Еуропаға саяхаттан естеліктер. Соңы

Еуропаға саяхаттан естеліктер. Соңы
жеке
блог

Ары қарай Мадрид қаласына тартып кеттік. Атақты Барселона клубының «Камп Ноу» және Реал Мадрид клубының «Сантьяго Бернабеу» футбол алаңын, Миланның «Сан-Сиро» алаңын көрудің сәті түсті. Өкінішке орай бірде-бір футбол ойынын көру мерзімі сәйкеспеді.

Жұрт тамсанып, аузының суы құрып айтатын әйгілі тарихи орындарды, архитектураның даму шегі жеткен мекендерді, ұлы оқиғалар өткен алаңдарды, ғажайып құрылысты ғимараттардың бірін қалдырмай тамашаладық деуге болады. Еуропалықтармен тілдескенімізде байқағанымыз, олар қазақ елін бұрынғы КСРО-ның құрамындағы он алты елдің бірі ретінде таниды. Одан кейінгі өмірі мен жағдайы туралы хабардар емес. Қайта біздей жастарды көріп шынында таңырқайды. «Жарайсыңдар!» дейді. «Біз сендердей кезімізде өзге елді аралап саяхаттамақ түгіл, өз мекенімізден аттап басуға жүрегіміз дауаламайтын. Ал сендер ағылшын тілін де керемет меңгеріпсіңдер. Италиян және испан тілінде де аздап құрап сөйлеп жүрсіңдер. КСРО-ның иелігінде болған елдеріңді сендер дамытып, әлемге танытасыңдар» - деп шын лебізін білдірді.

Италияда керемет бір дәстүр бар. Кафеге келуші өзіне бір кофе және бір кофе «ілулі» тапсырыс беріп, екі кофенің құнын төлейді. Ауқатты сатып алушы келсе бірден жеті-сегіз кофеге тапсырыс беріп, оның бесеуін «іліп» кетеді. Осылай күн ұзақ жалғаса береді. Кешқұрым мүсәпір не жағдайы нашар азаматтар келіп, «ілулі» кофенің бар-жоғын сұрайды. Бар болса, бір шыны кофесін ішіп, төлемей тұрып кетеді. Жүректі елжіретіп, көңілдің мұзын ерітетін мұндай әрекет қазақ жерінде қанат жайса екен дейсің.

Барселонадан Римге үлкендігі Титаниктен бір де кем емес лайнер кемемен қайттық. Таңғы уақытта жолаушылар шырт ұйқыда жатқанда оянып, кеменің үстінде отырып, күннің теңіздің астынан шығып келе жатқанын тамашалау нағыз есте қаларлық сәт. Римнен Киевке, Киевтен Алматыға ұшаққа отырдық. Жүрек дүрс-дүрс соғады. Капитанның: «Құрметті жолаушылар, Алматыға қонамыз. Қауіпсіздік белдігін тағыңыздар!» - деген талабы естілді. Ұшақ терезесінен Алматының түнгі оттары жымыңдап көрінеді. Бойды бір шексіз қуаныш кернейді. Айтып жеткізгісіз. Бір-бірімізге қарап түсініксіз жымиып күле береміз. Бәрінің көзінде жалғыз ой – қазір туған жерімізге табан тірейміз. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас. Армысың, Қазақ жері, Қазақ елі!