ФУТБОЛ ӘЛЕМІНДЕ АТОЙ САЛҒАН БАРСЕЛОНА НЕГЕ ҚҰЛДЫРАУ КЕЗЕҢІНДЕ?
блог
125 жылдық тарихы бар Испаниялық Барселона - футбол тарихында аты көпке танылған клубтардың бірі. Бұл спортта ең көп трофей ұтқан командалардың ішінде 97 трофеймен 6-шы орында тұрған Барселона қазіргі таңда неге өз деңгейінде емес?
Көңілге қаяу салатын ең бірінші факт – Барселона клубы 2015-жылдан бері қарай 8 жыл бойы халықаралық турнирлерде әлсіз ойын өрнегін көрсетіп, ешқандай жүлде ұта алмай келе жатыр. Футбол жанкүйерлері «Барселона бұл жәй ғана клуб емес» ұранымен таныған бұл испандық команда әр маусым сайын өз бәсекелестеріне есе беруде.
Статистика бойынша нақты қандай келеңсіздіктер болып жатқанына тоқталайық.
1. Клубтың белді ойыншыларының басқа командаға кетуі. Атап айтсақ, 2016 жылы Дани Алвес, 2017 жылы Неймар, 2018 жылы Иньеста, 2021 жылы Лионель Мессидің клубпен қош айтысуы қатты кері әсерін тигізді. Клубтың маңызды ойыншыларына айналған жұлдыздардың қатардан кетуі, команданы құлдыратып ғана қоймай, имиджіне де қатты әсер етті. Футбол тарихында ең үлкен резонанс туғызған трансфердің бірі Мессидің «ПСЖ» сапына ауысуы. Бұл трансфер Барселонаға өте қатты әсер етті. Клуб тарихында ең үздік футболшы атағын алған Месси 15 маусым өткізіп, Париждік «ПСЖ» командасына еркін агент ретінде ауысуы ең біріншіден қаржылай мәселе туғызды. Бұл жағдайды көрген клуб демеушілері 200 000 000 еуро қаржыны жоспардан қысқартты.
Мессидің кетуі турист көп келетін Барселона клубының сатылымына да қатты кері әсерін берді. Ең көп сатылым ретінде бұл футболистің жейдесі енді сатылмайтындықтан өткен жылға қарағанда сатылым 50%-ға құлады. Солайша Барселонаға кіріс көздері қысқарып, тығырыққа тірелді.
2. 2014-2020 жыл аралығында президенттік қызмет атқарған Хосеп Бартомеудің ойыншылармен қарым-қатынасы және қабылдаған шешімдері. Жоғарыда аталған ойыншыларлың клуб сапынан кетуі өздігінен орын алған жоқ. Ең қатты кері әсер еткен президенттік ойыншыларға жасаған қарым-қатынасы. Бартомеу президенттік еткен жылдары клубтың басында болған мамандар команда үшін елеулі қызмет жасады деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Тек жылдан жылға маусымды нашар нәтиже көрсетіп, аяқтаумен келді.
3. Дұрыс емес жасалған трансферлер. 2018-2019 жылдары 345 000 000 еуроға сатып алынған 3 легионердің ауысымы өте сәтсіз болды. Антуан Гризман, Усман Дембеле және Филиппе Коутиньо маусым бойы мақтанарлық нәтиже көрсетпеді. Тіпті тренерлік штабпен бұл 3 ойыншының қарым-қатынасы келіспей ақыр аяғы бұлар да клубпен қоштасты. Осындай қомақты сумма Футбол федерациясы клубқа «қаржылай Фэйрплей ережелерін бұзды» деген заң бойынша трансферлік жоспарын шектеп тастады. Солайша 2020 жылдан бері қарай клуб ешқандай белді ойыншыларды ала алмады.
4. Клубтың үлкен көлемде қарызға кіруі. Соңғы белгілі ақпарат бойынша, 2021 жылдың қыркүйегінде, Барселонаның қарызы шамамен 1.35 миллиард еуроға бағаланды. Бұл қарызға әртүрлі несиелер, жеткізушілер алдындағы қарыздар, сондай-ақ ойыншылар мен клуб қызметкерлерімен келісімшарттар бойынша жалақы міндеттемелері кіреді. 2022-2023 маусымда клубтың таза табысы 304 млн еуроны құраған. Егер статистика бойынша есептесек, толықтай қарыздан құтылу үшін клуб әлі 5 маусым өткізу қажет. Сонда ғана толықтай берешектер өтеліп, қаржылай жоспарды нығайта алады.
Осы негізгі 4 факт «Барселона – жәй ғана клуб емес» ұранының актуалдылығын түсірді деп нақты айтуға болады.
2021 жылда клубта үлкен динамикалық өзгерістер болды. Сол жылдың 7 наурызында клуб президенті болып Жоан Лапорта келді. Толықтай тренерлік штабын құрып 9 қараша күні Барселонаның аңызы Хави жаттықтырушы болып келді. Десек те бұл өзгеріс әлі де өз жемісін бермеді.
Футбол тарихында нағыз шоу, нағыз бәсекелестік болатын бірден-бір ойын бар. Ол Барселона мен Реал мадрид арасындағы «Эль-классико» деп аталатын ойын. Соңғы 4 қарсыластықтың төртеуінде де Реал мадридке есе жіберді. Осылайша екі клуб арасындағы шоу, өз шоғын өшіріп бара жатқандай.
Чемпиондар лигасында клуб 8 жыл бойы үздік төрттікке де кіре алмай келе жатыр. Тіпті 2022 жылы топтық іріктеу кезеңінен өте алмай қалды. Ал 2023 жылы Чемпиондар лигасынан кейін екінші деңгейдегі Еуропа лигасында 1/8-ден ұшып кетуі футбол әлеміндегі жанкүйерлер үшін үлкен мазақ болды. Бұндай жағдай клуб тарихында алғаш орын алды. Осындай қарапайым кезеңдерде аутсайдер клубтардан жеңіліп өте алмай қалуы клуб үшін қалыпты жағдай болып қалса алдағы 10-жылдықта Еуропада атой салған Барселонаның аты тұрмақ шаңы көрінбей қалуы әбден мүмкін.
Бұл жағдайды бағамдау үшін клуб басшылығы жан-жақты түрде салқынқанды әрекет етуі керек. Қаржылай тәуелсіз болу үшін клуб өз қарыздарынан заңды түрде арылуы маңызды. 2024 жылы жазғы сауда кезінде клубқа қажеті жоқ ойыншылардан құтылып, ауадай керек ойыншылармен келісім-шартқа отыру керек. Сонда ғана Барселона – жәй ғана клуб емес, Барселона – отбасы, Барселона ол футбол болады.