PayPal жүйесінде тіркелу
Электронды есеп-айырысуда ең кең таралып, ыңғайлылығы мен сенімділігі басқаларға үлгі болып отырған онлайн төлем жүйесі - PayPal.com екендігіне дау жоқ. Қазіргі күнде PayPal жүйесі 190 мемлекеттің азаматтарына қызмет көрсетіп, отыздан аса ұлттық валютамен жұмыс істеуде. Тіркелген қолданушыларының саны 200 миллионға таяп қалды. Жүйені 2002 жылы аукциондық онлайн сауданың дөкейі eBay Inc. сатып алғаннан кейін ол ерекше қарқынмен дами бастады. eBay-дегі сатушылардың 90 пайызы PayPal төлемдерін қабылдайды.
PayPal-дың қолданушыларына беретін мүмкіндіктері мен көрсететін қызмет түрлері мемлекетке қарай ерекшеленіп отырады. Айталық, Қазақстан азаматтары үшін тек ең негізгі, қарапайым мүмкіндіктер ашық:
- тек төлем жасау (яғни, ақша қабылдай алмаймыз);
- төлем картасын тіркеу (барлық төлемдер карта арқылы жасалады);
- сатушы қайтарған ақшаны қабылдап алу (Refund);
- сатушымен келіспеген жағдайда «диспут» ашу;
Бұдан басқа да майда-шүйде мүмкіндіктерін пайдалана аламыз. Мүмкіндіктеріміз кәдімгідей шектеулі болғанмен ғаламторда зат алу үшін осының өзі де жеткілікті.
PayPal-да шот ашу да, ақша жіберу де тегін. Жүйе сыйақыны сатушылардан алады. Сыйақы мөлшері аккаунтың түрі мен сатушының еліне байланысты 4-7% құрайды. Тағы бір пайда көздері – ақша айырбастау. Конвертация курстары біз үшін тиімсіз, сондықтан мүмкіндігінше тек карта валютасымен істеуге тырысайық.
Жалпы PayPal жүйесі туралы ғаламторда көп жазылған, сондықтан мен сөзді көбейтпестен бірден тіркелуге көшейін.
PayPal-дың орысша нұсқасы да бар, бірақ оны жай ғана оқып көргенім болмаса қолдана алмадым. Жүйе менің қайдан келгенімді IP-адресімнен біліп, бірден Қазақстанның бетіне лақтырып тастап отырды. Ал бұл беттің тек ағылшын, испан, француз және қытай тілдеріндегі нұсқалары ғана бар екен.
Жүйеде тіркелудің еш қиындығы жоқ. Алдымен бірінші беттің төрт жеріндегі Sig Up деген сілтемелердің бірін шертеміз.
Бұл бетте Қазақстаннан екенімізді көрсетіп, жеке қолданушы ретінде аккаунт ашамыз. Ол үшін Individual-дың астындағы Open an account батырмасын басамыз.
Енді өзіміздің мәліметтерді толтыра бастаймыз.
PayPal жүйесінде есеп-айырысу төлем картаның нөмірі бойынша емес, e-mail арқылы жүзеге асырылады. Мұны қауіпсіздіктің діңгегі деуге болады. Сатушы да, ақша төлеуші де бір-бірінің карта немесе шот нөмірлерін ешқашан біле алмайды, тек электрондық пошта адресі бойынша ғана таниды.
Құпия сөзді орнататын кезде оның сенімділігін сайттың өзі-ақ сараптап, баға беріп тұрады.
Құпия сөзді қате кетпес үшін қайталап жазамыз.
Атыңыз (First name) бен тегіңізді (Last name) тура төлем картаңыздағыдай немесе шетелдік паспортыңыздағыдай толтыру керек. Ортаншы атқа (Middle name) талайлар әкесінің атын жазады екен, бірақ мұны толтырмай бос қалдыруға да болады.
Туған күнімізді жазғанда алдымен ай жазылатынына назар аударыңыз.
Мекен-жайыңызды толтырғанда латынша әріптермен алдымен көшені, сосын үй мен пәтерді жазған жөн. Егер мекен-жайыңыз бір жолға сыймаса онда екінші жолға жалғастыруыңызға болады. Әрине, шетелде адрестің жазылу тәртібі басқа - алдымен пәтер мен үй, сосын барып көше мен қала тұрады. Бірақ олайша жазылған адресті біздің поштадағылар шатастырып, жіберілімдерді алатын адам «бұл мекен-жайда тұрмайды» деп жеткізе алмай жататыны жиі кездеседі екен.
State/province/region деген жерге KZ деп жазсаңыз болады. Postal code – пошта индексі. Егер индексіңізді білмейті болсаңыз оны Қазпочта сайтына кіріп, мекен-жайыңыз арқылы анықтап алуыңызға болады.
Телефон нөміріңізді халықаралық форматта, яғни 7-ден бастап теріңіз. Өтірік нөмір жазбаңыз, өткені PayPal қызметкерлері қоңырау шалып қалулары мүмкін. Мекен-жайыңыз да шын болсын, жүйе оны тексеріп отырады. Егер анау-мынау өтірігіңіз шығып қалса аккаунтыңыз жабылып, өзіңіз «қара тізімге» түсесіз. PayPal-дың қауіпсіздік қызметі өте шатақ, оңдырмайды.
