Ғажап адам демей не?

Ғажап адам демей не?
жеке
блог

Бала күніңізде баршаңыз жалаңаяқ құм-топырақта ойынның қызығына еніп, көңілденіп қалатын кездеріңіз болған болар. Бүгінде сол балалықтан кейін көшеде жалаңаяқ жүру ұят та қисынсыз көрінеді. Дегенмен, арамызда ешкімнің көзқарасын елемей, қысы-жазы аяқ киімді қажет етпейтін адамның да бары өтірік емес. Оның дәлелі – әркез назардан тыс қалмайтын Қазақ Ұлттық университетінде физика факультетінің ұстазы Нұрғали Қойшыбаев.  

 

– Нұрғали аға, жұртшылық сізді «жалаңаяқ адам» ретінде таниды. Бұл әдетке қалай дағдыланған едіңіз?

– Қателеспесем, 1990 жылдардан бастап жалаңаяқ жүруге үйрене бастаппын. Сол уақытта өзім сырқаттанып, жаздың жайма шуақ күндерінде де қалтырап-дірілдеп тонмен жүретін кезге жеткенмін. Үстіме, аяғыма не кисем де тоңып жүремін. Сол кезде шетелге іссапармен баруға тура келді. Бұрыннан Порфирий Иванов деген 30 жылдай құр шолақ шалбармен жүрген кісі туралы естуім бар еді. Отыз бес жасынан бастап денесін салқын суға үйретіп, қысы-жазы жалаңаяқ жүруге дағдыланған. Алжирге барғанымда сол кісінің шәкірті Стрельников деген химикті кездестірдім. Ағайдың бір адамға қалай дұрыс дем алу керектігін үйретіп жатқандығын көріп, жаттығуларын қайталап көрген жайым бар. Жаңағы жігітпен қосылып алып, апта сайын барып тұрдық. Химик кісі маған жаттығуларды дұрыс орындап жүргендігімді айтып, және алдағы уақытта оны шыңдауың керек деп кеңес берді. Сөйтіп, бойымды салқын суға үйрете бастадым. Сүлгіні тіпті де қолданбаймын. Біртіндеп бақайшағымнан бастап басыма дейін салқын суға үйреніп кеттім.

– Басыңыздан түрлі қызықты оқиғаларды өткерген шығарсыз. Бірін айтып берсеңіз.

– Үш жылдық іссапардан қайтып келгенімде қыс мезгілі аяз болатын. Сонда да үйреншікті әдеттен арыла алмадым. Бір күні суға шомылып алып балконда тұрып едім, қайта үйге кірейін десем аяғымды жерден ала алмай қойдым. Сөйтсем, мұз болып жабысып қалыпты ғой. Далаға шықсам жеңіл киімдерді үстіме іліп алып, жүре беретін болдым. Бас киім, қолғап дегенді атымен ұмыттым. Ол кездері жалаңаяқ жүруге болады деген ой басыма кіріп те шықпаған. Бір күні таңертең далаға шықсам, аппақ қар жатыр. Қарап тұрып, осының температурасы қандай екен деп ойладым. Аяқ киімімді шешіп жүре бастап едім, ешқандай салқындықты сезінбедім. Жанымнан бір адам өтіп бара жатып, «Температурасы қандай екен?» – деп күліп қояды. Одан кейін мені кездестіре қалса болды, қардың температурасын сұрайтынды шығарды. Сол кезден бастап үйреніп кеттім. Таңертең жалаңаяқ жүгіруге шығатынмын. Университетке келер кезде жолда әдетімше жалаңаяқ жүріп келіп, бірер аттам жер қалғанда аяқ киімімді киіп алып жүрдім. Жұртқа көрсетпеуге тырыстым. Ақыры өзім шаршадым, бір аптаға да шыдамаған шығармын. Бірде жалаңаяқ факультетке кіріп келдім ғой. Кезекші апайдың көзіне көрінбейін деп тез-тез өтіп кеткенмін. Соның өзінде байқап қалған болуы керек артымнан қуып келді. Өзінің аяғын ақсақтап басатын, соған қарамастан жоғары қабатқа көтеріліп артымнан келуін айтам-ау. Кіріп келіп: «Ей, Қойшыбаев, сені біреу тонап кеткен бе?» дейді. – Жоқ, жәй әдет болып барады, – десем, қолын бір сілтеп кері қайтқаны бар.

– «Сырт көз – сыншы» ғой. Айналадағы адамдардың көзқарасы қандай?

Сол жылдардан бастап көретіндер көрді, жұрттың бәріне тарап үлгерді. Жалаңаяқ келіп, жалаң аяқ кететін болдым. Студенттерім де мені жақсы түсінді. Ол кезде Т.Ә.Қожамқұлов декан болған еді, мені қатты қолдады. Партия ұйымдарының тарап, тәуелсіздігімізді алып жатқан кезіміз болса да, партия басшылары сөйлеп жүрген кездері болды. Дегенмен, ешкімде күш жоқ. Қазір енді жиырма жылдай болып қалды ғой.

– Денсаулығыңызға зияны тимей ме?

– Білместікпен аяғымның азын-аулақ дызылдағанына назар аудармай жүре беріппін. Бір күні тіпті аяғымды баса алмайтындай хәлге жеттім. Әрең дегенде жылжып үйіме кірдім. Келіп көрсем, табаным үп-үлкен болып дөңгеленіп ісініп кеткен. Бұдан медицина жағдайында кесумен (ампутация) ғана құтылады. Түрлі дәрі-дәрмектерді қолдансақ та ешқандай әсері болмады. Бір адам маған уринотерапияның (кіші дәреттің) қуаты туралы туралы айтты. Өте жиіркеншек едім, сол себепті ондай емнен бас тарттым. Ең соңында басқа емін таба алмағаннан кейін соған көштім. Ертеңіне-ақ аяғым жазылып, іріңі кете бастады. Әрдайым жалаңаяқ жүрген соң шөлмек қалдықтарын байқаусызда басып кетіп жатамын. Бақайшағымның тырнағын екі-үш рет ұшырып алған жағдайлар болған.  

– Суық жыл мезгілдерінде жалаң аяқ жүру қарапайым адамға тіпті де мүмкін емес сияқты. Қалайша?

– Соңғы жылдары телевидениеге көп шақыра бастады. Бір ток-шоуға кейіпкер ретінде қатысқаным бар. Медицина жөнінде сөз болып, студияға халық емшілерін, хирургтарды шақырыпты. Менің айтқандарымның барлығын тыңдап болып медицина ғылымдарының докторы, профессор, хирург кісі басын шайқады. Бұндай жағдайдың мүмкін еместігін және де осындай кезде адамның аяғына тек қана ампутация жасалатындығын кесіп айтты. Оның алдында мен тірі отырғаным анық. Ол кісінің айтуынша, менің басымнан кешіргенім мыңнан бір болатын ғажап оқиға екен.  

                   Иә, өмірде талай қызық бар. Жаздың ыстығы мен қыстың суығына ерекше төзімді адамды да кездестіруге болады екен. Қарапайым өмірде Эйнштейннің жолын қуған физик 50-ден астам энциклопедиялық мақалалар,  мектеп түлектеріне арнап үш кітап,  қазақ тіліндегі тұңғыш 4 томдық жалпы физика курсын жазып шыққан. Физика саласында ойып тұрып орын алатын жанның осындай ерекше тұстары ескерусіз қалмағай.   

 

Ш.Болатқызы.