Фанатизм қайсысы: жанкүйерлік, жанкештілік, жанқиярлық

Мұндай диалогтар күн сайын әлемде мыңдаған адамдар арасында болатын шығар. Оған күмәнмен қарамаймыз. Бұл тақырыпты қаузауымыздың басты себебі – жанкүйерлікті жанкештілік немесе жанқиярлық деп түсінгеніміз. Жалпы, фанатизм деп жүргеніміз не өзі? Википедияда “Фанатизм (лат. fanaticus – құрбандық) – индивидтің белгілі бір сенімдерге жіпсіз байлануы, басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай күйге түсуі. Бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді. Фанатизм сол жолда құрбан болуға дейін астасады” – делінген. Демек, қазақша баламасы жанкүйер сөзіне сәйкес келеді.

Қазіргі күні өнердегі, футболдағы жұлдыздардың жанкүйерлері күн сайын артуда. Расын айтар болсақ, бұл – әлемде асқынып тұрған дерт. Мұның біздің елімізге де ентелеп, есіктен еніп келе жатқаны көңілді құлазытады. Жастардың белгілі бір адамға немесе топқа құлдық ұрып, табынуға дейін баруы, әсте қуанарлық жайт емес. Әсіресе, Еуропа халықтарының басым бөлігі өз өмірлерін футболсыз елестете алмайтындай. Тіпті, үйлерінің ішін командасының жейдесімен сәйкестендіріп сырлап, безендіріп жатады. Ер-азаматтар болашақ жарының сүйікті клубымен алдын ала танысып, оның өзі үшін маңызды рөл атқаратынын ескертуден де тайынбайды. Бір жағынан қарасаң, асырасілтеушілік көрінісі байқалмайтындай. Әйткенмен “жанкүйер” атын жамылып, тұлғаның жеке өміріне қызығу, есін жоғалту секілді жайттар көптеп кездеседі.

Әрине, бес саусақтың бірдей емес екендігін ескерсек, әркім кімді тыңдайтынын, нені көріп, нені оқитынын өзі біледі. Бірақ, осы “өзім білем” деп ешкімнің сөзіне құлақ аспау, бірбеткейлікке салыну түптің түбінде жақсылыққа апармайтыны анық. Әйтеуір шамадан тыс жанкүйерліктің кесірінен жантүршігерлік жайтқа ұрынып қалмасақ жарар еді...

Рыскелді ЖАХМАН



Бөлісу: