Финиш 90/90
блог
Осыдан тура 3 ай бұрын, дәлірек айтқанда, 91 күн бұрын, "өз өзіңді, өміріңді өзгертуге болады ма?" деген сұраққа жауап іздеп, өзгерістерге бел буған едім. Осы үш айға көз жүгіртсем, шынымен де біршама өзгерістер болыпты.
Адам табиғаты өте қызық қой. Қатты қиналған сәтінде адам өміріне қайта көз жүгіртіп, ананы істеймін, мынаны істеймін деп өз-өзіне уәде бере бастайды. Мысалы, сырқат адамдар. "Осы аурудан құтылайын, таза ауада көп жүремін" немесе "Жазылып алайын, шет тілін үйренемін" сынды уәделерді беріп, сырқатынан айрылған күннің ертесінде өз уәдесін ұмытады.
Ал менің берген уәделерім ше? Бұл сұраққа бүкпесіз, менен басқа ешкім жауап бере алмасы анық.
Сондықтан, бірінші өзіме, екінші Сіздерге есеп бергенім дұрыс болар.
Менің жоспарым келесідей еді:
1. Психологтар ұсынғандай, тағдырыма не үшін рахмет айтатынымды күнделікті жазу.
Шыны керек, бұл өте қиын тапсырма болды. Күнделікті не жаза бересің? Тамақ іштім, рақмет. Ауамен демаламын, рақмет! (Әйтсе де, Алматының ауасына рақметті айтудың да қажеті жоқ секілді) Басында ата-анам үшін, туғандарым үшін рақмет айтып жүрдім. Күн сайын бір нәрсені жаза бермейсің ғой. Алғашқы кездері өз-өзіме ызаланып та жүрдім. "Сұрап алған аурудың емі жоқ" демекші, уәдемде тұруға мәжбүр болдым. Қазір етім үйреніп кетті. Бір тамашасы- тәубеңе келтіреді екен. Әдетте Бәленшеева мындай жетістікке жетіпті, ал Бәленшеев шетел аралап жүр екен деген қызыға да қызғана қарайтын жаман ойлар келсе, ал РАҚМЕТ айту арқылы өз маңыздылығың бен жеткен жетістіктеріңді ұмытпай, көңілің орнында болады екен.
2. Осы 3 айда 5 кітап оқу.Әзірге қандай екенін білмеймін. Бірақ өзім оқымайтын жанрда кем дегенде 1 кітап болуы тиіс. Мысалы, фантастика.
Бұл енді кітап оқығанды ұнататынымдықтан, қиын болмады. Оқыған кітаптарымның әрқайсысына рецензия жазбай-ақ, тізімін беруді жөн көріп отырмын.
-- Д.Дубравин "Психология эмоций: чувства под контролем"
-- Э. Сафарли "Я хочу домой". Бұл туындыны атап өтпесем болмайды. Себебі, осыдан бірнеше апта бұрын Сафарли Алматыға келіп, кездесу ұйымдастырған болатын. Өз қолынан алған кітабын оқып шықтым. Бірақ, Э. Сафарли менің жазушым емес екені анық. Ойым өзгерер деп едім, өкінішке орай, олай болмады.
-- Р. Грин "48 законов власти и обольщения"
--Орны бір төбе- Сәбит атамыздың "Өмір мектебі". Бұрынырақ оқығанмын, қателеспесем, 7-8 сыныптарда. Қайталау- оқу анасы. Сол себепті, есіме қайта түсіріп, басқа көзбен оқып шықтым.
-- Фантастика оқимын ба деп едім, қолыма түспеді. Сондықтан, оқығаным "Педагогика высшей школы". Жалпы педагогиканы тек мұғалімдерге ғана оқу қажет деген пікірмен келіспеймін. Педагогика кез-келген ата-ана, болашақ ата-аналар үшін тәрбие берудегі таптырмас ғылымдардың бірі екеніне сенемін.
3. Әрбір күні жаңа зат үйренуге тырысу. Алыстағы бір шетелдің астанасын немесе қызықты бір факт, әлде сөздікті алып, өзім білмейтін 1 жаңа сөз үйрену. Үйренген жаңа сөздерім мен білген жаңа ақпаратым өте көп. Мысалы, Coursera сайтында 5 пән қазақ тілінде жүргізілетінін білесіз бе? т.ғ.ғ.
4. Назаланып, өмірге ренжу, негативті ойларға ырық беруге, өсек соғуға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ! Егер де ойыма негативті ойлар келсе, жақсы аффирмациялар қолдануым қажет.