Бәрін толтырып, мұқият тексеріп алғаннан соң Agree and Create Account батырмасын басамыз.
Келесі ашылған бетте аккаунтымызға төлем картасын қосамыз.
Мұнда картаның нөмірі мен мерзімін көрсетеміз. CSC деген картаның артындағы CVV2 коды. Мекен-жайыңызды Change сілтемесін басу арқылы өзгерте аласыз. Continue батырмасын басқанда төлем картасы аккаунтыңызға қосылады.
Егер төлем картаңыз әлі ашпаған болсаңыз немесе карт-шотыңызда кемінде 2-3 доллар ақшаңыз болмаса Go to My Account сілтемесін басып, аккаунтыңызға кіріңіз. Картаны қосуға кейін де мүмкіндігіңіз болады.
Міне, біз PayPal-да шотымызды аштық. Бірақ тіркелу мұнымен бітпейді, енді жүйенің тексерісінен өтуіміз керек. Әзірше біздің аккаунтымыздың статусы «Тексерілмеген» (Unverified) болып тұр. Сондықтан біраз шектеулер де бар. Мұны Account Limits деген жазудан-ақ білеміз. Шектеулерді View Limits сілтемесін шерту арқылы көруге болады.
Енді тексерістен өтіп, шектеулерден құтылайық.
Мен алдымен e-mail-ді тексеруден бастадым. Мынандай бет ашылды. Мұнда бірінші қадам ретінде электронды поштаңызды тексеру керектігі айтылыпты.
Енді тіркелгенде көрсеткен электронды поштамды тексеріп көрдім. PayPal-дан мынандай хат келіпті.
Хаттағы батырманы басқанымда браузерде құпия сөзімді енгізуді сұраған жаңа бет ашылды.
Бұл бет шымымен де PayPal-дікі ме деп тексеріп алып, құпия сөзді енгіздім. Енді екі құпия сауалды таңдап, олардың құпия жауаптарын енгіздім. Сұраққа еш қатысы жоқ жауап белгілесеңіз де болады, ең бастысы орнатқан жауаптарды ұмытып қалмаңыз.
Сонымен бірден екі нәрсені аяқтап жібердік: поштаны тексеру мен құпия саулдарды белгілеу. Ендігі қалған ісіміз - төлем картасын тексерту.
Мен PayPal-да тіркелген кезде банк картамды қабылдамай, біраз әлекке түскен едім. Оның неліктен болғанын өткен жазбамда айтқанмын. Бәрін анықтап, жөндеген соң картам аккаунтыма қосылды. Қосу үшін Profile мәзіріндегі Add/Edit Credit Card пунктын таңдаймыз. Тағы бір жолы – Notifications тақташасындағы картаны қосу мен тексеру сілтемесін шерту.
Ескерту: Егер сіз төлем картаңызды жүйеде тіркелген кезде қосқан болсаңыз оны қайта қосудың қажеті жоқ.
Ендігі бетте карта мәліметтерін толтырып, картамызды қосамыз.
Карта қосылғанда «Картаңызды 2-3 күнде тексеріңіз» деген жазу шығады. Мақұл, тексерейік. Тексергендегі бізге керегі PayPal жіберген төрт таңбалы код.
Альянстің интернет-банкинг жүйесіне кіріп, шотымды тексердім.
PayPal карт-шотымды тексеру үшін 1 долларды бұғаттап, 1,95 долларды алып кетіпті. Қаржы операциясының мәтінінде өзіме керек «8826» деген код тұр. Тексеруді осылай жасайтындарын алдын-ала біліп алғам. Бір-екі күннен соң жүйе алған ақшаны шотыңызға қайтарады. Егер сіз интернет-банкинг жүйесінде тіркелмеген болсаңыз, кодты банкіге телефон соғып та біліп алуыңызға болады.
Енді алған кодымызды PayPal-дың сайтына енгізуіміз керек. Ол үшін Notification-дегі сілтемені шертеміз.
Кодты енгізіп, Confirm Card-ты басамыз.
«Аккаунтыңыз шектеулерден босатылды және Тексерілген болып саналады» деген мағынадағы жазу шығады. Ал аккаунтымызды қарап көрсек, бағанағы «тексерілмеді», «шектеулер» деген сияқты сөздердің бірі де жоқ. Олардың орнында "Статусы: Тексерілген" деген әдемі жазу тұр.
Сонымен, PayPal жүйесінде тіркеліп, оның тексерісінен өттік. Бүгінгі жазбам ұзақ болып көрінгенмен тіркелудің өзіне 6-7 минуттай ғана уақытым кетті.
Ендігі жазбам ғаламтор саудасының алыбы - eBay аукционында тіркелу туралы болмақ.
Жалғасы: eBay аукционында тіркелу
Алдыңғысы: Интернет-банкинг жүйесінде тіркелу