Естеліктер есімді әбден шығарды
блог
Есейген сайын естелік те көбейе түседі емес пе?! Оның еске алуға тұрарлығы бар, керісіншесі тағы бар...
Еліміздің бас қаласы деп жүрген «мүсін қала» мен үшін өте тар, әлемдегі ең кішкентай қала секілді. Себебі, ол жерде адаспайсың, ешкімнен қашып, тығыла да алмайсың. Көргің келмейтін адамды күніне он рет көріп, кездесіп қалуың да ғажап емес! Екі күннен бері бір нәрседен қорқып жүрмін. Өзімді неге дәл уақытысында тоқтата алмағаным үшін өмір бойы өкініп өтетін болдым. Әр басқан қадамыңа өкінгеннің өзі қандай өкінішті. Қорқынышыма себеп болған адамды көріп, ішімді ақтарып салғым келеді. Бірақ, көре қалсам не деймін? Білмеймін...
«Ең жақын достар арасынан ең дарынды сатқындар шығады» дейді. Сіз бұған келісесіз бе? Мен басында келіскен едім. Қазір пікірім өзгерді. Бірақ, енді тым кеш! «Қателесе білу керек, кешірімді жандар болғаны үшін» деген маағынада бір ән бар еді ғой. Сол рас секілді. Нельсон Манделаның сөзінше айтсам: «Мен ұмыта алмаймын, бірақ кешіре аламын» Ал сен ше, кешірдің бе?
Маған ешкімге сенбеуді үйреткен досыммен екі жыл алдын қатты ренжісіп қалдық. Қателік екеумізден де кетті. Екі жақ та кешірім сұрауға асықпады. Кешірім сұрағымыз келді. Өміріңде қымбат жаннан айырып қалғың келмейді ғой. Бірақ, батылымыз бармады. Мемлекеттік емтихан тапсырып шығып, үйге қарай бара жатырсам алдымнан ренжісіп қалған досым шықты. Екеуміздің көріспегенімізге 6 ай болған. Сол мезетте-ақ бір-бірімізді құшақтап, арқа-жарқа болып, бірден хал жағдайымызды сұрай кеттік. Көзден жас жаңбырша жауып жатыр. Кейін әңгімелесіп отырып сол кездегі түйіні шешілмейтін мәселе болған даудың қазір түймедей де зияны жоғын ұқтық. Бұл оқиға маған ұмытылмас әсер берді. Өмірде достың барынан хабардар етті. Бірақ, бұл бәрінде, барлық оқиғада кездесе береді деген түсінік менің ойымды теріске шығарып отыр. Ал сізде, сізді көргенде бааарлық ренішін ұмыт қалдыратын дос бар ма?
«Жамандықты жоятын адам, жасайтын да өзі» дейді ғой. Жасаған жамандықтарым үшін, дөрекілігім, көкбеттігім үшін мына әлемге (әр адамның мына әлемге титтей де пайдасы тиюі керек дер ойлайтындарданмын) тигізген зияным үшін кімнен кешірім сұрайын?Ең жақсы қуаныш – өзгеру. Мен өзгеруге бел будым. Уәде бердім!
Кейде күнделігімді ақтарып отырып, отқа жағып жібергім келеді. Бірақ, ол менің өмір бойы жинаған естеліктерім ғой деп тоқтатамын өзімді. «Бұл естеліктер менен басқа кімге керек. Бұлар онсыз да менің жадымда сақталып тұр емес пе?!» деп тағы ойланып қоямын. Шіркін, миыңды тазалап алатын бір құрылғы болса ғой. Мына әлемге жаңадан туылған адамдай болып, ештеңеге алаңдамайтын. Бірақ, естеліктер осымен де құнды емес пе?!