Е.Төлеутай: Мен үшін ХХІ ғасырда еш нәрсе жоқ

Ж. Аққайыр: Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде «бесік жырымен» әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде «жоқтау» айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ендеше, студиямыздың бүгінгі қонағы –  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы АҚ «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің редакторы, әнші, өнертанушы, кинодраматург – Ерлан Төлеутай.

Сәлеметсіз бе, Ерлан аға! Уақыт тауып, сырлы сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін үлкен рахмет! Болашаққа бастау болған балашағыңыздан аттап өтуге болмас! Есіңізде қалған, ел естімеген қай қылығыңыз есіңізде?

Е. Төлеутай: Енді, менің бала кезімде қызық-қызық оқиғалар көп болды. Әтеш туралы айтып берейін. Ауладағы бір балапанның аяғын бір нәрсе шауып кетіпті. Сол мүгедек балапан енесінен қалып қоя беретін. Содан оған үйден алып нан беремін. Кейіннен сол балапан менің соңымнан қалмайтын болды. Соған әбден үйренген ол басқаларына мән бермейтін. Тіпті қанатымен ұшып, нанды қағып та алатын. Бала біткен қызықтап, түрлі қимылдар жасатшы деп өтінеді. Содан бір күні нағашы ағам қонаққа келді. Өзі түрмеге отырып шыққан соң ба, қатал болатын. Ол кісімен мүлдем жұғыса алмадым. Әйтсе де, ол менімен сөйлескісі келетін. Бір күні ол:

- Әтешің жардай боп семіріпті, сойып алып, қарық болайық та, барлық ел соған сұқтанып жүр, ұрлап кетеді,  - деді. Мен ұзақ уақыт келіспей жүрдім. Бірақ, үш күн дегенде мені көндіріп, сойып тастады. Мен жей алмадым. Әлі күнге дейін өкінемін рұқсат еткенім үшін. Абақтыда адам психологиясын біліп алған болу керек. Сол оқиғаны әлі есіме алып отырамын.  

Ж. Аққайыр: Аға, «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатыңызда бір кездері жастардың сүйіп көретін бағдарламасы «Superstar.kz» жобасы жөнінде көзқарасыңызды білдірген екенсіз. Ол кезден бері 5 жыл артта қалды. Қазір теледидардан қандай шоу-бағдарламаларды қарайсыз? Жалпы, бағаңыз қандай?

Е. Төлеутай: Қазақ музыкасы бұрын-соңды болмаған асу дәуірін кешуде. Ең өзінің критикалық сәтін басынан өткеріп жатыр. Фонограммамен айтушылар өте үлкен ғаламат күшке айналды. Менің 2008 жылғы пікірім қандай болса, қазір де солай. Еш өзгермеді.

Ж. Аққайыр: Редакторлық қырыңыз барын да білеміз.  «Қазақфильмде» не хабар?

Е. Төлеутай: «Қазақфильмде» соңғы үш жылдың ішінде 21 қысқа метражды анимациялық фильм, 52 сериялы тарихқа қатысты оқулық фильм шығардық. Ол – телеарналардан көрсетіліп жатыр. Биылғы жылға 5 мультфильм жоспарлануда. Орталығымыздың 45 жылдық  тарихында тұңғыш рет «Ер Төстік» анимациялық-фильмі жарық көрді.

Ж. Аққайыр: Бабамыздың мұңы болған домбыра – дәстүрлі әннің ажырамас бөлшегі. Сыйлыққа домбыра алып көрдіңіз бе?

  Е. Төлеутай: Сыйлық ретінде алып көрмедім. Домбыралардың барлығын сатып аламын.  Бірде бір домбырам ауырып, ешкім жөндей алмады. Содан Еркін Шүкіманов өзіңін домбырасын маған берген болатын. Бір домбырамды біреу ұрлап та кетті. Әлі күнге дейін таппадым. Жалпы саны үш домбырам бар. Екеуі – үйде, біреуі – жұмыста тұрады. (Жұмыс бөлмесіндегі домбырасын қолымен нұсқады)

Ж.Аққайыр: Коллекция жинамайсыз ба?                                                        

Е. Төлеутай: Жинағым келеді-ау. Мен жыл сайын көшіп-қонып жүремін. Әлі күнге дейін тұрақты үй-жайым жоқ. Содан маған ыңғайсыз арқаланып жүру. Ұсақ, көп орын алмайтын заттарды жинаймын. Олардың өзі таптырмайды. Мысалы, теңгелер, жебенің ұштары дегендей...

Ж. Аққайыр: 19 ғасырға ауған аңсарыңыз 21ғасырға қарай ойысатын ойы бар ма?

Е. Төлеутай: Меніңше, аңсарым 21 ғасырға аумайды. Өйткені, мен үшін 21 ғасырда түк жоқ. Менің ой-санам мұндай заттармен үйлеспейді. Заман барған сайын қатыгезденіп барады. Сондықтан менің 21 ғасырға  ішім жылып тұрған жоқ. Менің бір алға қойған мақсатым бар. Ол – барлық әндерімді дыбыс жазбасына түсіру. Әрине, мен қазіргі заманның технологиясын пайдаланамын. Және қазақ музыкасы жөнінде біраз мәліметтер жинағанмын. Соларды кітап қылып шығарғым келеді. Әзірге тек осы екі мақсатымды жүзеге асырумен айналысып жүрмін.

Ж. Аққайыр: Ендеше, сұхбатыңызға көп рахмет! Ел тұтқасын ұстап отырған өзіңіздей азаматтар қатары толыға берсін. 



Бөлісу: