы тістеніп, күшеніп, тырысып-тырбанып сайтты ақтаруға кірістім. "Шок" деген сөзді білесіздер ғой? Дәл сол шоктың өзіне күмп еттім. Іздегенің де, іздемегенің де табыла береді екен. Жаңасы да, ұсталғаны да. Арзаны да, қымбаты да. Тамсана "Вау!" деуге тұрарлық-ақ. Дүниежүзілік "барахолкаға" кіргендей болдым. Шынында да нағыз базар екен - құжынаған халық, төбе-төбе тауарлар. "Базары жақын байымас" демекші, енді артық ақшамнан қор жинау деген жайына қалды білем - базарым жазу үстелімде тұр екен.

Сосын Қытайдың интернет-дүкендерінің сайттарына кіре бастадым. Алдыңғы eBay-дан кейін ассортименттері жұтаңдау болып көрінді, бірақ бұл тек салыстырмалы түрде ғой. Ортақолды дүкеннің өзінде мыңдаған тауарлар болады екен, виртуалды сөрелері тіресіп тұр. Ал бағаларын көргенде біртүрлі жаман боп, өзімді алданған адамдай сезіндім. Өйткені тура сол затқа біздің дүкендерде 1,5-2 есе артық пұл сұрайды екен. Әрине, оларды да түсінуге болады: әкелу шығыны бар, кеден бажын төлейді, тауарын сақтауға қаржы шығарады, дүкен ұстауы керек, қызыметкерлер жалдайды, салығын төлейді, аздап болса да пайда көру керек. Ал жеке адам шетелден зат алғанда бір-екі данадан артық алмайды ғой, тіпті жолын қосқанның өзінде бағасы дүкендегіден әлдеқайда арзан болатыны да заңды емес пе?

Қой, интернет-сауданы тездетіп үйренейін. Көз қорқақ, қол батыр. Ертеңнен бастап бұл тақырыпқа кәдімгідей кіріспекшімін. Форумдарды мұқият оқып, білетін адамдармен ақылдаса отырып меңгермекшімін. Бірдеңесін дұрыс істей алмай шекеме жесем де өзіме тәжірибе болар. "Мың шақырым жол бір қадамнан басталады". Асықпай, майда қадамдармын.

Әр қадамымды Массагеттегі блогыма жазып отырам. Бірге үйренейік.

Жалғасы: Төлем картасын таңдау