Әл-Фaраби aтындағы ҚaзҰУ прoфессoры, дoцент Жaнатаев Дaнат Жанaтайұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранты Дүйсенбай Айкүміс
Френсис Бэконның философиялық ойлары
Френсис Бэкон – ағылшын философы, ақсүйектер отбасынан шыққан, Кембридж университетінде білім алған, саясатпен айналысқан тұлға. Ф.Бэконның шығармаларының ерекшеліктері – ол білімнің өмірге деген қажеттіліктен пайда болатындығын асыра көрсетуі. Ол әсіресе табиғатты зерттеудің қажеттігіне көп көңіл бөледі, ал оның негізгі жолы –тәжірибелік зерттеулер болып табылады. Ғылымның дамуына сондай үлкен мән берген ғалым, оны сала-салаға бөлу мәселесіне көп көңіл бөледі. Оның ойынша, адамның жан дүниесіндегі үш қабілеті ғылымды топтастырудың негізінде жатуы қажет. Олар: 1. есте сақтау; 2. қиял; 3. ақыл-ой. Есте сақтау қасиетіне сай ғылым – тарих, қиялға - поязия, ақыл-ойға – философия.
Ф.Бэконның ойынша, ғылым салаларында ғасырлар бойы қалыптасып, адамның дүние тануына кеселін тигізетін нәрселер бар. Ең алдымен оларды сыртқа шығарып әшкерелеу қажет. Сонда ғана жаңа әдістерге жол ашылып, зерттеулердің тиімділігі артады. Сол ғылымдағы кедергілерді Ф.Бэкон «идолдар», я болмаса «елестер» дейді. Олар – төртеу.
Бірінші елес – тектік идолдар. Оны біз қазіргі тілмен «антропоморфизациялау» деп айтар едік. Адам табиғаттағы сырлы құбылыстарды танып-білуге бағытталған кезде, оларды «өзіне ұқсатып» түсіндіруге тырысады. Текті елестер ең тұрақты, оларды толығынан жою мүмкін емес. Ф.Бэконның бұл айтқан ойларын растау үшін мынандай мысал келтірейік. Адамдың мыңдаған жылдар бойы арман еткен басқа Дүниелердегі ақыл-оймен, рухпен кездесу қиялы XX ғасырда ғарыштан ұшып келген тарелкалар жөніндегі неше түрлі аңыздарды тудырды. Ол қазіргі заманның тудырған мифтері бойынша, ұшып келген тарелкалардың ішінен шықкан пенделер нақ жердегі адамдар сияқты екі аяқты, екі қолды, екі көзді, тек олардың түсі көкшіл екен
Екінші елес – ол үңгір идолы. «Әрбір адам белгілі бір отбасында, белгілі бір жерде дүниеге келіп, тәрбиеленеді, ересек адамға айналады. Біреу адам түгіл құдай да ұмытқан ауылда екіншісі аудан орталығында, үшіншісі астанада, ия болмаса үлкен қалада туып – тәрбиеленеді. Біреу кедей, екінші ауқатты отбасында өсіп-өнеді, көбінесе соған сәйкес білім алуға, өмірде өз орнын табуға мүмкіндіктер ашылады. Ол адамның болашақ тағдырына өзінің зор ықпалын тигізбей қоймайды. Ол сол өзін қалыптастырған «үңгірден» дүниеге қарайды, ал оның өзі «табиғаттың сәулесін әлсіретіп бұрмалайды», – дейді ұлы ойшыл.Ал бұл елестен құтылу жолы – дүниеден алған жеке тәжірибені жалпыхалықтық тәжірибемен ұштастыру болмақ.
Үшінші – алаң, ия болмаса базар елестері. Олар қарапайым адамдар жиналған жерлерде пайда болады. Оның қайнар көзі зат пен соны көрсететін, бейнелейтін сөзді толығынан теңеу. Ал шынына келсек, сөз – затқа қойылған ат қана. Сөз көбіне заттың не екенін емес, оның адамдарға деген маңызын ғана көрсетеді, дейді ұлы ойшыл. Егер сөзді затқа теңесек, онда көбіне біз «жалған даналық» жолына түсіп кетеміз. Бұл елеске берген сыннан біз схоластикалық философияға қарсы бағытталтан Ф.Бэконның көзқарасын болжаймыз.
Төртінші, соңғы елес – ол театрлар идолы. Олардың дүниеге келу себебі тарихтағы өмір сүрген даналарға, ұлы тұлғаларға толығынан сену, солардың уақытында жасаған ғылыми тұжырымдамаларын «соңғы өзгермейтін мәңгі ақиқат» ретінде түсіну. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша Аристотель былай деп айтқан, ал сіз Аристотельден де ақылдысыз ба? – деген дау-дамайдан сол адамның «театр елесінің» шеңберінде екенің байқаймыз. «Ақиқат беделдің емес, тек өз заманындағы уақыттың қызы», – деп қорытады Ф.Бэкон. Жаңада ғана келмеске кеткен Кеңес заманының негізгі елесі осы «театр елесі» болды емес пе? Тек беделділердің аттары ғана өзгерген жоқ па? Олар К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин т.с.с. болды. Бүгінгі тандағы қоғамды демократизациялау, көп пікірлік принципке көшу бұл елестің өмірден кетуіне себеп болуда.
Ф.Бэконның бұл әдістемеге енгізген негізгі жаңалығы – тек қана белгілі бір ұғымды дәлелдейтін деректерді ғана емес, сонымен қатар оған қайшы келетіндерді де зерттеу, олардың себебін табу. Сонымен Ф.Бэкон – жаңа дәуірдегі қалыптасып жатқан тәжірибелік ғылымның дамуына зор әсерін тигізген ұлы тұлға.