Әлдебір іс-шарадан келе жатырмын. Қолымда жұмыстың фотоаппараты. Оң жағыма қараймын да, бір жарқ еткізем, сол жағыма қараймын да, тағы да жарқ еткізіп түсіріп алам. Жалпы қолыма фотоаппарат түссе болды, Алматының көрікті көшелерін суретке тартудан жалықпаймын. Әдетім. Оның үстінде мынадай кәсіби фотоаппарат тұрғанда...
Әлдебір ғимараттың жанынан өтіп бара жатып, тағы да жарқ еткіздім. "О, әдемі шыққан сияқты сурет!" "Мына жағынан тағы да түсіріп алайыншы..." деп ойлай бергенім сол еді, иығында жұлдызы бар дәу қызылжағалы шықты да, мені әй-шәй жоқ, сүйрей жөнелді. "Ей, ей, қайда әкетіп барасыз?"
Кірсем, кілең әскерилер. Әлгі мені нұсқады да:
-Мынаның шаруасын шешіңдер! Объекті видеоға жазып жатыр,-деді.
"Қайдағы видео?! о_О"
-Құп болады, полковник мырза!
Екі әскери екі жағымнан ұстап, тағы дедектете жөнелді. Қайда барамыз, беймәлім.
Тағы бір кабинетке әкелді де, сыртымнан тарс жапты. Кабинетте түсі сұсты бір апай отыр екен, көзілдірігін шешіп жіберіп, үсті-басыма барлай қарады.
-Мен... Мен әдейі емес, бұл ғимараттың қандай ғимарат екенін білмеймін, алыстан көзілдіріксіз көзім көрмейтін еді. Ғимарат сыртындағы жазуды оқыған да емеспін, жәй суретке түсірдім. Шынымда айтсам, қандай ғимарат екенін әлі де білмеймін. Және... ешқандай да видео емес. Мені жіберген осындай іс-шараға, соны түсіріп келе жатырмын. Мен...
-Құжатыңыз бар ма? Әйел мені тоқтатып тастады.
Қызыл "прессамды" алдына тостым.
Әйел құжатты мұқият оқып шықты да:
-Қайдан келе жатырсыз?-деді.
Осындай-осындай іс-шарадан келе жатқанымды тағы да қайталап айттым.
Әйел фотоаппаратымды алды да, телефонмен біреуге хабарласты. Көп ұзамай ішке тағы бір әскери кірді.
-Мә, тексеріп шық мынаны. Әйел оған фотоаппаратты ұсынды.
Әлгі фотоаппаратты алды да, зу етіп шығып кетті.
"Осы жерде отырып қараса болмай ма екен, ей?"
Екі шұқып, бір қарап, бәрін ақтарды-ау деймін, біразға кешікті. Кездейсоқтық болған соң, өз-өзіме келіп, байбалам салмай, тыныш қана отыра бердім. Әйтеуір, ақпын ғой, ешқандай кінәм жоқ...
-Мына жер қандай ғимарат сонда?
Әйел көзілдірігін шешті де:
-Бұл суретке түсіруге болмайтын жер. Аты - ...
Мәссаған! Қайда отырғанымды енді білдім. О, тоба! Жүрегім ытқи соқты.
Бірнеше минуттан соң, банағы әскери кірді де, фотоаппаратта күдікті ештеңе жоқтығын айтты.
Әйел қолыма фотоаппаратты ұстатып жатып:
-Ендігіде сақ болғайсыз, фотокорреспондент ханым!-деді.
"Ендеше өздерің көзге көрінетін жерде тұрмаңдар!" Әлбетте бұл сөздерді ішімнен айттым. Әйтеуір, ың-жыңсыз құтылғаныма шүкір...