«Еуразия» бірінші арнасының қызметкерлері үкіметтік марапаттарға ие болды

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында Астанада үздік журналистер мен медиасала қызметкерлері марапатталды. Салтанатты мерекеде Үкімет атынан тілшілерді республиканың премьер-министрінің орынбасары құттықтады. Өзінің құттықтау сөзінде Бердібек Сапарбаев қазақстандық журналистер күнделікті көтеретін жүктің жауапкершілігін, жалпы олардың еңбектерінің маңыздылығын атап өтті.

 «Сіздер билік пен халықтың арасындағы көпір болып есептелесіздер. Қарапайым халық сіздер арқылы өздерінің шешілмей жатқан мәселелерін билікке жеткізіп, шешеді. Сіздер экономикамыздың дамуына үлкен үлес қосасыздар. Өйткені қазіргі даму заманында ең қымбат, ең керек - ол мәлімет. Сіздер мемлекетке оның ішінде үкіметке тез, жылдам керекті мәліметтерді бересіздер. Сол сіздер берген мәліметтерді талдау мен зерттеудің нәтижесінде біздер өзіміздің жоспарымызға өзгерістер енгізіп, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосқымыз келеді», - деді ел премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

«Ақпарат саласының үздігі» құрмет белгісі «Еуразия» бірінші арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының шеф-редакторы Елена Кливецке берілді. Дәл осындай марапатты Инновация және даму министрі Әсет Исекешевтің қолынан телеарна қызметкерлері – жаңалықтар жүргізушісі Маралбек Сағынғанов пен телеоператор Дәурен Зәріпов алды.



Бөлісу: