Асылхан Абдрайым – өмірінің 23 жылын фотожурналистикаға арнаған танымал тұлға. Талай жастың фотоға деген қызығушылығын ашып, елдегі елеулі оқиғаларды қалт жібермеген фототілші. Осы салаға өзіндік жаңалықтар енгізіп, жаңа бастамалар бастап жүрген Асылхан Абдайымның фото жанашырларына айтар жағымды жаңалығы бар.
–Асылхан аға, фотожурналистика саласына қалай келдіңіз? Алғашқы қадамдарыңыз неден басталды?
–Алғаш фотоға қызыққан кезім – мектеп қабырғасы. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алған кезде «Атамекен» деген экологиялық газетке алғаш рет фототілші болып орналастым. Ал, алғашқы суреттерім, этюдтарым «Өркен», «Гаризонт» сынды газеттерде басылды.
–Естуімізше, жеке мұрағатыңызда 30 мың шақты суреттеріңіз бар екен. Олардың басым көпшілігі қандай тақырыпқа арналған?
–Мен журналда, газетте жұмыс жасағандықтан, ол жерлерде әр түрлі тақырыптар болады. Дегенмен, соның арасында тіршілік тақырыбы басым. Өйткені, іс-сапарға шыққан кездерде тіршілікті көп түсіретінмін. Яғни, әлеуметтік тақырыптағы суреттер көп. Екінші кезекте, жеке тұлғаларға арналған сурет көптеп орын алады.
–Қазақ фотожурналистикасының бастауы жайлы тарқата айтсаңыз?
–Қазақ фотожурналистикасын алғаш бастаған адам деп Шәңгерей Бөкеевті айтамыз. 1901 жылы Бөкей ордасында Николай патша оған алғаш фотоапарат сыйлаған. Шәйгерей Бөкеевтің сондағы алғашқы түсірген суреттері бар, олар Оралда сақтаулы. Кейін бұл өнермен Әліби Жангелдин айналысқан. Ал негізгі фотожурналистика, фототілшілік қызметі соғыстың алдында ашылған, бірақ қазақ фотожурналистикасының басталған кезеңі деп соғыстан кейінгі уақытты айтамыз. Соның ішінде Рысқали Дүйсенғалиев атамыз соғыстан кейін келіп, журналистика факультетін бітіріп, фотожурналист қызметін бастаған.
–Ал, қазіргі қазақ фотожурналистикасына қандай баға бересіз?
–Еліміз Тәуелсіздік алған кездері біраз қиыншылықтар болды. 1991-93 жылдар халыққа ауыр тиді. Сонда фотография саласын үйренетін мүмкіндіктер болмады, тіпті фототілшілер бас қосатын орын жоқ болды. Ал бүгінгі таңда арнайы үлкен одақтар болмағанымен, жеке шығармашылық топтар құрылған. Сондықтан мүмкіншілік көп. Бүгінгі фотожурналистиканың бет алысы жаман емес.
–Осы күнде мультимедиялық журналист деген шықты. Яғни, ол өзі жазады, өзі суретке түсіреді, бәрін бір өзі қамтиды. Сіз осыған қалай қарайсыз? Сіздіңше, бұл жеке фотожурналистерге кедергі келтірмейді ме?
–Негізі алғашқы Францияда фотография пайда болған кезде, суретшілер де қорыққан болатын. Бірақ, ол өзінің орнын сақтап қалды. Бүгінгі технология да өз кезегімен барынша дамып жатыр. Барлық жұмысқа журналист кейде үлгере алмай жатады. Фототілшілер олардың орнына барып, оқиғаны түсіріп келіп жатады. Сондықтан бұл сала жоғалады деп айта алмаймын.
–Қалай ойлайсыз, қазақ фотоөнерінің әлемдік деңгейге шығуына не кедергі болып жүр?
– Біздегі кедергі деп халықаралық жарыстарға қатысатын фототілшілердің жеке ұйымдар атынан тіркелуін айтуға болады. Өзге елдерде жеке ұйымдар қатысушының бүкіл қаражатын көтереді. Бізде ондай мүмкіндіктер жоқ десек те болады. Тағы бір бізді қынжылтып отырған мәселе, ол Олимпиада сынды жарыстарға өзге ұлт өкілдерінің фототілшілері Қазақстан атынан барады. Тіпті, ұлттық дәстүрді танытатын «Түркісойл» деген байқауда да қазақ мәдениетінің атынан өзге ұлт фототілшілері барған. Қарап отырсаңыз, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін өзге ұлт өкілдері өз деңгейінде таныстыра алмайды емес пе? Ал егер, министрлік тарапынан осындай байқауларға талатты фототілшілерді жіберсе, қаржылық демеуші болса, кедергілер шешілер ме еді деген тілек бар.
–Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері марқұм Бекзат Саттархановтың жеңісті тұғырын ең алғаш түсіріген де өзіңіз болатынсыз. Бұл да бір тарихи сәт. Сол жайлы кеңінен әңгімелесеңіз.
–Бекзат – ол еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш алтынды алған қазақ азаматы. Ол бірден жарқ етіп жарқырап шықты. Бұл бір тарихи сәт. Бекзат алтын алып елге оралған кезде, мен барлық баспасөз өкілдері әуежайға барды, соның ішінде мен де болдым. Кейін екеуіміз жеке әңгімелестік. Әңгіме барасында ол елге деген сүйіспеншілікті көп айтты. Кейін де жарыстарға барып тағы да алтындар алып келемін деп уәде еткен болатын. Бекзаттың үйіне арнайы барып отбасымен бірге, жүлделерімен бірге суретке түсірдім. Мұрағатымды ақтарып отырған кездерімде сол суреттерді қарасам, ол бір Бекзатпен қоштасу сәті сынды болады. Менің жеке мұрағатымдағы алтын қор деп осы суреттерді айтар едім.
-Фотоны түсіру шеберлігін бір әңгіме барысында түгел айту мүмкін емес. Дегенмен, кейбір әдіс-тәсілдермен бөлісе кетсеңіз?
– Қысқаша айтар болсам, фотоны түсірер кезде мына ережелерді сақтаған дұрыс. Ол батырманы басар кезде жартылай басу қажет. Сол кезде ол «фокусты» ұстап алады да, өзі өлшейді. Екінші басылымда анықтап тұрып фотоға түсіреді. Екінші кезекте – фотоға түсірер алдында фотоапаратты күнге қаратпау. Үшінші, композицияға мән беру. Яғни, бос кеңістік көп болмай, адамның аяқ-қолы кесілмей, түгел берілуін ескеру.
-Фотожурналистикадағы соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз.
– Жақын арада 240 беттік фотоальбом шығады. Соның жауабын күтіп отырған жайымыз бар. Бұл фотоальбомда қазақ фотожурналитикасын қалыптастыруға ат салысқан фотожурналистердің еңбектері мен өздері жайлы мәліметтер жарияланатын болады. Онда 12 азаматтың еңбегі толық қамтылған. Тағы бір жаңалық жақында фотожурналистикаға байланысты сайт ашылады.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлжан СЕРІК