Футбол

Футбол
жеке
блог

Сенімді «С» 

Саян, Стойлов, «Самұрық-Қазына». «Астана» футбол клубының жетістігіне арқау болған осылар. Биікке алып шыққан да. Саянның ел аяқдобындағы беделі команда шаруашылығына селкеу түсірмеді. Қайта барынша дамытты. Станимир Стойловтың бапкерлік шеберлігі шәкірттерінің сауатты ойнауына мүмкіндік тудырды. Былайғы уақытта өз аяғына өздері шалынсып жүретін ойыншылар да футболшы болып кетті ғой.. Егер «Самұрық-Қазынаның» мол ақшасы болмағанда алғашқы екеуінің беделі мен біліктілігі былайғы жұртқа байқалмай да қалатын еді.. Ақша болса қалтада, допты да тура тебуге болады, әрине.. 

Стойлов қыңқылдай бастады. «Маған жаңа келісім-шарт ұсынылған жоқ». Шынымен де ешкім онымен жұмыс жайлы сөйлеспей жүр ме? Әлде арада ақша аталатын перде пәрмен бермей тұр ма? «Самұрыққа» түсетін салмақ мөлшері көбейген соң. Станимирдікі де дұрыс. «Алтын шығатын жерді белден қазу» операциясы. Еңбегі ұшан-теңіз. Ол шүбәсіз шындық. Бірақ алтын да қазған сайын кеміп отырмай ма? 

«Астана» Станимирсіз алысқа ұзай ала ма? Күдік көп. Тоқырауы мүмкін. Өйткені бапкерсіз әлгі мақтаулы ойыншылардың бірде біреуі тығырықтан алып шыға алмайды. Былайша мықты көрінгенміен бүгінгі «Астана» құрамын шын зерттесең шеберлігі сын көтеретіндердің саны өте аз. Тіпті Джуниор Кабананга мен Патрик Твумасидің де командаға тірек болмағаны әрі тірек бола алмайтыны шындық. Рас, екеуі де біршама тәуір ойнайтын жігіттер. Онда да Станимир қамшылап отырса. Стойловсыз қамал алуы қиын. Біз солай ойлаймыз. 

Сонда не істемек керек? Саян Станимирмен тіл табыса алады. «Самұрық-Қазына» қалтасы көтере ме? Әңгіме осы тұста.

Амангелді Сейітхановтың фейсбуктегі парақшасынан