Ей, адамзат, «сағынуды» ұмытып қалған жоқсың ба...?
блог
Сезімнің бәрі өлді... Ештеңе қалған жоқ!
Дүниенің төрт бұрышына әмірі мен өз мақсат-мүддесін жүргізіп жатқан төрт мақұлық бар. Олар: «Вк», «Фб», «Инста» және «Уатсап» деп аталады. Қазақ фольклорындағы «Желаяқ», «Таусоғар» секілді кейіпкерлер бұлар. Бірақ күшпен емес мимен жұмыс жасайды. Ақылды жұтып, сананы сығып тастауға дайын. Мақсаты да осы. Себебі адам баласы сезінуден және ойланудан ада болу керек. Бір-ақ мысал, «Алаш» ордашыларының сүт бетіне қаймақ болып шығуы совет үкіметіне ұнаған жоқ. Бәрін атты, көзін құртты. Себебі ақылды адам артынан елді ертіп ерлікке бастай алады. Ал бұл қай заманда болмасын билікке ұнаған жоқ. Сол секілді бұл төрт мақұлықтың миссиясы іштен жеп, мимен алысу.
Біз сезінуден қалдық. Ата-анамыздың дауысын естуден, олармен бетпе-бет отырып сөйлесуден де қалдық. Себебі қазір дамыған технология осы процеске жеткізді. Бұл аяқ астынан немесе қалыпты бір мода ретіндегі болып жатқан дүние деп қарамаңыз. Бәрі сценарий бойынша кетіп жатыр...
Соңғы рет сүйіктіңізге қолыңызбен хат жазып, бетпе-бет кездесіп бергеніңіз есіңізде ме?! Әрине жоқ. Себебі хат жазу заманынан қалып қойған адамның ісі. Солай қабылдатты, солай қабылдадық. Оның орнына чат арқылы сезім білдіреміз. Бірақ шынайылық жоқ.
«Инстаграм» арқылы досыңыздың, сүйіктіңіздің, жақыныңыздың қайда жүргенін білсеңіз жеткілікті. Оған «лайк» басып «бар екенсің ғой» деген ым-ишара білдіру сізді де оны да қанағаттандырады. Бірақ сонша көріспеген доспен кездесу жасау, оның хәлін білу, шүйіркелесіп отырып әңгіме айту жоғалып барады. Сіз сағынасыз ба, кімді, не үшін?
Бара-бара бетпе-бет кездесу адамзат үшін жат көрінуі де мүмкін. Таң қалатын ештеңесі жоқ. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп үйреніп қалған адам, бетпе-бет жүздесуге жасқануы, тіпті кездесуге қымсынуы мүмкін. Ал саусақпен сөйлесу ол үшін ең оңай жол болып қала бермек. Көздің, жүректің, тілдің жұмысын саусақ тартып алған заман. Саусаққа бағынамыз, ол не жазады соны жүректен шықты деп қабылдаймыз.
Романтика... сезім... махаббат... Бұлар болған. Әлі де бар. Бірақ о бастағыдай емес. Қос ғашық бір-бірін көруге асығып, аңсап, ынтығып тұратын, жүздерін бір күн көрмесе тұра алмайтын сәт бұл нағыз – махаббат. Ал сіз бүгін сүйіктіңізді аңсап немесе жүзін бір күн көрмей қалатындай күйде болып көрдіңіз бе? Иә, бар да шығар. Бірақ бәрінде емес. Себебі оны сіз 24 сағат бойы көресіз. Қасындасыз. Ол емес қасыңызда оның суреті, не істеп жүргені, саусақ сөздері қасыңызда. Сағат сайын көріп, жасанды бейнесіне қарай беріп сіз сезімді де жоғалтасыз. Себебі бұл шынайы емес.
Сағыныш – сөзбен суреттеуге келмейтін, іштегі ең ұлы сезім. Оны сезіну үшін бастан кешу керек. Іздеу керек, аңсау керек, зарығу керек, көрмей көзі талып, жүздеспей жүрегі алқынып тұру керек. Ал қауышқан кезде гармондарыңызда ойнайтын жасушалар есі шығып есеңгіреу керек. Мұндай сезімді бастан кешу барған сайын ностальгия күйіне ауысып барады.
Біз сағынудың қандай болатынын ұмытып қалдық... Сағынуға себеп жоқ. Тіпті жақындарымыз туралы ұмытып қалдық. Олардың бар екенін тек виртуалды өмір арқылы біліп отырамыз.
Ең аяныштысы жақыныңыдың о дүниеге кеткенін оның жақындарынан немесе достарыңның ауызынан емес, солардың әлеуметтік желісіндегі парақшасынан көреміз. « Жаның жаннатта болсын, кім ойлаған» деген сынды көңіл парақтары ақтарылып жазылған саусақ жазуларын көріп, жаға ұстайсыз. Таң қаласыз, «шын ба?» деп өтірік таң қаласыз. Себебі сіз сезініп тұрған жоқсыз. Тас бауыр болып бара жатқаныңызды сезінетін кез келді.
Бір қызық айтайын, сіздер экранға үңіліп келе жатып, қасыңыздан өткен бақытыңызды байқамай қалдыңыз. Өкініштісі ол да үңіліп кетіп бара жатыр.
Іздеңіз... сүйіңіз... кездесіңіз... хабарласыңыз... ескертіңіз... жанынан табылыңыз... САҒЫНЫҢЫЗ!
(с) Марғұлан Ақан