Осы аффирмациялар нәтижесінде, аз алаңдап, тек жақсы жақтарын ойлауға тырысамын әрбір істің. Атам қазақ "Жақсы сөз- жарым ырыс" деп бекер айтпаса керек.
5. Қаражатымды қалай, қайда жарататынымды егжей-тегжейлі жоспарлап, есептеу. Жинақ сандықша сатып алып, әрбір ұсақ ақшаны сонда салу.
Майда-шүйда заттарға көп ақша жұмсайды екенмін. Болмашы заттарды сатып алып, олар ертесіне шаң басып жатады. Қазір тек керекті дегенді ғана алып, театр мен қызықты шараларға қатысуға қаражат жұмсаймын.
6. Қосымша қаражат табу жолдарын күніне кем дегенде 1 сағат уақыт бөліп, іздестіру.
Кішкене ісімді бастадым. Тек жалғыз өзім емес әрине. Сіңліммен. Бірақ айына 40-50 мың табыс әкеліп тұрады. Тәубе! Келесіде қосымша қаражат табу көздері туралы жеке пост жазу ойымда бар. Әсіресе, мына дағдарыс уақытында.
7. Уақытымды үнемдеу үшін:
- Теледидарды 1 сағаттан артық көрмеу.
- Әлеуметтік желілерге (Фейсбук, Вконтакте, Инстаграм) 1 сағат қана уақыт бөлу. Әрқайсысына 1 сағат емес, әрине.
- Телефонмен жарты сағат қана сөйлесуге рұқсат.
Шынын айту керек, бұл тапсырманы толығымен орындамадым. Вконтакте, Фейсбук, Инстаграмға кірмесем де, сағат сайын келетін Уатсапп-тан келетін шұғыл хаттарға жауап бермеске болмады.
8. Кешкі мезгілден бастап, ертеңгі күннің жоспарын жасап қою.
Кеше қорытынды пост жазуды мақсат етіп едім, міне айтқанымды орындап отырмын.
9. Күніне медитацияға 20 минут уақыт жұмсау. Медитацияға көп дегенде 5 минут ғана уақыт бөлдім. Егер арқаға жатып, көзді жұмған қалыпты есептесек, онда күнделікті жұмыстан соң медитацияның "көкесін" жасадым деуге болады. хД
10. Істеу қажет істердің тізімін жасап, орындағаннан соң қызыл пастамен сызып тастап отыру.
Қазір ойласам, бұл пункттің қажеті де жоқ секілді. Не үшін жазғанымды өзім де білмеймін.
11. Ең соңғы, әрі басты пункт- КҮНДЕЛІК жүргізу. Күнделігімнің рөлін осы блог атқармақ.
Алдыңғы бір постта көзімнің нашарлауын айтып, сылтауратқан едім. Шынында да, компьютерге немесе теледидарға телміргеннің зардабы тиді. Көп уақыт сайтқа да кіруге зауқым соқпады. Қырсыққандай, 1-2 жазған постымды сайт "Мынаны да жазуға тұрарлық деп отырсың ба? Кім оқиды бұны?" дегендей, лақтырып тастап жүрді. Бірақ мақсатым- жақсы жаққа қарай ӨЗГЕРУ болатын. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын.
Дядь Коля мен 30 мың теңге естеріңізде ме? Сол кісі бір ай бұрын көз жұмды. Бірнеше жыл бұрын арақ ішіп, далада қалып қойғанын естігенбіз. Содан суық тиіп, зардабын тартып жүрген. Биыл больницада ауруы меңдеп кетіпті.
Ұмытып барады екенмін, менің 1 ай көлемінде ағылшын тілін тегін үйретемін деген де уәдем бар еді. Сол 1 ай уақытты тағы да созып, оқушым екеуміз жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Анда-санда ұрысып алатыным бар, бірақ айтқаныма ренжімей, құлақ асып, тапсырмамды орындайды.
Бүгін профилімді ашсам, хаттар келіпті. Маған жоғалып кеттіңіз ғой, неге жазбай кеттіңіз деп жазыпты. Іздеушілерім барына өте қуанып қалдым. Рақмет! Жоғалған жоқпын, тек ара-тұра жазып тұратын боламын.
Зырылдап өте шыққан 90 күн... Жаңа белестер мен мақсат-мұраттар... Өз-өзіңе деген сенімділік...
Өміріңізді өзгерткіңіз келеді ме? Ертең емес, дүйсенбі немесе Жаңа жылда емес. Тұп-тура ҚАЗІР бастаңыз. БҮГІНГІ күн- ертеңгі тарих. Қолыңыздан келеді! Ал мен?... Енді жаңа белестер мен шекараларды бағындыруға жол тарттым.