Еуропаға саяхаттан естеліктер - 1
блог
Еуропаның Италия және Испания қалаларына саяхаттау нәсіп болды. ҚазҰУ-нің бір топ қазақ студенттері бір мақсаттың астында бірігіп, сапарға жиналдық. Алматы әуежайында бас қосқанымызда байқағаным, ұлдардың бүкіл жолға алған заттары жалғыз рюкзакпен шектелсе, ғажайып қыздарымыз үлкен-үлкен жол сөмкелерін дырылдатып, қол сөмкелерін иыққа іліп, бір дәріхананың дәрі-дәрмегін жиып шығыпты. Хош, асығып аптығып мінген ұшағымыз Украйнаға Киевке қонып, ары қарай Италияның Рим қаласы Фуимичино әуежайына келіп тоқтады. Өңкей қылшылдаған жастар жанымызға жол көрсетуші гид те ертпегенбіз, ағылшын тілін керемет және италян тілін сөздікпен білгенімізге үміт артып, жөн сұрап, қаланың орталығына келіп жеттік.
Бес бала, төрт қыз фонтанның жанына үйіріліп, аз-кем тыныстадық та, қыздарға бір ұлды қосып, заттармен қалдырып, төрт бала екі-екіден бөлініп, қонақ үй іздеп кеттік. Бір қызығы, қай қонақ үйге бас сұқпайық, қай жүргіншіден жөн сұрамайық, шамамен барлық италяндықтар және испандықтар ағылшын тіліне судай ағып тұр. Осылай шамамызға қарай қонақ үй тауып орналаса сала, қаланы аралауға аттанып кеттік.
Жалпы саяхат барысында көп өзгешеліктер мен ерекшеліктер көзге анадайдан ұрып тұрады екен. Еуропа жұртшылығы мұсылманның ең көркем сипаттарын өмірлеріне енгізіп, бойларына сіңдіріп, мамыражай тірлікті бастан өткеруде. Қарапайымдылық, сабырлылық, өзгені сыйлау, кезекте тұрғанды күту, жөн сұрағанға ынты-шынтысымен көмектесіп, өзі жұмысқа бара жатса да арнайы бұрылып, сұраған жеріңе дейін шығарып салуы, асықпау, жекімеу, танысын танымасын кезіккенге сәлем беріп, қал-жағдайын сұрасу, ең қызығы құқық қорғаушы полицейлердің еш бетпердесіз сыпайылығы мен көмекке ұмтылуы. Қаланың тазалығы өз алдына бөлек әңгіме. Көше бойында қоқыс жәшігін сирек көресіз, бірақ көше бойы, алаңдар мұнтаздай тап-таза. Адамдар өз қоқыстарын қолдарына ұстап, арнайы орынға жеткенше ешқашан жерге тастамайды, тіпті шырт түкірмейді деуге болады.
Алматы көшелеріндегі даладай-даладай джип секілді машиналарды Италиядан да, Испаниядан да кезіктіре алмадық. Ондай көліктер Римнің, Мадридтің тар көшелеріне сыймас та еді. Жергілікті халықтың басым көпшілігі, әсіресе жастар таңертең үйлерінен шыттай классикалық костюм, италяндық туфли киіп, иыққа рюкзак асынып, басына шлем тағып, мопедке, скутерге, мотоциклге отырып, жұмысына ызғытады. Бірен-саран қарт кісілер ғана шағын-шағын көліктер жүргізеді. Көшенің өне бойы тізілген мотоциклдерден босамайды. Көлікті тұраққа қоюдың өзі қызық. Екі машинаның ортасына сыймайтынын көре тұра, жүргізуші алдыңғысын алға, артқысын артқа итеріп, ортаға қоя салады. Жанында тұрып біз «Тоқта! Тоқта! Соқтың!» деп шулағанымыз оған ерсі көрінді-ау. Машинамды соқты деп дау тудырып жатқан жан жоқ.