ФОНОГРАММА

ФОНОГРАММА
жеке
блог

Фонограмма

Күні кеше радиоға жиналысқа топпен барғанымызда, жиналыс басталмай тұрып үстел үстінде жатқан көрікті де қалың журнал көзіме бірден түсті. Қызық пен жаңалыққа құмар болған мен, әлгі журналды бірден алдым. Алдымен, журналдың мұқабасының сәніне, сапасына қызыққаным соншалық, сыртан сипалап, иіскеп те көрген жайым бар. Иа, иа! Мен солай жасаймын. Ішін ашып, журнал қазақша жазылғанын көріп қуанып кеттім. Ақтарып отырып ішінен бір мақала тауып алдым. Мақаланың авторы Өркен Күдербаев деген бауырымыз екен. Танымасам да, туындысына риза болғаным соншалық, бүгін міне сіздермен бірге сол мақаламен бөліскім келіп, ішінен теріп, жазып, жарияладым.

Осы күні әншілер байқауы көбейіп кетті. «Super Star KZ», «X-Factor», «Саз әлемі»... «Ұялмаған әнші болады» демекші, әйтеуір өңештерін созып өлеңдетіп жатқан бір адам. Көріп отырасың да, осындай тұрлаусыз, тоқтамсыз попсатизацияға еріп беріп қойған «фонограмма» деген техниканың жетістігі ғой деген ойға келесің.

Иә, түп тарихын қаузасақ, фоноавтографты ойлап тапқан Мартинвилль мен фонографтың атасы Эдисон шалдың тынышын алады екенбіз ғой.

Біреулер мәнерлетіп емес «фанерлетіп» ән айтуды «Boney M» тобының продюсері Франк Фарриан шығарды деп жүр. Өйткені еркек дауысты вокалға өтірік даусын жыбырлатып тұратын кәсіби бишіні топқа бірінші боп қосқан сол екен. Күйенің бәрін Фаррианның басына жағудың астарында үлкен себеп бар-1990 әлемдік дыбыс жазу индустриясындағы атышулы дауға лау қойған да осының «қылмысы». Ол құрған «Milli Vanili» тобының бүкіл әндерін шын мәнінде кәсіби джазмендер Бред Хоувелл мен Джон Девис орындаған...

Бірақ олардың творчестволық ғұмырлары ұзаққа бармады.

Не үшін?...даусы болмаса да, даңқұмарлықпен ән айтып, жұлдыз болғысы келетіндер осыдан сабақ алуы үшін. Бірақ қайдам, тіпті бұл түгіл, вокалдан сабақ алмастан, «Қой қайыратын дауыстарын» (Қ.Құрманәлі) неше түрлі сэмплдармен сәндеп шығарғанды көргенде, әттең «әтеш әншілерге» қор болған өнер-ай деп өкінесің. Ал, бәріне кінәлі фонограмма...

Одан құтылу мүмкін емес, - дейді бір таныс дыбыс режиссері. –Мысалы, тірі дауыспен ән айту үшін жақсы аппаратура, бірнеше микрофон, монитор қажет. Осыншама жүкті арқалап гастрольге алып шығуға Қазақстанда «МузАрт» сияқты табысы мол бірлі-жарым топтардың шамасы жетуі мүмкін. Ал, көпшілі жергілікті аппаратураны жалға алады. «Біреудің затына біреу өлең айтып қарайды» демекші, жалдамалының жағдайын өзіңіз білесіз. Не микрофон дұрыс жасамай, не дауыс жаңғырып,дұрыс шықпайды. Сосын әншілер амал жоқ, қымсынып келіп қалталарындағы мини-дискілерін ұсынады. Жоқ, қазір қымсынбайтын да болды. Өйткені тимді, арзан... Әрі ешкім байқамайды...

Айтпа демейміз. Айына үш-төрт гастрольге шығатын, күнде кешке той-томалақта сайрайтын әнші бейшараның да көмейі демалу керек шығар. Дегенмен олардың арзанқол попсасына ақы алатын заң шығарған Парламент неге фонограммамен концерт беруді шектейтін, реттейтін тетік таппайды? Өркениетті елдер істеп отыр ғой мұны. Мысалы Молдавия, Қытай, Батыс елдерінің көпшілігі...

Қытайда фонограммамен ән айтқандарға, қатаң жаза қолдануға бастамашы болған, Қытай халық кеңесінің мүшесі, Қытай музыкалық қауымдастығының төрағасы Цзинь Телинь «Цзячень»  (фонограмма) өскелең ұрпақтың талғамын бұзады деген уәж келтірді. Келіспей көр. Қазіргі қаптаған «әнші балапандарды» балалатып отырған осындай продюсерлер мен дыбыс жазу индустриясы екені айтпаса да белгілі...

Тек үйде отырып-ақ, магнитофоннан тыңдайтын әнге жалақымыздан жырып ақша төлеп, әртістің «сайқымазағына» мәз болып қайтатын біз ғана!

 

 

                                                        «Астана» журналы. №2 Наурыз-сәуір 2012