Фамилиядан бас тартамыз ба?

Бiз аты-жөнiмiзге “тегi”, “әулетi”, “ев”, “ов” деген сияқты жалғауларды тiркеп жазуды заң жүзiнде тоқтатып, есiмiмiзге «ұлы», «қызы» деп әкемiздiң атын қосып жазуға жаппай көшуiмiз керек. Осылай бiз көптеген түсiнбестiктер мен ала-құлалықтардан өзiмiздi құтқарып аламыз және адамның ата-тегiнiң өзi ұлттық ерекшелiкке, тiптi брендке айналады. Мысалы, фамилия «швили» «идзе» деп аяқталса, ол – грузин, «ян» деп аяқталса – армян, Тен, Ким, Пак болса – кәрiс екенi бiрден бiлiнiп тұрады. Ал бiз “ұлы”, “қызы” деп жазылсақ, күллi әлем қазақ екенiмiздi бiрден бiлетiн болады.
«Ев» пен «ов»-тан құтылғанымыз жақсы, алайда мұнда да проблема бар. Себебi қазақта Бақыт, Нұрай, Ардақ деген сияқты көптеген ұлға да, қызға да тән есiмдер бар. Мұндай есiмдердi жыныстық жағынан ажырату мүмкiн емес. Осылардың фамилиясын «ев» пен «ов»-сыз жазатын болсақ, оның не еркек, не әйел екенi белгiсiз болып қалады. Мынандай жағдайлар болған. Шетелге iссапармен он шақты қазақ отбасы қыдыруға бардық. Қонақ үйге орын брондау үшiн алдын ала тiзiм жiберiлген. Ол жаққа барсақ, бiреудiң әйелiн басқа бiр еркектiң жанына басқа корпустағы бiр бөлмеге, бiреудiң күйеуiн басқа бiреудiң бойжеткен қызының жанына нөмiрлерге бөлiп тастаған. Неге бұлай болғанын сұрасақ, “мына қазақтардың еркегi кiм, әйелi қайсысы екенiн бiлмедiк, барлығын еркек деп ойладық” дейдi.
Сонымен қатар ауызекi айтқанда Сейфуллин Жолбарыс болып бiрiншi есiмi, сонан кейiн фамилисы айтылады ғой, ал құжат тiлiнде Ф.И.О. деп бiрiншi фамилия жазылуы қажет. Сол кезде Жолбарыс Сейфуллин болып кетесiз де, аты-жөнiмiздi шатастырып айту басталады.
Ал, “ев”, “ов”-пен жүре беру қазақтығымызға жат, одан құтылуымыз дұрыс, бiрақ фамилия қазақтар үшiн екiншi кезекке қалуы қажет, тiптi фамилиядан бас тартсақ та болатын шығар. Кеңес уақытында-ақ Бауыржан МомышҰЛЫ атамыздан ешкiм неге фамилияң жоқ деп сұрамаған шығар.
“Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық” дегендей, баяғы заманда әйгiлi болған бiр атаның есiмiн бiр отбасы бiрнеше ұрпаққа фамилия қылып жаза бередi, оның арасында қаншама әкелер ұмытылып, аты аталмай қалады. Фамилиядан бас тарту арқылы (немесе екiншi кезекке қалдыру) бiз туып-өсiрген әкелерiмiздi ардақтауымыз қажет. Баланы әкесiнiң атына жаздыру ұрпақ жалғастығының табиғи сатысын анықтап, жетi атаны шатаспай тануға жағдай туғызады.
Ал саяси тұрғыдан алғанда бұл мәселе “елiмiздегi жаңа паспортта ұлтты жазбайтын болыпты!” деген қоғамдық айқай-шудан да құтқарады. Сiздi қанша жерден қазақстандық деп атаса да, тегiңiзде қазақ болып қаласыз. “Ев” пен “ов”-тан құтылып “ұлы” – “қызы” деп жазылсақ, бiздi қазақпын деп алдап жүрген қазақ еместер және басқа да түркi тiлдес ұлттар бiзден бiрден бөлектенедi.
Егер бұл ұсыныс мемлекеттiк деңгейде ресми заңдастырылса, Қазақтың мектептегi балалары кәмелеттiк жасқа толып паспорт алғанда, әдiлет орындары мен сәби дүниеге келгенде АХАЖ бөлiмдерi бұл мәселенi айтқызбай жүзеге асырып отырар едi. Мәселе тағы да билiк басындағылардың ұлтқа қаншалықты жанашырлығына байланысты.

Тақырыптың тұздығы
Бiрде актер Тұңғышбай Жаманқұлов жолаушылап келе жатып, түн ауа бiр ауылға тоқтап, бiр үйдiң есiгiн қағады. Үйдiң iшiнен қожайын: “Бұл кiм?” – дейдi. Сонда Тұңғышбай: “Әбу Абдуллах Мұхаммад ибн Исмаил ибн Ибрагим әль-Джуфи Әль-Бухари Тұңғышбай әль-Тарзимын, бiр түнеп шықсам бола ма?” деп сұрайды. Қожайын: “Сендер көп екенсiңдер, үйiм тар”, – деп кiргiзбептi.

Аманбай АМАНГЕЛДIҰЛЫ,
Алматы.



Бөлісу: